Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана агломерациясы: Талапкердің талабы қандай?

Елорда іргесіндегі ауылдардың әл-ауқатын арттыруды көздейтін Астана агломерациясы бас шаһар мен оған жақын орналасқан елді мекендер арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік бермек. Агломерация құрамына енген елді мекеннің бірі – Талапкер ауылдық округі. Үш ауылды біріктірген округтің орталығы – Талапкердің жайы қалай? Тұрғындардың талабы қандай? Осы сауалдарға жауап алу үшін ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Астанадан 6 шақырымдық жерде орналасқан, Талапкерден бөлек, ауылдық округтің құрамына Қажымұқан және Ыбырай Алтынсарин ауылы кіреді. Үш ауылда ресми тіркелген халықтың жалпы саны – 21627 адам, оның ішінде 14906 адам – Талапкер ауылының тұрғыны. Ал бейресми дерекке сүйенсек, бір ғана Талапкердің өзінде тұрғындар саны 30 мыңға жетіп жығылады екен.

Талапкердің бүгінгі тынысы туралы ауылдық округтің әкімі Мирас Құжубаевтан сұрап көрдік. Айтуынша, қазіргі таңда ауылды дамытудың 2023 жылға арналған Бас жоспары бекітілуге дайын. Ауылдық округтің әкімі 2021 жылы жергілікті халықтың дауысымен сайланған еді. Елді мекеннің даму қарқыны жайлы әкімнің айтары жақсы. Алайда бірқатар әлеуметтік тетікке қатысты түйткілдің бары байқалады. Оның ішінде ауыз су, кәріз жүйесі, мектеп жетіспеушілігі және өзгелері бар.

«Соңғы екі-үш жылда облыстық, аудандық әкімдіктің көмегі мен қаржыландыруының арқасында Талапкер ауылы жақсы дамып келеді. Өткен жылы ғана барлық жобаға облыстық бюджеттен 6 миллиард теңгенің көлемінде қаржы бөлінді. Бағдаршамдар, бейнекамералар орнату, автомобиль жолдарын жөндеу секілді бағыттарға басымдық берілді» деді М.Құжубаев.

2018 жылдан ауыл төртінші деңгейлі бюджетке көшкен. Оған жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу кезінде экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болсын деген мақсат негіз болды. Яғни елді мекендегі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін аудан бюджетіне ауыз ашпай, мүмкіндігінше жоғын өзі түгендеуі тиіс. Осы тұста жергілікті қауымдастықтың ықпалы бар. Өткен жылы оған ауыл тұрғындары арасынан 26 адам сайланды. Олардан басқа саны 100-ге жететін белсенді азаматтар бар. Талапкердің іргелі дамуына бірқатар ұйымның үлесі сіңіп отыр. Атап айтсақ, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, ардагерлер кеңесі мен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңес маңызды мәселелерді шешуде, тұрғындардың талап-тілегін жеткізуде өзінше септігін тигізеді. Барлық кеңесте жалпы саны 27 адам бар.

Ауыл тұрғындарының сұ­рауы­мен әрі жергілікті қауымдас­тықтың ықпалымен ауылда биыл 160 орынға шақталған Мәдениет үйінің құрылысы жобаланып отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты жобалаушы «ДИАС-проект» ЖШС тарапынан әзірленуде. Аталмыш орында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдап, дамуына арналған үйірмелер ашылмақ. Одан бөлек, бүгінде 500-ге жуық балаға ауыл клубында тегін сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар өткен жылы спорт алаңы мен екі ойын алаңы салынды. Жаңа нысандарды өзіміз де көрдік. Жалпы алғанда, футбол, баскетбол алаңы мен жүгіру жолағында шынығып жүрген балалар мен жастар жоқ емес.

Ал денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар нысан бар. Оның ішінде 7200 адам тіркелген жергілікті амбулатория және медицина орталығын айтуға болады. Амбулатория бір ауысымда 80 адамға дейін қабылдай алады. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының біршамасы Қызылжар ауылындағы Целиноград аудандық емханасына да жүгінеді.

