#Жаңа Қазақстан

Әскери қызметтің беделін қайтсек көтереміз?

Өткенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы сұрақты төтесінен қойды. Ұлтқа жасаған үндеуінде. Атап айтқанда, ол: «Көптеген жас азаматтарымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деді.

[smartslider3 slider=1876]

Бұл бұрын да қо­ғамда қозғалып жүрген тақырып еді. Әсіресе әскери қызметтен кейін құрметті ­демалысқа шыққан генералдар мен офицерлер, жалпы елдің болашағына жаны ашитын ­азаматтар қорғаныс саласындағы қордаланып қалған мәселелер жөнінде талай айтты да, жазды да. Соның бірсыпырасы бүгін тағы да әңгіме болмақ. Оның ішінде Кеңес Одағының ­Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтен бастап жеті бірдей Қорғаныс министрінің қол астында әскери қызмет атқарған осы жолдардың авторының да пікірі бар.

Әскер – қоғамның бір бөлігі. Олай болса қоғамға тән кемшіліктер оны да айналып өтпек емес. Соның ең сорақысы – елді жегідей жеген жемқорлық. Осы баппен сотталған ге­нералдар мен офицерлердің бәрін тізіп шығуға газеттің де, адамның да беті шыдамайды. Антын бұзып, абақтыдан ­бір-ақ шыққан жоғары лауазымды тұлғалар армияның абыройы мен беделіне зор нұқсан келтірді және келтіріп те жатыр.

«Періште алтын көрсе жолдан таяды» дейді халық даналығы. Жемқорлық, пара беру мен алудың тамырына балта шабу үшін әскерилер мүлде мемлекеттік сатып алулармен айналыспау керек. Олардың басты міндеті – Отан қорғау.

Әскери қызметшілерден ешқашан жақсы коммерсант, жібі түзу саудагер шықпаған. Бұл мәселемен мемлекет, яғни арнайы орган түбегейлі шұғылданып, сол органға Қарулы күштердің басшылығы әскерді жан-жақты қамтамасыз ету үшін не қажет, соның түгел тізімін беру керек. Бітті! Әркім өз орнында – етікші етік тігумен, жауынгер елді қорғаумен айналысқаны жөн. Сонда көлденең көк атты қазынаның қазанына көзін сатпайды.

Тағы бір тәмсіл: «Шымшық сойса да қасапшы сойсын». Қорғаныс министрі лауазымына азаматтық тұлғаларды бірінен соң бірін тағайындап жатқанда әскери қызметшілер өзара күңкілдеді де, іштей тынды. Артынан не болды? Өздері дін аман, ал олардың орынбасарларынан бастап топ-топ болып талай әскери қызметші түрмеге отырды. Армияда «единоначалие» – дара басшылық деген түсінік бар. Бұл қағида бойынша әскерде бірінші басшы не бұ­йырса сол орындалуы керек, ол талқыланбайды. Алайда бейбіт өмірде, төтенше жағдайда немес соғыс уақытында болсын дара басшылық бар жауапкершілікті түгелімен өз мойнына алуға тиіс. Ал бізде қалай? Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады.

Осыған байланысты ел аузында бізде Премьер-министр орнынан түссе, Қорғаныс ­министрі болады деген де қағытпа сөз пайда болды. Дәл осы жылдары Қорғаныс министрлігінің лауазымды қызметтеріне сырттан, басқа күштік құрылымдардан, тіпті үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қиырдағы салалардан біліктілігі күмән келтіретін адамдар ауысып келе бастады. Бұл бүкіл саналы өмірін әскери қызметке арнаған нағыз кәсіби азаматтардың наразылығын тудырғаны рас. Әскерде қалай шұлғауды орап, етік киюді білмейтін адам аяғын оп-оңай қан жоса етіп алады.

Қан жоса болдық та. Айдың-күннің аманында. Тоқыраудағы жарылыс, Арыстағы аласапыран, Байзақтағы бас сауғалаушылық… Қарап тұрсаң бәрі қолдан жасалған қастандық сияқты. Бейбіт күндегі. Басқа айта алмайсың. Ол аздай, енді 2022 жылдың қанды қаңтары қосылды.

«Караван» газетінің 2021 жылғы 12 қазандағы санында «Қазақстандық армияның жаңа келбеті қандай болады?» деген тақырыпта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық саясат департаментінің бастығы, полковник Руслан Олжабаевтың сұхбаты жарияланды. Онда тілшінің қандай-қандай кезек күттірмес міндеттерді шешуге тура келеді деген сұрағына былай дейді:

«Иә, мұндай міндеттердің қатарында армияның ұтқырлығын, қажетті әскер санын қысқа мерзімде тиісті аймақтарға шоғыр­ландыру мүмкіндігін арттыру да бар. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі әскери-көлік ұшақтарының паркін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде, бұл дағдарыс аймақтарына әскери қызметкерлерді ғана емес, қажетті қару-жарақты да тасымалдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ соңғы оқу-жаттығу барысында Ми-17 тікұшақтарының сыртқы жүктемесіне тиеп жекелеген қару-жарақтарды тасымалдау мәселелері пысықталды».

