Білім

АСҚАҚ АМБИЦИЯЛАР ОРДАСЫ

Назарбаев университетіне оқуға түсу бүгінде әрбір дарынды қазақстандық өреннің мақсаттары тізімінде алғашқы орында тұрғаны анық. Тіпті, студент атану жасынан әлдеқашан асып кеткен кісілер де «Құдай қаласа, балам міндетті түрде осы оқу орнында оқитын болады» деп іштей тілек етеді. Астанадағы Қабанбай батыр даңғылының бойында қоныс тепкен бұл мекеме шынында да санаулы жылдар ішінде білім беру мен иннова­цияның халықаралық орталығы ретінде қалыптасып үлгерді. 

универ

ИННОВАЦИЯҒА ЖОЛ АШЫҚ
Университет 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған. Жоғары білікті кадрларды даярлау мен отандық ғылымды дамытуды басты миссиясына айналдырған оқу ордасы өз алдына бірнеше стратегиялық міндеттерді қойған. Оның әуелгісі – Қазақстандағы білім беру жүйесін реформалаудағы көшбасшылық. Яғни, Назарбаев университетінің тәжірибесі еліміздің басқа да оқу орындарына таратылып, насихатталады. Бұдан бөлек, мекеме академиялық және ғылыми лидерлікке ұмтылатындықтан, әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке де қауқарлы. Сонымен қатар, университет денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету моделін жасап, инновацияларды өндіріске енгізбек.

Назарбаев университетінің про­фессорлық-оқытушылық құрамы 346 мүшеден тұрады. Оның 22 пайызы – отандық, 78 пайызы – шетелдік ұстаздар. Атап айтсақ, 48 мұғалім Ұлыбрита­ния­дан, 62 мұғалім АҚШ-тан, 21 мұғалім Кана­­дадан келген. Жалпы, мұнда 49 мем­­ле­кеттің өкілдері жұмыс істейді. Ке­ле­шекте өзіміздің мамандарды да көп­теп тарту жоспарланған. Осы орайда, әсіресе, «Болашақ» халықаралық бағ­дар­­ламасының түлектеріне берілер мүмкіндік жоғары. Қазіргі таңда университетте 98 «болашақшы» қызмет атқаруда.

ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК ҚАНА ҚАБЫЛДАНАДЫ
Назарбаев университетіне қабылдану әсте оңай емес. Мұны біз мекемедегі Қабылдау департаментінің директоры Динара Ашықбаевамен сөйлескенімізде түсіндік.

– Талапкерлер ағылшын тілінен тест және пәндік емтихандар тапсырады. Егер ол «Алтын белгі» немесе үздік аттестат иегері болса, бұл басымдықтары да ескеріледі. Барлық сыннан сүрінбей өтіп, білімдерін дәлелдеген ұл-қыздар университет студенті атанады. Алайда талаптар өте қатаң. Сондықтан құжат тапсырғандардың шамамен 10-20 пайызы ғана оқуға түседі. Мысалы, 2010 жылы университет алдындағы дайындық, яғни, foundation бағдарламасының іріктеу конкурсына тіркелген 3519 талапкердің 13,08 пайызы немесе 484-і, 2011 жылы 4247 талапкердің 11,8 пайызы немесе 501-і, 2012 жылы 4178 талапкердің 12,1 пайызы немесе 506-сы, 2013 жылы 3290 талапкердің 16,3 пайызы немесе 535-і, 2014 жылы 3362 талапкердің 16,3 пайызы немесе 548-і, 2015 жылы 3380 талапкердің 20,7 пайызы немесе 700-і қабылданды. Бұдан жыл сайын үміт білдіруші жеткіншектердің білім сапасы жақсарып, сәйкесінше грант саны да артып бара жатқанын байқауға болады, – деді ол.

Бакалавр бағдарламасы бойынша 2012 жылы іріктеу конкурсына тіркелген 11 адамның 29-ына, 2013 жылы 218 адам­ның 48-іне, 2014 жылы 248 адамның 91-іне, 2015 жылы 346 адамның 85-іне Назарбаев уни­вер­ситетінің студенті атану бақыты бұйырыпты. Магистратура бағдарламасына 2013 жылы 115 азамат, 2014 жылы 253 азамат, 2015 жылы 287 азамат қабылданған. Ал PhD грантын 2013 жылы 12 кісі, 2014 жылы 37 кісі, 2015 жылы 25 кісі иеленген.

ІЗГІ ІСТЕР МЕН ІЛКІМДІ БАСТАМАЛАР
Назарбаев университетінде оқитындар күндіз-түні кітаптан бас алмайды деп жаңсақ пікірге тым сене беруге болмайды. Өйткені, мұндағы студенттер сабақтан тыс күн тәртібін де барынша тиімді әрі қызықты етіп ұйымдастырады.

Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен Назарбаев университетінің 621 түлегіне салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімі өтті. Олардың ішінде 443 бакалавр, 178 магистр бар.

– Университетте 130-дан аса студенттік клуб жұмыс істейді. Оған 1661 шәкірт қатысады. Клубтардың әрқайсысы өзінше бөлек, айналысар қызметтері бір-біріне ұқсамайды. Біреуі кәсіби дамыту, біреуі зияткерлік ойындар, біреуі өнер, енді біреуі қайырымдылық тәрізді салаларға арналған. Қайырымдылыққа бағытталған клубтардың бірі – Қызыл Жарты ай қоғамы деп аталады. Оның мүшелері ел­ордадағы тұрмысы төмен немесе көп балалы отбасыдан шыққан бүлдіршіндерге ағылшын тілі және математика пән­дерінен қосымша сабақтар береді. Кейде университет ішіне экскурсияға шақырып, зертханаларды аралатады. Робот жасау техникасы бойынша шеберлік сыныптарын өткізеді. Мұнымен қоса, Children Charity Club атты үйірме де бар. Оған қатысушылар былтыр «Warm winter», яғни, «Жылы қыс» акциясын ұйымдастырып, әлеуметтік көмекке мұқтаж астаналық отбасыларға қысқы киім алуға жәрдемдесті. Өз ісін жемісті жүргізіп келе жатқан үйірмелердің бірі – Еріктілер клубы. Оған қандай да бір іс-шараларды өткізуде қалалық әкімдік, Білім және ғылым министрлігі немесе түрлі компаниялар тарапынан өтініштер түссе, кез келген сәтте қол ұшын созады. Мәселен, қазірдің өзінде 300-ден аса студентіміз «ЭКСПО-2017» көрмесіне еріктілер қатарына тіркеліп, тренингтеріне қатысып жүр, – деді Назарбаев университетінің студенттер ісі жөніндегі менеджері Қасымхан Нұрмұхамедов.

Университеттегілердің кез келген іс-шараға қазақи кейіп беріп, ұлттық дәстүрге сай икемдейтіні де қуантты. Мысалы, студенттер бүкіл оқу орындарында өтетін Хеллоуиннің орнын Мифологиялық кейіпкерлер фестивалімен алмастырып, тамаша үлгі көрсеткен.

СТУДЕНТТЕР СПОРТТАН ДА КЕНДЕ ЕМЕС
Оқу орны студенттерінің спорттық өмірі де мазмұнды. Осы саланың жетекшісі Елжас Кәменовтің айтуынша, университетте 9 құрама команда бар. «Олар волейбол, баскетбол, футбол, хореография және черлидинг сайыстарында сынға түседі» деді маман.
Осы тұста черлидинг деген сөздің бізге бөлекше естілгені рас еді. Кинодағыдай қолына қызылды-жасылды жалаушалар ұстап алып, таңғалдырар акробатикалық қимылдар жасайтын топ көз алдымызға елестеді.
– Иә, дәл солай! – деп спорт жетекшісі ойымызды растады. – Өкінішке қарай, Қазақстанда черлидингті go-go стилімен шатастырады. Ол дұрыс емес. Черлидинг – бойына акробатика, гимнастика сынды қиын өнерлерді тоғыстырған күрделі сала. Ондағылар небір қауіпті қимылдарды жасап, адамдардан пирамида құрастырады. Назарбаев университетінің құрамасын кезінде АҚШ-тағы Дю Солей циркінде жұмыс істеген әйгілі гимнаст Нұрат Смағұлов жаттықтырады. Биыл тұңғыш рет черлидингтен Ұлттық студенттік лига ұйымдастырылды. Сонда біздің команда 1-орынды еншіледі.
Черлидерлерден шахматшылар мен футболшылар да қалыспайды екен. Университет студенттері республикалық сайыста шахматтан 4 жыл қатарынан бас жүлде иегері болып келе жатса, футболдан екінші жыл ең биік тұғырдан көрініпті. Жекелей жарыстарда да топ жарып жүрген студенттер аз емес. Солардың бірі Мөлдір Мекенбаева былтыр Әбу-Дабида джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында алтын медальді қанжығасына байлады.
Жетістіктеріне қарап, еріксіз таңда­йыңды қағасың. Бұл шәкірттердің тәу­ліктерінде жұрттікіндей 24 емес, 30 сағат бар шығар. Бәріне үлгереді… Оның сырын толықтай ұғынып, болмысыңа сіңіру үшін міндетті түрде Назарбаев университетінде оқуың керек сияқты.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button