Мәдениет

АСҚАР ТАУДАЙ АҒА ЕДІ

Күні кеше ғана ортамызда ақжарқын қалпымен, байсалды мінезімен жайдарлана жүрген Нұрғожа ағаның орны біз үшін ерекше, бөлек еді. Асыл ағаның дүниеден озғанына да міне, қырық күн болып қалыпты. Оның енді жоқ екеніне, мәңгілік сапарға аттанғанына сенгің келмейді. Айналасын нұрландырып тұратын жақсы адамды, өзіңмен мұңдас сырлас жақыныңды қимайды екенсің. Бірақ, өмір бар жерде өлім бар. Тағдырға не шара?!

20-02-2016-nurgozha_oraz-680x437

Қым-қуыт қайшылықтарға толы мына өмірде қаншама жақсы-жайсаң, жампоздармен танысып, сырлас, дәмдес болдық. Асылдардың сөздерін тыңдап, құлаққа құйып, тәрбие алдық. Солардың қатарында қазақтың дарынды ақыны Нұрғожа Ораз да бар.

Нұрғожа ағамен таныс­тығымыз өткен ғасырдың 80-ші жылдары басталды. Сол кезде ол құрамына Целиноград, Торғай, Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан секілді бес облысты құрайтын Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесін басқарды. Жұбайым Марфуға екеуміз Көкшетау облысының Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде жұмыс істейтінбіз. Жаңа ғана өлеңдер жазып, баспасөз бетінде көрініп жүрген кезіміз. Нұрағаң біз туралы естіп, редакцияға телефон шалып хабарласты. Марфуға екеуміздің өлеңдерімізді өзі құрастырып жатқан бес облыс ақындарының «Тың тынысы» жинағына сұратып алды. Кейін сол жинақ «Жалын» баспасында жарық көрді. Сөйтіп, ақындық жолымызды ашты. Жас ақын-жазушылардың кеңесіне қатысуға жолдама берді.

Тағы бір қызықты оқиғаны айта кеткім келеді. Қазақстан Жазушылар одағының 8-съезін өткізуге қызу дайындық жасалып жатты. Съезге жер-жерден делегаттар сайлау үшін Целиноград қаласына Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Сайын Мұратбеков, облыстардан белгілі ақын-жазушылар келеді. Жиында Нұрағаң «Көкшетауда, Зерендіде Марфуға Бектемірова деген жас ақын бар, болашағынан мол үміт күтемін, соны съезге делегат етіп сайлайық» деп ұсыныс білдіреді. Сол жерде көбі қарсы болады. Біраз айтыс-тартыс болып, Нұрғожа ағаның табандылығы арқасында ақырында Марфуғаны Қазақстан Жазушылар одағының 8-съезіне делегат етіп сайлайды. Бұны соңынан Нұрағаңнан естідік, Марфуға онда әлі жас, небәрі 26 жас шамасында. Ардақты жанның талантты дер кезінде танып, әдебиет әлеміне енуіне дәнекер болғаны сүйсіндіреді. Марфуға Нұрағаңның ешкімге бой бермей, бәрін көндіріп, сендіріп, жазушылардың үлкен беделді жиынына қатысуына көмектескенін үнемі еске алатын. Сол жақсылығын, қамқорлығын ақтық демі біткенше айтып жүрді.

1999 жылдың қазан айында мені облыстық «Қостанай таңы» газетіне бас редактор етіп тағайындағанда маған қуанып телефон шалып, құттықтады, игі тілектерін білдірді. Кейін Қостанайға Айман апай екеуі немересімен бірге «Сосновый бор» санато­рийіне демалуға келгенде редакцияға соғып, Сәбит Мұқа­нов, Ғабит Мүсірепов сияқты әдебиет алыптарының өмірінен қызықты деректер келтіріп, әңгіме шерткен еді. Сол сапарында Нұрағаңмен тілшінің сұхбатын, өлеңдерін жарияладық. Ақын елге жеткенше, ағайынмен қауышқанша асығатын. Туған жері –Қоста­найды шын жүре­гімен сүйетін, сонда дүниеге келген Ыбырай, Шоқан секілді дара тұлғаларды мақтан ететін, солар туралы тамаша өлеңдер, дастандар жазды.

Астанаға қоныс аударып, «Дала мен қала» газетінің меншікті тілшісі қызметіне орналастым. Елордада да Нұрағаңмен байланысымыз үзілген жоқ. Бір күні ол мені «Жаңа Сарыарқа» журналына жұмысқа шақырды. Бұрыннан тонның ішкі бауындай етене араласып, сыйласып, ағалы-інілі болып кеткенбіз. Ұсынысын қуана қабылдадым. Сөйтіп 2006 жылдың 1 шілдесінде бас редактордың орынбасары ретінде іске кірістім.

Нұрағаңмен екі жылдай бірге еңбек еттім. Осы уақыт ішінде «Жаңа Сарыарқа» журналы кідіріссіз, жарқырап шықты, Мемлекеттік тапсырысқа іліктік. Екі айда бір рет шығатын журналдың мазмұнына ол бас редактор ретінде көп көңіл бөлетін. Материалдардың сапасына, жұртшылық оқитындай әсерлі болуын, журнал мұқабасының әсем, тартымды безендірілуін қадағалайтын. Журнал бетте­рінде республикамыздың түк­пір-түкпіріндегі ақын-жазушылардың шығармалары, авторлардың мақалалары жария­ланды. Бірқатар құнды тарихи дүниелер оқырмандар назарына ұсынылды.