Үстіміздегі жылдың 11 қаңтарындағы үндеуінде Қазақстан Республикасының Президенті тағы да былай деді: «Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз».

Бұл не деген сөз? Демек, қолда бар әскери-көлік ұшақтарының жеткіліксіз болғаны ма?

Мемлекет басшысы, бұдан бөлек, «Армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру керек» деді. Жыл сайын өткізілетін сансыз жаттығулардың сапасыз болғаны ма? Бұл сұрақтардың бәріне біз көп ұзамай жауап аламыз деп үміттенеміз.

Жоғарыда айтылған жайттар, түптеп келгенде, жылдан-жылға өскелең ұрпақтың көз алдында әскери қызметтің мәртебесі мен беделін түсіргені анық. Жалпы жастар тәрбиесінің тізгіні қолдан шығып кетті. Ақпарат тасқынының астында қалып, оған лайықты тосқауыл да қоя алмадық. Жат мәдениет, теріс діни ағым дейсіз бе, бәрі есіктен емін-еркін еніп жатты. Теріс ағымның жетегінде кеткендердің алдын Сириядан әзер дегенде қайтарып алдық. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» демекші, арам пиғылды ағымдармен күресуге тиіс органның кейбір өкілдері кеше қару-жарақтары мен құпия құжаттарын тастай қашты…

Тағы бір өзекті мәселе. Елі­міздегі жоғары әскери оқу орындарының бүгінгі деңгейі қандай, ол қазіргі заман талабына жауап бере ме, білікті мамандар даярлау үшін не істеу керек? Осы сұрақтарға қатысты «Әскери ғылымдар академиясы» республикалық қоғамдық ұйымының бас ғылыми хатшысы, әскери ғылымдардың кандидаты, запастағы полковник Әлібек Мұқышовтың пікіріне құлақ түрейік:

«Менің ойымша, оқу бағдарламаларын, мамандарды даярлау­дың ерекшеліктерін, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың дамуын және жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу әдістемесінің өзгеруін ескере отырып, қайта қарау қажет. Теориялық мәселелерді практикалық тұрғыдан игеруге баса назар аударған жөн.

ҚР Қорғаныс министрлiгi жоғары оқу орындары мен басқа да күштік құрылымдар жоғары әскери оқу орындарының өкiлдерiмен бірлесе отырып, әскери мамандарды Болон жүйесі бо­йынша оқыту ұтымды ма, жоқ па – сол жағын талқылау керек. ЖОО-ның профессорлық-оқыту­шылық құрамын іріктеу, олардың практикалық дағдыларын, педагогикалық және ғылыми қызметке бейімділіктерін зерделей келе, қатаң және әділ түрде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне қолайлы жағдай жасалса деген тілек бар. Оқытушылар өзінің тікелей міндетімен айналысу керек, оларды педагогикалық және ғылыми қызметтен басқа жұмыстарға жегудің қажеті жоқ.

Қазіргі заманғы әлемдік және аймақтық геосаяси өзгерістер мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, ҚР Қарулы күштерін дамыту тұжырымдамасына өзгерістер енгізу керек және оны ғылыми тұрғыдан негіздеп, талқылау үшін білікті мамандарды, ғалымдарды, мемлекеттік институттардың өкілдерін қатыстырған жөн».

Қолда бар ақпарат бойынша Қарулы күштерінің қызметін, құрылымын және қамтамасыз етілуін жетілдіруге қолғабыс жасау үшін «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі генералдар мен офицерлердің тобын құрып, оның тізімін қорғаныс ведомствосына жолдаған көрінеді. Өздерін әрдайым әскери сапта деп есептейтін ардагерлер қысылтаяң уақытта қандай іске болмасын белсене араласуға әзір екендіктерін айтады.

2021 жылдың 25 қазанында «Қазинформ» агенттігіне берген сұхбатында ҚР ҚМ Бас штабы тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі, полковник Бейсен Жақыпов «Қазір Қорғаныс министрлігі «Азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие беру қағидаларын бекіту туралы» қаулы жобасын әзірлеуде» деп хабарлады. Олай болса осы аталған мәселені қоғам болып талқылаған жөн деп білеміз.

Бүгінге дейін Қарулы күш­терді құру, қалыптастыру және дамыту бағытында ­қадау-қадау шаруалар атқарылды. Қарулы күштердің құрылымы мен құрамы түзілді, ықтимал ­қауіп-қатерлер негізінде еліміздің әскери географиясы қайта қаралды. Оны жоққа шығарудан аулақпыз. Барымыз­ды ешкім тартып ала қоймас, енді жоғымызды түгендейік.

Қазақстан тәуелсіздігінің сенімді кепілі мен тірегі – ҚР Қарулы күштерінің заманауи бейнесі қандай болмақ, міне, әңгіме сол туралы. Бұл тақырыпқа біз оқтын-оқтын қайта оралатын боламыз.

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ, әскери журналист

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button