Sport

«Астана» айласын асырды

Қазақстан халқының бірлігі күні – 1 мамырда «Астана Арена» стадио-нында қазақстандық жанкүйерлердің қызыға тамашалаған футбол бәсекесіне куә болдық.

«Астана» мен «Қайрат» командалары арасындағы ойын қашанда тартысты әрі қызықты өтетіні белгілі. Бірнеше жылдан бері осы екі команда ұлттық біріншіліктің алтын жүлдесі үшін ең бас-ты қарсылас болып келе жатқаны сол шынайы бәсекелестіктің көрінісі болса керек. Былайша айтқанда, «Астана» мен «Қайрат» матчы жыл өткен сайын Испания біріншілігіндегі «Барселона» мен «Реал», Англия чемпионатындағы «Манчестер Юнайтед» пен «Арсенал», Италия додасындағы «Ювентус» пен «Милан», Ресей премьер-лигасындағы «Зенит» пен ЦСКА командалары секілді ел ішіндегі айтулы дербиге айналып барады.
Сонымен кезекті дерби де өтті. Бұл матчты 11 мың жанкүйер тамашалады.
Ойын басталған сәттен екі жақ та қорғанысқа аса маңыз беретіні аңғарылды. Алайда, алаң иелерінің алғашқы шабуылы нәтижелі аяқталды. Қонақтардың ойын тәртібін бұзғаны үшін төреші сол қапталдан айып добын белгіледі. «Қайрат» қақпасына дейін 35-40 метр шамасынан астаналық жартылай қорғаушы Серікжан Мужиков әуелетіп соққы жасаған еді. Қақпа алдына қарай бағытталған допты күткен ойыншылардың арасынан Неманья Максимович оқ бойы оза секіріп, ала допты Плотников қақпасына тулатып түсірді. «Астана» сапындағы сербиялық футболшының баспен ұрған соққысына қонақтар қақпашысы ешқандай қауқар көрсете алмады. Осылайша, есеп ашылып, таблода 1:0 көрсеткіші жарқ етті.
Мұндай жағдайды күтпеген «Қайрат» футболшылары ойынды алаң ортасынан бастауға мәжбүр болды. Осы ойынға Алматыдан да едәуір жанкүйерлер келгені байқалды. Олардың өкінішті айқайы қамшыласа керек, «Қайрат» футболшылары алға ұмтылды. Ермек Қуантаев есепті теңестіруге шақ қалды. Алайда, оның соққан добы Эрич қақпасының маңдайшасын жанап өтті. Ойынның 28-інші минутында «Астана» капитаны Танат Нөсербаев есепті еселеуге керемет мүмкіндік алған еді. Дмитрий Шомконың алыстан жолдаған пасын жақсы игеріп алған астаналық шабуылшының бағыттаған добы дәл «тоғыздыққа» түсе жаздады. Өкінішке қарай, ала доп қақпаның үшбұрышынан кері қайтты.
Ойынның екінші таймын алматылықтар ширақ бастады. Әрине, ол түсінікті еді. «Қайраттың» тек жеңіс үшін келгені белгілі-тін. Өйткені, Алматы командасы биылғы чемпионатты сәтсіз бастаған еді. Оның үстіне бас бапкерлері ауысып үлгерді. Дегенмен, Аршавин, Тимощук секілді аты аңызға айналған футболшылары, Исламхан, Бакаев, Исаэль сияқты шебер ойыншылары бар команда ойын соңына дейін барын салып бақты. Бірақ, Станимир Стойлов баптайтын «Астана» ойыншылары өте салқынқандылық танытып, алаңның әр бөлшегінде өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындай білді.
Сонымен, көпшілік асыға күткен «Астана» – «Қайрат» матчы 1:0 есебімен аяқталды.
Турдың басқа ойындарында мынадай нәтижелер тіркелді: «Тобыл» – «Тараз» 1:0, «Ордабасы» – «Ақжайық» 1:0, «Ақтөбе» – «Оқжетпес» 1:0, «Шахтер» – «Атырау» 0:0, «Жетісу» – «Ертіс» 0:3.
«Астана» келесі ойынын бүгін Көкшетауда жергілікті «Оқжетпес» командасына қарсы өткізеді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button