Мәселе

Астана айналасы ала-құла

Ұлы Шоқанның біз кездері айтқан «…қаймағы бұзылмаған қазақтарда тарихи оқиғалармен байланысты адам аттары, жер-су атаулары, тағы басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады» деген сөзінің түп төркініне әлі де терең бойлай алмай келеміз… Ал қаймағы бұзылған қазақ жеріне отарлық кезеңде жат топонимдердің де топырлап келуі жергілікті жер атауларын жер жастандырған еді. Оның салдары – зердеміздегі зардабы.

[smartslider3 slider=504]

Елді мекен атаулары тәуелсіздік талаптарына сай келмей отыр. Жұмекеннің «Мән бермеппін жер атына бұрын мен, кездерім көп мән бермеуден сүрінген…» деген жыр жолдарында қаншама шындық жатыр. Белгілі бір мекеннің қай халыққа, қай ұлысқа тән екенін сол жерлерге қойылған атауларына да қарап топшылауға болады дейтініміз сол. Осыны жақсы түсінген отарлаушылар өз мақсатын білді.
Кешегі қамыттың қара таңбасы бүгінге дейін мойнымызды қажап келеді. Жұлып тастауға жүрексінеміз бе, белгісіз. Азаттық таңы атты деп бөркімізді аспанға атқанымызға отыз жыл болды әйтпесе. Алайда Нұр-Сұлтанның айналасы әлі қалың орысша атау­ларға толып тұр! Тіпті Ақмола облысында тәуелсіздік таңы атпаған сияқты.
Нұр-Сұлтанның төңірегіндегі елді мекендер – Октябрьское, Волгадонское, Николаевка, Новоишимка, Карамышевка, Первомайка, Вознесенка, Партизанка, Новобратское, Камышенка, Журавлевка, Луговое, Никольское, Максимовка, Семеновка, Каменка, Макеевка, Степногорск, Полтавка, Покровка, Приречное, Борисовка, Новоалександровка, Новочеркасское, Сергеевка, Тимашевка деп кете береді. Бәлкім, жергілікті тұрғындар тілегімен бұл атаулардың кейбірі өзгерген де болар, бірақ онлайн-картада бәз баяғы қалпында.
Ақмола облысындағы патша заманынан бері келе жатқан отаршылдық рухтағы топонимнің бірі Балкашин селосының атын өзгертуге ешкімнің де құдіреті жетпей отыр. Бұл атау 1888 жылы қойылған. Балкашин ауданы Сандықтау болып өзгергенмен, аудан орталығы әлі де Балкашин. Балкашин деген басбұзар 1878-1880 жылдар ішінде Ақмола облысын әскермен аралап жүріп, ең шұрайлы деген жерлерден қазақтарды қорқытып-үркітіп, ұрып-соғып тықсырта қуып шыққан. Балкашиннің кім және қандай адам болғанына Г.Потаниннің «Н.Балкашин служил чиновником особых поручений при генерал-губернаторе, а раньше был консулом в Чаучеке. К простому народу Балкашин относился с некоторой гадливостью и очень был заражен дворянским чванством. Словом, это был типичный шовинист. Киргизы были для него ордой, с которыми нечего было церемониться. Земли, которые они занимают, для государства выгоднее отдать русским крестьянам, а киргизы пусть убираются куда хотят» деген сөзі дәлел.
Кезінде жергілікті халықпен санаспастан қойылған тоталитарлық топонимдерден арылатын кез жетті. Өкініштісі сол, толық арыла алмай келе жатқанымыз – деколонизациялық саясаттың сылбырлығы. Ұлттық арымызға түрпідей тиетін осындай рухтағы атаулардан арылмай тұрып, ұлттық рухани жаңғыру туралы әңгіме айтудың өзі ерсілеу сияқты…

Бауыржан СЕГІЗБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button