Астана әкімі экосенбілікке қатысқан тұрғындарға алғыс айтты
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында экосенбілік барысында атқарылған шаруалар туралы жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Елордамызды ауқымды көгалдандыруды және абаттандыруды ары қарай да жалғастырамыз! Биыл қалада жасыл аймақтар қатары көбейді. Біз аулалар мен қоғамдық кеңістіктерге ғана емес, сол сияқты спорттық және мәдени нысандардың, оқу орындарының, қаланың көрікті жерлерінің және т.б. аумағына ағаш отырғызамыз.
Биыл біз 1 миллионға тарта жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Олардың басым бөлігі қазірдің өзінде отырғызылды, сондай-ақ қаланың жасыл белдеуіне де егілді.
Қалада экосенбіліктер мен дәстүрлі түрде өтетін күзгі ағаш отырғызу басталды. Бүгін экоакция және Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында елорданың барлық ауданында жалпықалалық сенбіліктер өтті. Оған қаланың 62 мыңнан астам тұрғыны қатысты: еңбек ұжымдары, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және т.б.), волонтерлер, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері, МИБ (ПИК) және белсенді тұрғындар.
Сенбілік барысында 170 тоннадан астам қоқыс жиналып, 2 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.
Қаламызды абаттандыруға үлес қосқандардың бәріне алғыс білдіремін! Бәріміз жұдырықтай жұмылып, қаламызды таза әрі жасыл етеміз!» – деп жазды елорда әкімі.