Басты ақпаратҚала мен сала

Астана – аймақ дамуының драйвері

Биыл елорданың экономикалық табысы алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Осылайша, Астана аймақ дамуының драйверіне айналып келеді. Оған жыл санап қарқын алған төмендегі көрсеткіштер айқын дәлел.

Бас қала үшін 2024 жыл табысты болды. Елорданың жарқын жетістіктері де аз емес. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалды. Қала экономикасы өсуде. Жалпы өңірлік өнім бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7%-ды құрады, бұл – 5,4 трлн теңге. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ағымдағы жылы жалпы өңірлік өнім құрылымында өндіріс секторының үлесі 13,9%-дан 15,7%-ға дейін өсті. Бұл өнеркәсіп және құрылыс салаларының белсенді дамуының арқасында болды.

Орта кәсіпкерлер саны артты

Елорданың экономикалық тұрғыда ілгерілеуіне шағын және орта бизнес санының артуы оң серпін беріп келеді. Қалада жаңа жұмыс орындары құрылып, инвестиция тарту деңгейі артты. Негізгі драйвер шағын және орта бизнес болып табылады, ол елорда экономикасының 72,1%-ын, Қазақстан Республикасы бойынша орташа 38,2%-ды құрайды. Бұл – рес­публика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бүгінгі таңда бас шаһарда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,3%-ға өсіп, 247 мыңнан асты.

Астананың жеке табысы алғаш рет 1 трлн теңгеден артты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 28,6%-ға өсім 777,6 млрд теңге болды. Бұл барлық негізгі санаттар бойынша салық түсімдерінің өсуіне байланысты. Бас қаладағы инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгеден асып, 20,4%-ға ұлғайды. Осы соманың 70%-дан астамы – жеке инвестициялар. Қаланың сәулеттік келбеті көркейіп, өркендеп өсіп келеді. Елорданың құрылыс секторының қарқыны 870 млрд теңгеден асты. Он бір айдың ішінде 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға көп.

Үлескерлер мәселесі шешіледі

Астанада тозығы жеткен және апатты деп танылған ескі үйлердің мәселесін шешу жалғасуда. Реновация бағдарламасы бойынша 2029 жылға дейін бас қалада 206 апатты үйдің тұрғындарын жаңа пәтерге қоныстандыру жоспарлануда. Бағдарламаның үшінші кезеңі басталғалы бері 37 апатты үйдің тұрғындары көшірілді. Үлестік құрылыс бойынша бүгінгі таңда 142 үйдің құрылысы аяқталып, шамамен 15,6 мың үлескер-отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. «Комфорт аймағы – 1» және «Жағалау – 4» тұрғын үй кешендерінің салымшылары өз пәтерлерінің кілттерін алды. Қала басшысының айтуынша, қалған үлес­керлер бойынша мәселелер аяқталу сатысында тұр.

Инженерлік инфрақұрылым дамып келеді. Қалада ТЭЦ-3-тің бірінші кезегі мен «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларын іске қосу арқылы жылу қуаты 30%-ға артты. Бұл қаланың қазіргі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта сыртқы ауа температурасы орташа есеппен алғанда, минус 10-15°C болғанда, жылу генерациясының профициті сағатына 1200 гигакалорийді құрайды. Қала басшысының айтуынша, биыл «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы жалғасуда, ал келесі жылы «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясының құрылысы басталады. Бұл 2035 жылға дейін қаланы жеткілікті жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Су тапшылығы жоқ

Бас қалада үшінші сор­ғы-сүзгі станциясынның іске қосылуы және Астана су қоймасынан екінші су құбыры желісінің құрылысы аяқталуының арқасында тәуліктік қуат қоры тәулігіне 70-80 мың текше метрді құрады. Келесі жылы Нұра жерасты су көзінен су құбырының құрылысын және «Тельман» сорғы станциясын кеңейту қолға алынады. Ұзақ мерзімді шаралар аясында Сәтбаев атындағы каналдан жаңа су құбыры жобалануда. Осы жобаларды іске асыру қаланы 2035 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Су бұру мәселесін шешу үшін көктемде тәулігіне 188 мың текше метр қуаттылығы бар екінші кәріз-тазарту құрылғыларының құрылысы басталады. Сонымен қатар, сенімді су бұруды қамтамасыз ету мақсатында қаланың ескі бөлігіндегі «Көктал», «Өндіріс» тұрғын алаптары мен Индустриялық парк аудандарында қосымша жалпы қуаттылығы шамамен тәулігіне 85 мың текше метр болатын 3 жергілікті тазарту құрылғыларының жобалары әзірленуде. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарланып отыр. 2019 жылы қалада 245 проблемалы су басу учаскелері болды. Нөсерлі кәріз жүйелерін салу және қолданыс­тағы тазарту құрылғылары мен коллекторларды тазартып, қайта жаңғырту арқылы қазіргі таңда тек Рысқұлов көшесі, Тұран даңғылы, Триумф аркасы, Қорғалжын тас жолындағы 4 учаскенің мәселесі шешілуде.

