Қала мен Сала

Астана агломерациясы: болашағы жарқын ба?

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында елорданы дамыту бойынша 3 мәселе және бірқатар нормативтік құқықтық акт жобасы қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы талқыланды.

Аталған кешенді жоспарды таныс­тырған қаласы Сәулет, қала құ­рылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов елорда агломерациясына 47 елді мекен кіретінін айтты. Оның ішінде Астана мен Қосшы қалалары және 45 ауыл бар. Сол ауылдардың 12-сі – Аршалы ауданына, 30-ы – Целиноград ауданына, 3-еуі Шортанды ауданына қарайды. Қазіргі таңда Ақмола облысының 46 елді мекенінде 180 мың адам тұрады.

– «ҚР агломерацияны дамыту туралы» заңының 13-бабына сәйкес, агломерацияны дамытудың кешенді жоспары 5 жылға арналып жасалды. Агломерацияға кіретін елді мекендердің қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын анықтау үшін біздің мамандар сол ауылдардың бәрін аралап, дерек жинады. Маңыз­ды мәліметтер, әсіресе халық саны, азаматтардың жынысы мен жасына қатысты дерек жинақталды. Ақмола облысында анағұрлым халық саны көп елді мекен – Қосшы қаласы, мұнда 54205 адам тұрады. Кешенді жоспарда қалалық және кеңістікті жоспарлау, агломерацияның әлеу­меттік, көліктік, коммуналдық инфрақұрылымын дамыту мәселелері көрсетілуі керек. Осылайша ауылдар дамуы жағынан 3 топқа бөліп қарастырылды: қарқынды өсіп келе жатқан, дамушы және тоқыраушы. Ауылдардың әрбір тобы даму жағынан жеке тәсіл жүргізуді қажет етеді, – деді басқарма басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елордадағы барлық проблемалы құрылыс бойынша жылдың басында 16 нысан болды. Оларға 4 мыңнан астам үлескер ақша салды. Биыл соның ішінде 3600 адам баспана кілтін алса, қалғаны келесі жылдың бірінші жартысында пәтеріне кіреді. Бүгінгі таңда салынып жатқан 299 тұрғын үйдің ішінде 20 нысан тәуекел аймағында тұр

Ақпаратты сараптау барысында 11 ауылда мектептің, 20 ауылда балабақшалар мен медицина мекемелерінің жоғы анықталған. Медицина мекемелеріне келсек те сол жағдай, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медпункт, 5 амбулатория, 3 жеке емхана Қосшыда орналасса, Қояндыда эндохирургия және дәрігерлік амбулатория бар. Іргелес жатқан ауылдардың тұрғындары медициналық көмек үшін неге елордаға ағылатыны осыдан түсінікті.

Іргедегі ауылдардың мәселесі неде?

Агломерация құрамына кіретін көптеген ауылға тән ортақ мәселе – инженерлік инфра­құрылымның жоғы немесе нашарлығы, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының болмауы. Агломерацияны кеңістік бойынша дамытуға жүргізілген талдау қорытындысы іргелес елді мекендерді дамытудың бірыңғай стратегиясын әзірлеу үшін аталған аумақтағы қала құрылысы жобаларын жаңарту керегін көрсеткен. «Астана Бас жоспары» мекемесі Астана агломерациясын жаңа шекаралық аумақтық дамытудың өңіраралық сұлбасына түзету енгізуді бастады, оны 2024 жылы желтоқсанда аяқтау көзделуде. Осылайша негізгі мәселелер анықталды, оларды атап айтар болсақ, Ақмола облысының елордамен іргелес елді мекендеріндегі халық санының өсуі, жұмыс іздеу, оқуға бару, емделу мақсатында агломерация орталығына ағылу процесінің күшті болуы, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жетіспеушілігі, инженерлік және көлік инфра­құрылымына жүктеменің жоғарылауы, өндіріс пен ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс индустриясы, рекреация саласында өндірістік әлеуеттің дұрыс дамымауы.

– Кешенді жоспарда 7 стратегиялық бағыт, агломерацияны дамыту мақсаттары мен міндеттері, соның ішінде коммуналдық, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, қорша­ған ортаны қорғау және сақтау, өндірісті, тұтынушылық нарықты дамыту, агломерация аумағында көші-қонды реттеу саласындағы міндеттер белгіленген. Сонымен қатар іс-шаралар жоспарында агломерацияны дамытуды сипаттайтын міндеттер мен мақсаттар, көрсеткіштер мен индикаторлар көрсетілген. Заңға сәйкес, кешенді жоспар тек стратегиялық бағыттардан ғана емес, сонымен бірге, жауапты орындаушылар, жүзеге асыру мерзімі, қаржыландыру көлемі мен көзін көрсете отырып, нақты іс-шаралардан тұруы тиіс, – деді А.Ахметов.

Елордада барлығы 63 іс-шара жоспарланған. Олардың бәрі елорданың шет аймақтарында жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Аталған басқарма ұсынған 53 жоба агломерация­лық байланыстарды дамытуға арналған. Атап айтсақ, шет аймақтар аумағында бірыңғай көлік-логистика кешенін дамытуға 27 жоба, жоғары технологиялы өндірісті дамытуға 15 жоба, спорт нысандарына 6 жоба, көлік инфрақұрылымына 2 жоба, білім беруге 1 жоба арналып отыр.