Жалғыз мектеп аздық етеді

Тұрғындардың айтуынша, Талапкерде 2013 жылы салынған №3 жалпы білім беретін жалғыз ғана мектеп бар. Бірақ орын санының көптігінен кей оқушылар қалаға қатынап оқиды. Нақты айтсақ, бұл мектеп 900 орынға жоспарланған. Ал іс жүзінде бала саны межеден екі-үш есе көп. Барлығы 2100 оқушы білім алып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында биыл ауылда «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 4800 орынға арналған екі мектептің құрылыс жобасы әзірленді. Аталмыш жоба арқылы оқушы орнының тапшылығы мәселесі шешіледі деп тұрғындар үміттеніп отыр. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Көпен Қасенов.

«Екі немеремді күнде мектепке апарамын. Ауылда алты жылдай тұрып келемін. Жағдайы жақсы. Екі мектептің салынғанын асыға күтіп отырмыз. Өйткені үлкен немерелерім қалаға барып оқиды. Сол жағынан аздап қиындау» деді ол.

Ауыл халқы шағын кәсіпкерліктен нәпақасын айырып отыр. Ал басым бөлігі қалаға қатынап, жұмыс істейді. Осы ретте жергілікті халық қала ішіне №306 және №326 автобусымен қатынайды. Екі автобустың жүру аралығы – 15-20 минут. Тұрғындар қалаға жетуде қиындық жоқ дейді.

Үргені үрей туғызады

Астана маңындағы елді мекендерде қаңғыбас иттер көбейген. Бұған не себеп болып отырғанын әркім әртүрлі түсіндіреді. Мұндай мәселе Талапкерде де бар. Ауылдың 67, 69 және Шәмші Қалдаяқов көшелерін аралай жүріп, бір топ иесіз жануарды кездестірдік. Көше кезген қаңғыбас иттер жергілікті тұрғындардың үрейін қашыратын көрінеді. Әсіресе баласы үшін уайымдайтын ата-ана қарғыбауы жоқ салпаң құлақтардың саны көбейіп бара жатыр деп дабыл қағуда. Топтасып жүрген иттер ауыл балаларының мектепке барар кезінде мазасын әбден алады дейді тұрғындар. Қаладағы қаңғыбас иттерді жүк көлігімен әкеліп, шығарып жібергенін олар бір емес, бірнеше рет көріп куә болған. Осы мәселеге қатысты 2022 жылдың 2 наурызында күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңын айтуға болады. Заңға міз бақпай, итін байлаусыз қалдыратындар артынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабына («Жеке тұлғаның мүлкіне зиян келтірген иттерді серуендету ережелерін бұзу») сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Дегенмен бұл түйткіл әкімдік тарапынан әлі шешімін таппай отыр. Қоғамға да итті асырау мәдениеті аса қажет.

Ауыл үміті – газ бен су

Талапкерліктер үшін ең қажетті тетік – ауыз су мәселесі. Бірнеше жылдан бері мәселе шешілмей келеді. Орталықтандырылған су жүйесіне толықтай қосылу – тұрғындардың басты талабы. Елорда іргесінде тұрғанмен, халық ауыз суды тіпті қаладан тасуға мәжбүр. Ауылдың ауласында бір-екіден құдық бар, бірақ суы ащы болғандықтан ішуге жарамсыз. Құдықтан басқа, су беретін арнайы төрт орын бар. Мұндағы жұрт ауыз су үшін осы орындарға барып, ұзын-сонар кезекте тұрады. Ауыр тірлікке әбден көнбіс болып алған тұрғындар жазда қинала қоймағанмен, су тасудың тауқыметін қыс бойы тартып шығады. Әсіресе апталап ақ түтек боран соғып, көшені белуарға дейін қар басып қалған күндері қиын. Мұндай кезде су беретін орынға жету үшін бораннан кейінгі күртек қарды омбылап кешіп бару керек. Ауыл тұрғындары үшін өзекті ауыз су мәселесіне қатысты сұрақты ауылдық округ әкіміне қойдық. Сөзінше, осы уақытқа дейін Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары шеңберінде Талапкер ауылында ұзындығы 178617 шақырым болатын суды тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мақсатында былтыр Талапкерде суды тарату желілері салынды. Оларды Кенжебай және Рахымжансай жерасты суы кен орнынан су құбырына қосу жоспарлануда. Ал биыл магистралдық су құбырын салуды бастау жоспарланып, іске асырылмақ.

Талапкер ауылының барлық тұрғын үйлері мен басқа нысандары пешпен жылынады. Ауылға газ тарту мердігер компания «Қазақ мұнай және газ тасымалдау институты» ЖШС-пен жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асады. Бірақ елді мекенде тұратындардың айтуынша, әлі күнге дейін көгілдір отынды көрген жоқ, баяғыдай көмір жағып отыр.