Тұрғын алаптар газдандырылды

Қазіргі таңда елордадағы жеке меншік үйлердің 50%-ы газбен жылытылады. Газдандыру мәселесі белсенді жалғасуда. Биыл 1500-ден астам үй, оның ішінде Үркер тұрғын алабындағы «Family Village»-дегі 468 үй газдандырылды. Келесі жылы «Өндіріс», «Garden Village» және «Шұбар» тұрғын алаптарын газдандыру жобаларын іске асыру басталады. Қаладағы ЖЭО-ды газға көшіру шығарындыларды 30%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Ал жалпы газдандырудың арқасында үш жыл ішінде атмосфераны ластайтын зиянды заттардың жалпы көлемі 34%-ға төмендеді.

Қаланы тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз ету мақсатында зияткерлік бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтуға бағытталған «Smart City» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында жол қозғалыс ережелер бұзушылықтарын талдау және ситуациялық талдау үшін жасанды интеллектті пайдалана отырып, қалалық инфрақұрылымды кешенді басқару мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған 22 мың камера мен 1200 жылдамдық өлшегішті орнату көзделіп отыр. Келесі жылдың басында жобаны іске асыру басталады.

Көпірлер салынып, кептеліс азаяды

Президенттің тапсырмасы бойынша кешенді көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленіп, бекітілді. Бағдарлама міндеттерінің бірі – қоғамдық көлікті пайдаланудың үлесін 71%-ға дейін арттыру. Бұл қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығын ұлғайту, жайлылықты арттыру және қолжетімділікті жақсарту арқылы жүзеге асырылады. Биыл жалпы ұзындығы 60 шақырымнан тұратын 50 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі көпірдің құрылысы аяқталды. Бұл Мәңгілік ел даңғылындағы жүктемені азайтып, азаматтардың оң және сол жағалау арасындағы қозғалысын жеңілдетті.

Бүгінде LRT құрылысы бойынша жұмыстар айтарлықтай жеделдетілді. Эстакада бөлігінің құрылысы аяқталып, станция­ларда темірбетон жұмыстары орындалды, сондай-ақ Есіл өзені арқылы көпір салынды. Қазіргі уақытта 18 станцияның құрылысы жүргізілуде. 2026 жылдың соңына дейін жобаны толық аяқтау жоспарланған, оның ішінде Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесінің бойындағы LRT эстакадасы астындағы аумақты абаттандыру қарастырылған. Соңғы екі жылда автобус паркі 706 жаңа автобуспен толықтырылып, қаладағы автопарктер 45%-ға жаңартылды.

2025 жылы қоғамдық көлік паркін тағы 300 бірлікке ұлғайту жоспарланып отыр. 170 қо­ғам­дық және аула кеңістіктерін абаттандыру жұмыстары аяқталды. Ұлытау аллеясы, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары, Қазақ елі алаңы, Мыңжылдық аллеясының бір бөлігі, Жүргенов аллеясындағы сквер, ескі вокзал аумағы мен оған іргелес Гете және Біржан сал көшелері, Жастар саябағы, сондай-ақ «Керуен» және «Хан Шатыр» сауда орталықтарының жанындағы скверлер абаттандырылып, көгалдандырылды. Ақбұлақ жағалауы, Президент саябағы және Бейбітшілік пен келісім саябағы кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақтар кластері, сондай-ақ Жағалау шағын ауданындағы 18 гектар ау­мақ кешенді абаттандырылды.

