Руханият

Асқақ арман иесі

Бүгінгі күні барлық дүниені нарықтың заңымен теңестіретін әдетіміз бар. Қоғамда жолы болғыш, тағдыр маңдайынан сипаған адам міндетті түрде материалдық тұрғыдан бай немесе қолында лауазымы бар адам дейтін жаңсақ пікір қалыптастасқан. «Сананы болмыс билейді» деген қағидаға жүгіне отырып, көбінесе барлығын материалдық тұрғыдан бағалайтынымыз бар. Әрине, нарық заманында қалтанын қампиғанын кім қаламас?.. Десе де, қара қазанның қайнауынан гөрі, қара халықтың жайнауын ойлайтын ерлердің болғаны баршамыз үшін жақсы емес пе?..  Ондай адамдар дара соқыр индивуализммен шектелмейді, өмірде  анағұрлым жоғары, биік дүниелерді ойлайды. Асқақ арманы күнделікті күйбең тірліктен  биік келеді. Осындай асқақ арман иесі еліне елеулі, халқына қалтқысыз қызмет атқарған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері отставкадағы  полковник  Жеңіс Рашитұлы Рамазанов болатын.

Соғыс жылдары туылған буынның өзіндік бір қасиеті болады. Олар қарағайға қарсы біткен қайсарлықтарымен ерекшеленеді. Бүгінгі кейіпкеріміз де сол буынның өкілі. 1944 жылы 5 тамызда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Явленка ауылында дүниеге келген. Тумасынан жас әрі зерек болып өскен ол мектепті аяқтаған 1963 жылы өз еркімен Отан алдындағы азаматтық борышын атқаруға аттанады. Сонау Қиыр Шығыстық әскери округтің стратегиялық маңызға ие ракеталық әскердің взвод командирінің орынбасары болып әскери қызметін бастайды. Мерзімді қызметі аяқталғаннан кейін Явленка аулында аудандық халық депутаттары кеңесіндегі атқарушы комитетінің азаматтық қорғанысының штаб бастығы болып қызмет етеді.

Атақты тарихшы Лев Гумилев өз еңбектерінде көшпенділердің жаңа аумақтарды бағындыру құбылысын «пассианарий», ал адамдарды алға тартатын көшбасшыларды «пассионар» деп атаған. Көшпенді жұртының мәдениеті, өмір салты және ғасырлық білімі қанында бар қазақ баласы үшін ел аумағынан алшақта, жаңа белестерді бағындыру таптырмас мүмкіндік болды. Сондықтан білімін жинақтап, 1967 жылы Мәскеу қаласындағы Ф.Э. Дзержинский атындағы Қызыл Тулы Жоғары мектебіне оқуға түседі. Офицерлер шеберханасы атанған әскери оқу орнында ол болаттай шыңдалып, алмас қылыштай қалыптасады. Саптық және дене дайындығы, қару қолдану тәсілдері, әскери киім кию үлгілері мен өмір сүрлеуінен өткен ұлағатты ұстаздарының берген білімі  курсанттық өмірдің ажырамас бөлігіндей болды. «Жігіт жанған оттай болсын» дейді халық даналығы. Болашақ чикист курсанттық кезінен бастап үлкен үміт ақтайтынын көрсетті. Оның спорттық, мәдени жан-жақты дамуы әскери саладағы болашақ жеңістерінің іргетасы еді. Көп арасында көзге түспеу оның өмірлік ұстанымы болмайтын. Керісінше, айналасын түгел қамтып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Жапон тілін меңгерген заңгер мамандығын иеленгеннен соң оны Тула облыстық МҚК басқарамасына жібереді. Онда көрінбес майдан жауынгері қарсы барлау жұмыстарымен айналысады.

Жоғары басшылық сенімін ие болған оны екі мәрте Жапония және Италияға шетелдік сапарға жібереді. Сәйкесінше, қойылған тапсырмалар толығымен орындалады. 1980 жылы атақты Мәскеу олимпиадасындағы қауіпсіздік шараларын қаматасыз етуге қатысады. Өзін үздік қырынан танынтқан Жеңіс Рамазанов МҚК Төрағасының грамотасымен марапатталады. Кейін туған еліне оралып,  МҚК басқармасында жұмыс жасайды. Күн отырмай, түн ұйықтамай шетелдік агенттердің әрекеттеріне қарсы қызмет жасайды. 1988 жылы озат офицер ретінде ҚазССР МҚК Орталық аппараты 5 басқармасына бөлім басшысы лауазымына тағайындалады. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған жылдары ҚР ҰҚК Инспекциясының бас инспекторы болып қалтқысыз қызметін жалғастырады. 1994-1997 жылдар аралығында басқарма басшысының орынбасары ретінде талай қызметтер мен бөлімдерге басшылық жасайды.

Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін ҚР ҰҚК Академиясында ұстаздық етіп, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Арнайы органдардағы өнегелі қызметі барысында өзінен кейін бір талай буынды тәрбиеледі. Көптеген шәкірттерді өсірді. Бүгінде онымен таныс болған адамдар кейіпкеріміз туралы тек жылы пікірлер айтады. Ресми шаралардағы оның сөз саптауы, өзін – өзі ұстауы бөлек бір әңгіменің парасы еді. Бұтпантайлығы жоқ, өз ортасында кейіпкерміздің басқа да игі қасиеттерімен танысудың жөні келетін. Риясыз таза күлкісі, орынды, ойшыл, өткір әзілі, қажет кездегі батыл сөздері оның тұла бойындағы табиғи тазалығын аңғартып тұрғандай. Және оның тумасынан біткен адалдығы. Ондай азаматтар барлық жерде, барлық жағдайда шынайы болуға тырысады. Жақындарына, дос-жарандарына, отбасына және Отанына адал. Ондай қасиетті қолдан жасай алмайсың. Ол нәрді Жаратқан адам жанына дарытады. Жоқ болса, жоқ. Бар болса, барлық жағынан білініп тұрады. Қарабайырлықсыз қарапайымдылық, қыңырсыз табандылық, аңғалдықсыз ашықтық,  көр соқырлықсыз басшылық, есепсіз мәрттілік, жалғансыз кішіпейілдік және басқа да көркіне көзің жеткенімен, айтуға сөзің жетпес қасиеттерінің темірқазығы ішкі адалдығына байланып тұратын.

Болашақ барлаушыларды дайындайтын оқу орнындағы құрмет тақтасында Жеңіс Рашитұлының суреті әлі күнге дейін ілініп тұр. Сонда «Мен өзімді бақытты санаймын. Өйткені мамандығымды сатпадым, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келемін»,-дейтін сөздері жазылған. Астана қаласында ардагеріміз ҚР ҰҚК «Барлау» қызметінің «Қорған» орталығына ұстаздыққа шақырылды. Ұстаздық барысында ведомствалық «Ақиқат» журналына мақала жазып, ойларымен бөліскен. Сонымен қатар, ведомствалық «Ардагер» журналының негізін қалауға атсалысты. Өзі де қолына қалам ұстап көлемді – көлемді мақалалар жазды. БАҚ – на шығып өз ойымен ашық бөлісетін. Өскелең ұрпақ Жеңіс аға Рамазановтың лекцияларын бар ынтасымен тындайтын. Әсіресе, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген саптағы қызметкерлер өздеріне қажетті білімдерін сарпып алатын. Астана және Алматы қалаларында лаңкестікке қарсы халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференцияларға қатысып, баяндамаларын жасаған. Заманның аждаһасы саналатын – лаңкестікпен күрес туралы бір талай еңбектері бар. Қызмет барысында 20 ведомствалық марапаттармен марапатталған. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы генерал-лейтенант Владимир Жұмақанов, ведомства ардагерлері генерал-майор Нағашыбай Атшабаров, полковник Кенжеболат Бекназаров және тағы басқа үзеңгілес достармен өмірден өткенше сыйласқан.

«Жақсының аты өлмес, ғалымның хаты өлмес» дегендей, осыдан екі жыл бұрын кейіпкеріміз өмірден өтсе де, артынан үлкен рухани мұра қалдырды. Оның Отан қорғаудағы ісі әлі күнге дейін шәкірттерімен жалғасып келеді. Жеңіс Рашитұлы өмірлік жары Райса Рахымжанқызымен бірге ұзақ ғұмыр кешіп, екі баланы тәрбиеледі. Төрт немересі бар. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлы Болат Жеңісұлы әкесінің жолын жалғастырып келе жатқан полковник.  Өз ісінің қас маманы. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз де осы емес пе, көзі қарақты оқырман…

Халқымыздың нақыл сөзін түрлендіріп айтқан Президент Қ. Тоқаев: «Байлық пен мансап  – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал, елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді»,-деген еді. Шынында да, елге қызмет ету – ұлт перзенттерінің асқақ арманы. Тек, болмысы биік, ойы жоғары тұлғалар ғана ол арманға ие болады. Бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы осыны дәлелдеп тұр.

Дарын СЕЙІТОВ,

журналист

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button