Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана агломерациясы

Бүгінде қала халқы инфрақұрылымға қарағанда тез өсуде. БҰҰ мәліметтері бойынша, төрт миллиард адам, яғни әлем халқының жартысы қалаларда тұрады және 2050 жылға қарай жер тұрғындарының үштен екісі қалаларда тұратын болады.

Жеделдетілген урбанизация мәселесін шешу үшін БҰҰ ұсынымына сәйкес мемлекет жақсы ойластырылған сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін, сондай-ақ қоғамдық көлік және денсаулық сақтау жүйелерін қамтитын қала құрылысын дамыту керек.

Аумақтарды үдемелі дамытудың өңірлік стратегиялары – Қазақстан Республикасында дамудың басым бағыты. Аталған стратегиялар шеңберінде ел өңірлерінің экономикалық кеңістігін жаңғырту агломерациялық үрдістермен тығыз байланысты.

«Астана агломерациясы инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және білікті мамандардың еңбек етуіне барынша ыңғайлы болуға тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Әлем экономикасында түбегейлі өзгерістер болып жатқан қазіргі кезеңде бұл – өте өзекті мәселе. Біз осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, елорда аймағын еліміздің экономикалық тірегіне айналдыруымыз керек» деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Әрбір бесінші қазақстандық еліміздің ең ірі үш қаласында – Астана, Алматы және Шымкентте тұрады. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтері бойынша, агломерация орталықтарында елдің ЖІӨ-нің шамамен үштен бірі өндіріледі және елге тартылатын шетелдік инвестициялардың 60%-дан астамы орналасады.

Агломерация құрамына кіретін ауылдық елді мекендердің көпшілігі үшін негізгі проблемалық мәселелер Ақмола облысының елордаға іргелес елді мекендердегі халық санының өсуі, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің тапшылығы және инженерлік инфрақұрылымның, жылумен жабдықтау және сумен жабдықтау желілерінің, интернеттің болмауы немесе дамымауы болып табылады. Бұл жағдайлар Астана қаласына іргелес елді мекендердің инвес­тициялық тартымдылығының төмендігімен байланысты.

Сондай-ақ азаматтарды заңды тіркеу және нақты тұрғылықты жеріне қатысты мәселелер де бар. Кейбір азаматтар агломерация құрамына кіретін аумақта тұрғанымен елордада тіркелген. Олар әлеу­меттік қызметтерді іс жүзінде тұрғылықты жері бойынша алады. Осылайша, медициналық көмек көрсетуде, өрт және құқық қорғау қауіпсіздігін қамтамасыз етуде түрлі проблемалар туындайды. Сонымен бірге тұрғындардың шамадан тыс көп болуы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын қиындатып отыр.

Өткен жылы Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді, ол жоғарыда аталған мәселелерді шешуге тиіс. Бұл жоспар жақын арада бекітіліп, оны қысқа мерзімде іске асыруды ұсынамыз. Кешенді жоспарды қабылдау Астана агломерациясының аумағын өмір сапасы жоғары, қоршаған орта және жаһандық сауда-­экономикалық байланыстар жүйесіне интеграцияланған бәсекеге қабілетті экономикасы бар көпфункционалды өңір ретінде дамытуға мүмкіндік береді.

Олжас ҚҰСПЕКОВ,

Мәжіліс депутаты, Respublica партиясы

фракциясының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button