Sport

Асқар МАМИН: ШЕБЕРЛІК МҮМКІНДІГІ БІРДЕЙ ЕДІ, БІРАҚ СӘТТІЛІК ҚАРСЫЛАС ЖАҚҚА БҰРЫЛЫП КЕТТІ

FILE29510-1
Асқар МАМИН, Қазақстан хоккей федерациясының президенті

Қазақстан жанкүйері үшін астаналық «Барыс» хоккей командасы ұлттық брендімізге айналғандай болып отыр. Осыдан он жылдай бұрын хоккейден айтарлықтай дәстүрі жоқ қаламызды бүгінде хоккей қаласы дерсіз. «Қазақстан» спорт сарайы ашылып, үлкен хоккейді тамашалай бастағанда малақайымызды аспанға атып бір қуанып едік, енді елорда төрінде тағы бір хоккейге арналған суперстадион пайдалануға берілмекші. Осының бәрі Қазақстан хоккей федерациясының жүйелі әрі мақсатты жүргізіп отырған менеджменті арқасында жүзеге асырылып отырған игі істер десек жарасады.

Қазақстан командалары бүгінде КХЛ, ВХЛ және МХЛ чемпионаттарында сәтті өнер көрсетуде. «Сарыарқа» командасының былтырғы маусымда ВХЛ чемпионатының жеңімпазы ретінде Братина кубогын алуы, «Снежные барсы» командасының ВХЛ чемпионатының плей-офф ойындарына түсуі мақтанып айтуға тұрарлық жетістіктер деп есептейміз. Қазақстан ұлттық құрамасы болса биыл элиталық дивизионға қайта қосылу үшін бәсекеге түсу қызу дайындық үстінде. Ал, еліміздің ішкі чемпионатының бәсекесі де жыл сайын тартысты әрі қызықты өте бастады.

Ал еліміздің ең басты клубтық командасы «Барыс» үшін континентальдық хоккей лигасының (КХЛ) 2014-2015 жылғы маусымы аяқталды. Астаналық команда чемпионат барысында үздіктер қатарынан көрініп плей-офф ойындарына өтті. Өкінішке қарай, сыралғы қарсыласымыз «Авангард» тағы да жолымызды кесті. Осылайша Гагарин кубогы үшін бәсекеден шығып қалдық. Жақында Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин BESTNEWS.KZ ақпарат агенттігіне «Барыс» командасының биылғы чемпионаттағы көрсеткіштері туралы әңгімелеп берді.

«Чемпионат әдеттегідей оңай болған жоқ. Маусымның басында жақсы ойын өрнегі қалыптасқан еді, бірақ ортасында ептеп тоқырау білінді. Ал жалпы чемпионаттың соңына қарай командалық ойын түзеліп, «Барыс» Шығыс дивизоны бойынша 5-інші орыннан көрінді. Плей-офф бәсекесінде бір-біріне сай командалардың ойынын көрдік. «Барыстың» да, «Авангардтың» да жеңуге мүмкіндігі бірдей болды. Әрине, «Авангард» жеңісті дәстүрі бар команда, бұрын Ресей чемпионы болған, КХЛ чемпионатында да өзіндік амбициясы бар команда. Соңғы матчта (плей-оффтың 7-інші ойыны) сәттілік «Авангард» жағына ауысып кетті. Ал жалпы алғанда «Барыстың» биылғы чемпионаттағы көрсеткішін қанағаттанарлық деп бағалаймын. Бас жаттықтырушы жайлы айтар болсам, командаға берілген бағалау Андрей Назаровқа берілген баға деп қабылдауға болады».

Сонымен, қалың жанкүйердің сүйікті командасына айналған «Барыс» биылғы маусымдағы ойындарын аяқтады. Жеті ай бойы тартысты да, қызықты да ойындарымен көпшіліктің бірде көңілін көтеріп, бірде жүйкесін жұқартқан командамызды күзге дейін, яғни, жаңа маусым ашылғанша асыға күтетін боламыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button