Басқарма басшысы одан әрі аталған кешенді жоспардан қандай нәтижелерге қол жеткізілетінін айтты. Биыл 30 қарашада жоба қоғамдық тыңдауда тыңдалып, оған агломерацияға кіретін елді мекендердің тұрғындары және аудандық мәслихат депутаттары қатысқан. Ал 1 желтоқсанда Астана агломерациясының жергілікті кеңесі отырысында кешенді жоспар жобасы бірауыздан қолдау тап­қан. А.Ахметов одан әрі орталық мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізу, Үкімет бекітуі үшін Ұлттық экономика министрлігіне беруге дейін Астана қоғамдық кеңесінің осы жоспарды келісуін сұрады.

Қала үшін тиімді ме?

Кешенді жоспар жобасын тыңдаған Астана қаласы Қоғамдық кеңесі мүшелерінің көбі жоспарға көңілі толмайтынын, құжатта көрсетілген жұмыстар елорда агломерациясын жеңілдетуге септік етпейтінін жеткізді.

– Қаланың өзінің мүмкіндігіне қарай дамуы Бас жоспар бойынша жүзеге асады. Ал енді агломерация жағына келсек, Астананың төңірегіндегі елді мекендердің даму жоспарымен бүгін таныстық. Сараптай келе, бұл жоспардан айтарлықтай, тілге тиек етерліктей жаңа ақпарат таба алмадым. Сіздерге қояр сұрағымыз, біріншіден, жайып салған жоспар ішіндегі қаржы мәселелерінің бәрі қаланың бюджетінде қарастырылды ма? Егер қарастырылса, соның пайыз мөлшерін айтсаңыз, төңіректегі елді мекендердегі жағдай, шын мәнінде, қалай? Келешекте қала қай бағытта дамиды? – деді Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов.

Елордада барлығы 63 іс-шара жоспарланған. Олардың бәрі елорданың шет аймақтарында жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Аталған басқарма ұсынған 53 жоба агломерациялық байланыстарды дамытуға арналған. Атап айтсақ, шет аймақтар аумағында бірыңғай көлік-логистика кешенін дамытуға 27 жоба, жоғары технологиялы өндірісті дамытуға 15 жоба, спорт нысандарына 6 жоба, көлік инфра­құрылымына 2 жоба, білім беруге 1 жоба арналып отыр

Кешенді жоспардың бас­ты бағытының бірі елордаға ағылған көші-қонды тоқтату екенін айтқан А.Ахметов урбанистік ағын қаланың өзіне, инфрақұрылымына жүктеме түсіріп тұрғанын жеткізді.

– Ильинканың шығыс жағында біздің мектептер бар. Бұл алапты облыстан тек үлкен айналма жол ғана бөліп жатыр. Осы алаптағы мектептерде бала саны тым көп. Ал арғы жағындағы тиіп тұрған облыс­тың мектептеріне барушылар аздау. Себебі адамдар қалаға қарай ұмтылады. Балаларының қала мектебінде оқығанын қалайды. Денсаулық сақтау саласында да осындай жағдай. Елдің бәрі қалаға келіп, заманауи жағдай жасалған емдеу мекемелеріне көрінгісі келеді. Аталған 46 елді мекеннің көбінде даму бойынша Бас жоспары жоқ. Қосшының өзі үш жылдан бері Бас жоспарын енді аяқтап жатыр. Осы ретте кешенді жоспарда ауылдарда жаңа әлеуметтік нысандардың салынуы, олардың әрбірінің өзінің Бас жоспарының болуы қарастырылады. Қала қай жағынан дамиды деген сұраққа келсек, «Жағалау» аумағы, Тұран даңғылының оң жағы, сосын Тельманнан кейінгі «Бағыстан» деген шағын аудан, сонымен қатар, «Мыңжылдық аллеясы» маңы дамиды. Ал қаланың солтүстік жағы өндіріс аймағына айналады. Сондай-ақ жеке тұрғын үй салу үшін тек Үркер шағын ауданы жақ қана бар, одан басқа Астанада жеке секторға жер қарастырылып жатқан жоқ, – деді А.Ахметов.

Проблемалы нысандар азаяды

Отырыста күн тәртібіне сай келесі мәселе, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, проблемалы нысандардың құрылысын және жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау жөніндегі Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының есебі тыңдалды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елордадағы барлық проблемалы құрылыс бойынша жылдың басында 16 нысан болды. Оларға 4 мыңнан астам үлескер ақша салды. Биыл соның ішінде 3600 адам баспана кілтін алса, қалғаны келесі жылдың бірінші жартысында пәтеріне кіреді. Бүгінгі таңда салынып жатқан 299 тұрғын үйдің ішінде 20 нысан тәуекел аймағында тұр. Әкімдік пен біздің басқарма бірлесе, аталған құрылыстар бойынша жұмыс жүргізіп, 6 нысанға қатысты тұрғын үй құрылыс кооперативтері құрылды. Жаңа инвесторлар табылды. 9 нысан бойынша жұмыс баяу болса да тоқтамай жүруде, – деді аталған басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Қайратұлы.

Ол үлескерлікпен берілетін үйлер құрылысына қатысты заң күшейгенін жеткізді. Отырыс соңында «Елорда құрылыс» компаниясының бас директоры Рүстем Тәуекелов компанияның 2023 жылдағы жұмысына қатысты есеп берді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button