Астана әуежайында қызметті жақсарту шаралары талқыланды
Елорда әуежайында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, отандық әуе компаниялардың, Астана әуежайының басшылығы мен өндірістік қызмет басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынның өтуіне жолаушылардың жүктің ұзақ уақыт берілуі бойынша шағымдарының жиілеуі себеп болды. Осыны ескере отырып, Азаматтық авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәрсен Жарылғасов өткізген жиында қызмет сапасын жақсарту мәселелері сөз болды.
Жолаушылар тарапынан әуежай қызметтерінің сапасына орынды шағымдар түседі, осыған байланысты әуежай менеджменті тарапынан жедел шара қолдану талап етіледі. Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша әуежайға жүкті уақтылы өңдеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау, сондай-ақ әуе кемесінің зақымдану жағдайларының алдын алуға ерекше назар аудару қажеттілігі айтылды.