Жарық, жол мен тазалық керек

Ендігі мәселе – электр ­қуаты. Ауылдық округ әкімінің айтуынша, электр жарығын жекеменшік желіден тұтынып келе жатқан тұрғындарды мемлекеттік желіге көшіру жұмысы былтырдан жүзеге асып жатыр.

– Ауылды орталықтандырылған электр қуатымен толықтай қамту жұмысы кезең-кезеңімен істеліп келеді. Өткен жылы Талапкер ауылында 25 ҚТС-ты (қосалқы трансформаторлық станса) жөндеу жұмысы аяқталды. Бүгінде «АРЭК» АҚ қызметінде 16 ҚТС бар. Ал негізінде барлығы 49 ҚТС жұмыс істейді. Ендігі кезекте ҚТС-ты мемлекеттік орталықтандырылған жүйеге қосу жұмысы қалды, – деді ауылдық округ әкімі.

Айта кетейік, электр қуаты жекеменшік желіге қосулы болған соң, ауылда 2020 жылы көше жарығы болмаған еді. Салдарынан көлік қақтығысы, тұрғындар шағымы секілді мәселелер орын алды.

Талапкер ауылдық округіне қарасты үш ауылдағы жолдардың аумағы 120 шаршы шақырымды құрайды. Оның ішіндегі 90 шаршы шақырым Талапкерге тиесілі. Ауылдағы кентішілік жолдарды күрделі жөндеу жұмысын 2020-2022 жылы «АБК Автодор» ЖШС мердігер ­ұйымы аяқтады. Ұзындығы 27,4 шақырымға созылған жолға асфальт төселді. Сондай-ақ көше және жол желісін орташа жөндеу «Жерұйық-консалтинг» ЖШС мердігер ұйымымен жүзеге асты. Оның ұзындығы – 2 шақырым. Ауылдық округ әкімінің айтуынша, шамамен жолдардың 70-80 пайызы жөнделді. Сапалы жолмен ауыл тұрғындарын қамтамасыз ету мақсатында биыл бірнеше жобаның жоспары қаралды. Атап айтсақ, «ТаразЭнерджи» ЖШС мердігер ұйымы ұзындығы – 9,9 шақырым, «Қаршыға 97» ЖШС ұзындығы 14,4 шақырым жол құрылысы жұмысын жүргізбек.

Көшедегі қоқыс – ауылдарға ортақ мәселе. Ал Талапкерге қатысты айтсақ, ауылдан 200-300 шақырымдық жерде үлкен қоқыс алаңы бар. Ауылдың барлық күл-қоқысы осы жерге төгіледі. Осыған қатысты 2022 жылы Талапкер ауылында 90 қоқыс алаңы орнатылды. Тапсырыс беруші – «Целиноград ауданының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Қоқыс мәселесін шешу мақсатында әкімдік тарапынан бүгінгі таңда қоқысты шығаратын «Clean City NC» ЖШС-пен келіссөздер жүргізілуде.

Елордаға жақын бола түседі

Астана агломерациясын ­жүйелі түрде дамыту – стратегия­лық маңызды бағыт. Бұл туралы 2023 жылғы 31 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте атады.

– Астананың және Ақмола облысының әкімдері қала маңындағы аудандарда тұратын жұрттың әл-ауқатын арттыруға күш салуы керек. Астана агломерациясы инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және білікті мамандардың еңбек етуіне барынша ыңғайлы болуға тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Әлем экономикасында түбегейлі өзгерістер болып жатқан қазіргі кезеңде бұл – өте өзекті мәселе. Біз осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, елорда аймағын еліміздің экономикалық тірегіне айналдыруымыз керек, – деді Президент.

Елордаға іргелес ауылдар үшін бұл бастама Астана мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрмыс деңгейін біріздендіруге мүмкіндік бермек. Жаңа өндіріс кәсіпорындары мен инфрақұрылым нысандарын орналастыру елорда іргесіндегі ауылдардың әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Бұл – біз айтқан Талапкер ауылы үшін ең қажет тетік. Жыл сайын демографиясы өсіп жатқан ауылға қай саладан алсақ та бетбұрыс қажет дей аламыз. Сәйкесінше, инфрақұрылым да болу керек. Астана агломерациясына енген Талапкердің талабы – соған сай болу.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button