Жасыл желек – жанға сая

Елорданы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қаланың барлық аудандарында жүзеге асырылуда. Биыл қала мен «Жасыл белдеу» аумағында шамамен 1 миллион жасыл желек отырғызылды. Елорда басшысының айтуынша, олардың ішінде біздің климатқа бейімделген еуропалық ағаш түрлері де бар. Биыл қаланы көгалдандыру Жарғысы қабылданды. Енді бірде-бір құрылыс салушы дендропланды іске асырмай және өз нысаны айналасындағы жасыл желектерді үш жыл бойы күтіп-баптау бойынша міндеттерді орындамай, нысанды толық тапсыра алмайды.

Астанада абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Мысалы, Тәуелсіздік сарайы­ның алдындағы «Қазақ елі» алаңында жалпы ауданы 13 га аумақ кешенді абаттандырылды, Жүргенов көшесінде жасыл бульвар ашылды. Сондай-ақ Алматы ауданында Ақбұлақ өзенінің жағалауы ретке келтірілді. «Жастар» саябағы айтарлықтай өзгерді. Қаланың вокзал маңы мен оған іргелес Біржан сал және Гете көшелері қайта түрленді. Вокзал маңындағы көшелердің жалпы ұзындығы 1,5 км болса, елорданың тарихи көшелерін қайта жаңарту жобасы аясында жалпы абаттандыру алаңы 17 мың шаршы метрден асты. Сонымен қатар, «Ұлытау» аллеясы, Мәңгілік ел даңғылы, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары, «Мыңжылдық» аллеясының бөлігі, «Керуен» және «Хан Шатыр» СОО жанындағы гүлзарлар, Агроқалашық елді мекені, Жеңіс даңғылы, «Жағалау» шағын ауданы, Уәлиханов көшесі және т.б. абаттандырылып, көгалдандырылды.

Мектептер көбейіп келеді

Жыл сайын қалада мектеп жасындағы балалардың саны орта есеппен 20 мыңға өсіп келеді. Елорда мектептеріндегі оқушы орындарының жетіспеу­шілігін жою мақсатында жыл басынан бері 18 мектеп, оның ішінде 11 «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырудың арқасында екі ауысымда 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Келесі жылы қалада тағы 20-ға жуық мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу көзделген. Бірінші кезең аясында 3000 орындық 10 балабақшаның құрылысы басталды. Сонымен қатар, 17 жеке балабақша салынады.

Мемлекет басшысы бас шаһарда мектеп жасындағы балалардың өнерге, ғылымға, технологияға және спортқа қызығушылығын арттыратын Оқушылар сарайын көптеп ашуды тапсырған болатын. Бұл ретте 2029 жылға дейін Астанада  15 заманауи Оқушылар сарайын салу міндеті тұр. Олардың екеуі қазірдің өзінде жұмыс істеуде. Бүгінде 3 нысанның құрылысы жүріп жатыр, қалғандары – жобалау сатысында. Елорданың кітапханалары заманауи мәдени кеңістіктерге айналуда. Биыл 4 жаңа кітап­хана ашылса, келесі жылы тағы 7 кітапхананы жаңғырту және ашу жоспарланып отыр. Спорттық инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. 2026 жылы «Қазақстан» спорт сарайы қайта жаңартылады. Қазіргі таңда «ҚазҒЗИ энергетика және байланыс» ЖШС-мен бірлесіп жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылдың соңына дейін Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион қайта құрылып, жаңғыртылады.

Медициналық инфрақұры­лымды дамыту шеңберінде таяу­дағы бес жылда 10 нысан, оның ішінде 2 перинаталдық орталық, 2 жаңа заманауи көпсалалы аурухана, бір балалар ауруханасы, екі мемлекеттік және төрт жеке меншік емхана салынады.

Жұмыспен қамту жақсарды

Елордада халықты жұмыспен қамту мәселесі оңтайлы шешіліп, тұрақты жұмыс орындарын құруда белсенді істер атқарылуда. Бүгінгі таңда Астанада жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ды құрайды, бұл орташа республикалық деңгейден төмен. Жұмыспен қамту шараларымен 23 мыңнан астам адам қамтылды, оның 13 мыңы – 35 жасқа дейінгі жастар. Қазір елордада 61 мың жұмыс орны құрылды.

Қала басшысының айтуынша, JOLTAP жобасы жүзеге асырылғалы бері бас қалада 25,5 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат жұмыспен қамтылды, 4,5 мың азамат жұмысқа орналас­тырылды және 7,5 мың адам сұранысқа ие 17 мамандық бойынша қысқа мерзімді оқытуға жіберілді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button