Әскери тақырыптағы әңгіме
Биыл – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң 20 жылдығы. Осыған орай Астана қаласы Қорғаныс iстерi жөнiндегi департамент пен «Орталықтанды-рылған кiтапханалар жүйесi» бiрлесе отырып «Отан қорғау – азаматтық борышың» атты кездесу ұйымдастырды.
Кездесуге аталмыш департаменттiң Жұртшылықпен байланыс және психологиялық қамтамасыз ету бөлiмiнiң бастығы Еркiнбек Байболов, Әскерден тыс дайындық бөлiмшесiнiң бастығы Аманғали Ерекешов, Астана қаласы Алматы ауданы Қорғаныс iстерi жөнiндегi бiрiктiрiлген басқарманың аймақтық қорғау бөлiмшесiнiң бастығы Нұрлан Балықбаев, Департамент бастығының көмекшi-дәрiгерi, медициналық қызметтiң аға лейтенанты Әнуар Әубәкiров, Жұмылдыру бастығының көмекшiсi Тимур Спатаев, аға лейтенант Мұрат Бижанов келдi. Олар Политехникалық колледж студенттерiмен әсерлi әңгiме-дүкен құрып, әскери өмiр туралы қызықты хикаялар айтып бердi.
Әскерден тыс дайындық бөлiмшесi қаладағы ер азаматтарды әскери есепке қояды. Өз елiмiздегi немесе шетелдiк жоғары әскери оқу орындарына үмiткерлер дайындайды. Әскерге шақырылушыларды iрiктейдi, мектептердегi алғашқы әскери сабақтардың тұрақты өтiп тұруын қадағалайды. Қазiргi заман талабына сай өзгерiп жатқан әскери техника жайында сұрақ қойған жеткiншектер тұшымды жауаптар алды. Әскери шендегi азаматтардың үнемi жаттығулар жасап шынығуы олардың спортқа деген сүйiспеншiлiгiн арттыруға себепшi. Отансүйгiштiкке баули отырып әскери адамдарға көптеген мiндеттер жүктелетiнi белгiлi. Отан алдындағы парызын әр азамат өз еркiмен орындауы – патриоттық тәрбиенiң арқасы. Жалпы кездесу жасөспiрiмдерге әскери борыштың қаншалықты маңызды екендiгiн жеткiзу мақсатын толықтай орындады.
Шынар ӘБIЛДА