Аспан текті асыл ер
Астанада Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. 1922 жылдың 5 тамызында Қорғалжын ауданы Майбалық ауылында туған Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері, авиация генерал-майоры болған ол тірі болғанда биыл 102 жасқа толар еді.
Атақты шабуылшы ұшқыш Талғат Жақыпбекұлын еске ала сөйлеген қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов оның ерен ерлігі туралы сөз қозғап, батырдың рухына тағзым ету бәріміздің ортақ борышымыз екенін атап өтті.
– Біз Т.Бигелдиновпен мақтанамыз. Оны еске алған сайын бойымызды отты рух билейді. Өйткені ол – осы жерде туып, әрі хас батырға лайықты өліммен өлген асыл ер. Ол ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағында 305 рет ұшып, 5 неміс истребителін нокаутқа түсірді. Сонымен қатар ол Берлиндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін екінші Алтын жұлдызды алып, Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет лайық деп танылды. Сондай-ақ ол соғыста ғана қан төгіп қойған жоқ. Елі үшін, жері үшін де тер төккен тұлға. Мысалы, ол Азаматтық авиация саласында еңбек ете жүріп, қаламызда әуежайларды, оның ішінде ұшу-қону жолағын салды. Міне, осындай орасан еңбегімен, көзсіз батырлығымен есте қалған оның есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Біздің міндет – осы естелікті балаларымыз бен немерелерімізге аманат ету, – деді С.Есілов.
Айта кету керек, Талғат Бигелдиновті жас шабуылшы ұшқыш ретінде бейнелеген ескерткіш 2021 жылы Сарыарқа даңғылы мен Бигелдинов көшесінің қиылысында бой көтерген болатын. Қола мен граниттен жасалған бұл мүсін батырдың асқақ рухын аспандатып, көрген жанның бойына қаһармандық сәулесін шашып жарқырап тұр.