Sport

«Астана» айласын асырды

Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында кезекті турдың ойындары өтті.

Ақтөбеге қонаққа барған «Астана» өте тартысты өткен ойында үш ұпайды еншілеп қайтты. Еліміздің төрт дүркін чемпионы болған «Ақтөбе» үшін соңғы екі жылда қатарынан ел біріншілігін ұтқан «Астана» негізгі қарсыластың бірі екені сөзсіз еді. Сондықтан да бұл ойын турдың басты матчы болып саналды.

Екі команда да қорғанысқа аса мән беріп ойнады. Бірінші таймда есептің ашылмауы, қауіпті сәттердің аз болуы сол әсіре сақтықтың нәтижесі болса керек. Алайда, «Астана» командасы ұйымдастырған бір шабуыл жемісін бермей қоймады. Ойынның 83-ші минутында астаналық қорғаушы Евгений Постников «Ақтөбе» қақпасына қарай алыстан пас шығарды. Әуелеп жеткен допқа бірінші болып жеткен Неманья Максимович ала допты көп ойланбастан қақпаға қарай бағыттады. Соққысы қатты жартылай қорғаушының бұл ұрысына алаң иелерінің қақпашысы тосқауыл бола алмады. Осылайша есеп ашылып, «Астана» алға шықты. Қалған бес минутта ақтөбеліктер есепті теңестіру үшін қанша тырысқанымен еш нәтиже көрсете алмады. Ойын аяқталғанда таблодағы 0:1 есебі өзгеріссіз қалды. Сөйтіп, «Астана» сырт алаңда өте тәжірибелі команданың бірінен айласын асырып, үш ұпайды еншілеп қайтты.

Турдың басқа ойындарында мынандай нәтижелер тіркелді: «Шахтер» – «Тобыл» 1:0, «Қайрат» – «Ақжайық» 3:2, «Оқжетпес» – «Тараз» 0:0, «Ордабасы» – «Жетісу» 0:1, «Атырау» – «Ертіс» 0:1.

«Астана» келесі ойынды 2 маусым күні Таразда өткізеді.

                                                                            Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button