Мәдениет

Асқақтаған «Астана жұлдызы»

Астана күні қарсаңында ұйымдастырылған айтулы­ іс-шаралар баршылық. Түрлі байқауларда бабы келіссе де, бағы жанбай қалған үміткерлер мойыған жоқ. Құлады, жүрді. Жылады, күлді. Құлауы мен жылауына­ сын сағаттағы сәтсіздік, жүруі мен күлуіне елорда тойының ерекшелігі себепші болды. Тартуы көп тойға тәнті болып,­ тәубе етуден басқа не керек?!.

Мамандарды марқайтқан байыпты байқау – америкалық «Грэмми» сыйлығы үлгі­сін­де өткен «Астана жұлдызы» ұлт­тық музыкалық бәйгесі болды. Отандық кәсіби музы­кант­тардың 2012 жылдың қаңтарынан 2013 жылдың мамырына дейінгі шығармашылық жетістіктерін сарапқа салған атаулы сыйлыққа Астана қаласы әкімдігінің өзі бастамашы болғандықтан, сайдың тасындай сарап­шы­лар да ардан аттап, абыройды таптаған жоқ. Олар әншінің үнтаспасы сақталған арнайы дауыс беру парақ­ша­сын жасақтап, 15 жылдықта 15 номинация бойынша 15 үздікті анықтады.

«Қазақстан» орталық концерт залында жайылған қызыл кілемше үстімен жүріп өткен кіл мықтының ішінен бір мықшегенің шықпауы әсте мүмкін емес. Сондықтан жалпы 45 қатысушыдан жалқы 15 жеңім­паз­дың іріктеліп алынуы – заңдылық. Әсіресе, ұлттық әуендерге аса көңіл бөлініп, туындыларды бағалауда World Music Awards өнер додасының технологиясы қолданылды. Содан сүрінбеген Маржан Арапбаева «Қыздар арасындағы үздік орындаушы» аталымына лайық деп танылса, «Үздік композиторда» – Талғат Сарыбаев, «Жаңа тыныс» аталымында – Әли Оқапов, «Үздік дуэтте» – «Мюзикола», «Үздік этно-топта» – «Ұлытау», «Үздік әйелдер тобында» – «Кеш you», «Үздік ерлер тобында» – «МузАрт» жеңімпаз болды. Ал, «Жігіттер арасындағы үздік эстрада орындаушысы» – Жұбаныш Жексенұлы, «Үздік өңдеуші» – Виктор Аленко, «Үздік мәтін авторы» – Фариза Оңғарсынова, «Үздік концерттік шоу» – Роза Рымбаева, «Ең стильді әнші» – Лидо, «Үздік би тобы» – «Виват» тобы десек, «МузАрт» орындайтын «Қазақтай ел қайда» әні «Жыл әні» ретінде алға шықты. Өз кезегінде «ХитТВ» телеарнасы да «Орда» тобына арнайы сыйлық пен арнада тегін ротация жасау мүмкіндігін берді.
Музыка сыйлығын тапсыру кезінде «Қазақстан» орталық концерт залы сахнасында отандық эстрада әншілері Маржан Арапбаева, Нұрлан Абдуллин, Толқын Забирова және «Орда», «Кеш you», «Ringo», «Музарт» топтары өнер көрсетті. Ал, гала­-кон­церт хэдлайнері ретінде арнайы шақырылған, әлемге әйгілі әнші Джамала теңдессіз талантымен қай­та­лан­бас музыка мерекесін асқақтата түсті.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button