Ел тынысы

Астана әкімдігі кадр даярлауға 1 087 грант бөлмек

Астана әкімдігі биыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 1 087 білім беру грантын бөлмек, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев айтты.

«Кадр тапшылығын жою үшін қала әкімдігі жыл педагогикалық, медициналық мамандықтар бойынша, сондай-ақ гуманитарлық бағыт бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөледі. 2024-2028 оқу жылдарына қала әкімдігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 1 087 білім беру грантын бөлді. Білім басқармасынан педагогикалық мамандықтардың қажеттілігі бойынша 950 орынға бакалаврға және «Дағдарыс психологиясы» магистратурасына 50 орынға өтінім бар», – деді ол Астана қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында.

Оның дерегінше, бүгінде қалада үш ауысымды оқытатын 8 мектеп және 16 тығыздалған мектеп бар. Егерде бес жыл бұрын қалада жалпы саны 188 841 оқушы білім алатын 91 мемлекеттік және 32 жекеменшік мектеп болса, 2024 жылы жалпы саны 263 902 оқушы бар 102 мемлекеттік және 66 жекеменшік мектеп жұмыс істеп тұр.

«Контингенттің тығыздығы мәселесі жаңа мектептер салу және қосымша ғимараттар салу арқылы шешіліп келеді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылдың соңына дейін 20 400 оқушыға арналған 12 мектеп құрылысын аяқтау жоспарланған. 2750 орындық жұмыс істеп тұрған 3 мектепке жапсаржай салу, 1500 орындық 2 типтік мектептер құрылысын аяқтау көзделген», – деді басқарма басшысы.

Қасымхан Сенғазиевтің атап өтуінше, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан 72 орынға медициналық мамандықтардың қажеттілігі бойынша өтінім бар. Олар мына мамандықтар:
– шұғыл медицина – 33 орын,
– терапия – 5,
– жалпы хирургия, ересектер онкологиясы – 3,
– офтальмология, педиатрия, фтизиатрия, анестезиология және реаниматология, жұқпалы аурулар, неонатология, акушерлік және гинекология, отбасылық медицина, оториноларингология – 2,
– гастроэнтерология, клиникалық фармакология, нейрохирургия, травматология-ортопедия, физикалық медицина және оңалту, эндокринология, ядролық медицина – 1.

Мұнан бөлек, Дене шынықтыру және спорт басқармасынан дене шынықтыру және спорт қажеттілігі бойынша 10 орынға, Дін істері басқармасынан исламтану, теология, дінтану мамандарының қажеттілігі бойынша (магистратура) 5 орынға өтінім бар.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button