Журнал шығару оңай іс емес. Бұл қажымас қайратты, талмас ізденісті, асқан төзімділікті қажет етеді. Осы қасиеттер Нұрағаңның бойынан табылды.

20-ғасырдың басында ұлты­мыздың тұңғыш журналисі Мұхамед­жан Сералиннің «Айқап» журналы қазақты отырықшылыққа, өнер-білім­ге шақырды. Сол секілді Нұр­ғожа Ораздың «Жаңа Сарыарқа» журналы ХХІ ғасырдың басында халқымызды ана тілін қадірлеп, сақтауға, дінімізді, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, нығайтуға, ата-бабаларымыз талай ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғауға үндеді. «Айқап» және «Жаңа Сарыарқа» журналдары тарихи тұрғыдан алғанда бір-бірімен сабақтасып, байланысып жатыр. «Айқап» журналы секілді «Жаңа Сарыарқа» журналы да ұлттық санамызды қайта оятып, ұлттық рухымызды көтеріп дамытуға игі әсерін тигізді. Бұл – жан-жақты, байыпты түрде терең зерттейтін өзекті тақырып.

Нұрғожа Ораз – халқына, туған Отанына қалтқысыз қызмет еткен қоғам қайраткері, ұлтымыздың беткеұстар асыл перзенті. Ол – ақын, публицист, жазушы, тарихшы, сазгер. Сан қырлы, бір сырлы талант иесінің еңбектерін зерттеп, жарқырата ашып көрсету, оның бай мұраларын халық игілігіне жарату түрлі саладағы мамандардың абыройлы борышы деп білемін.

Нұрағаңнан не үйренуге болады? Өнегелі ғұмыр кешкен азаматтан үйренетін нәрселер аз емес. Ең алдымен ақынның еңбексүйгіштігі бәрімізге үлгі. 75 жастан асқанша ақ тер, көк тер болып, тауқымет шегіп, «Жаңа Сарыарқа» журналын шығаруының өзі неге тұрады? Басқа біреу болса «Қартайдым, шаршадым, тынығайын» деп үйінде отырар еді. Өмірінің ақырына дейін қолынан қала­мын тастаған жоқ. Ағайынға қарайласу, таланттарға қамқор­лық жасау, қиналғанға қол ұшын беру, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтау. Осы асыл қасиеттердің бәрі Нұрағаңа тән болатын. Ол адамгершілігі мол, пейілі қазақ даласындай кең, үлкен жүректі аяулы ақын еді, асқар таудай парасатты аға еді.

Есенгелді СҮЙІНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ҚАЙРАТКЕР ҚАЛАМГЕР

Мен Ұлы Отан соғысының ардагерімін. 1945 жылы соғыс біткен соң Солтүстік Қазақстандағы туған ауылым Шағалалыға оралдым. Ауылда жетіжылдық мектеп болатын. Мектеп директоры Нұржан Оразов деген азамат еді. Мен осы мектепке мұғалім болып орналасып, орыс тілінен сабақ бердім.

Сол мектеп басшымыздың Нұрлан және Нұрғожа атты бауырлары болды. Ол кезде Нұрғожа алтыншы сыныпта оқитын. Сабақты жақсы үлгеретін, елгезек болды. Мен орыс тілін меңгеруді мейлінше үйреттім. Өзі де ынта қойып оқыды. Бала кезінде-ақ Нұрғожаның әдебиетке деген құштарлығы байқалған-ды. Мектеп кітапханасына келетін газет-журналдарды қызығып оқып жүретін еді. Сол кезде осы Нұрғожа баланың өскенде жақсы қаламгер болатынын аңғарған едім.

Ұстаздық сезімім алдамапты, жылдар өткен сайын Нұрғожа Оразовтың есімі ел әдебиетінде таныла бастады. Том-том кітап жазды. Қайраткер болды. Елімізде, оның ішінде бүкіл саналы ғұмырын өткерген кешегі Ақмола, бүгінгі Астанада қоғамдық, мәдени-әдеби шаралардың бел ортасында жүрді. Кейінгі жас әдебиетшілерге қамқоршы, өнеге көрсетті.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жеңіс күні мерекесі кезінде Нұрғожамен кездесіп, біраз әңгімелескен едік. Мен де, ол да бір-бірімізге ыстық ілтипатымызды білдірдік. Мен болсам, кезінде өзім оқытқан оқушының көрнекті жазушы, ақын, қоғам қайраткері болғанына қуанып тұрдым.

… Нұрғожа өмірден өтті деген суық хабарды естіп, қабырғам қайысты, қатты күңірендім. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деп тілеуімді жасадым. Жаратқан артында қалған ағайын, жақындарына береке, денсаулық, ғұмыр бергей.

Сейілбек УСИН,
Ұлы Отан соғысының ардагері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button