Басты ақпаратМәслихат

АСТАНА ӘКІМІ ӘДІЛБЕК ЖАҚСЫБЕКОВТІҢ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

ERA_5791

Құрметті депутаттар!

Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты даму үстінде.

Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз Астана қаласын әрқашан назарында ұстап келеді. Елордамызды дамыту – барлығымызға ортақ міндет. Бүгінгі бір ауыздан қабылданған шешім оған куә. Алдағы уақытта да біріге жұмыс атқарамыз деп ойлаймын және сенемін.

 

Қадірлі депутаттар!

Бүгін маңызды қаржылық құжат – қала бюджеті қабылданды.

Сіздерді биліктің заң шығару органының өкілдерін бұл шешіммен құттықтағым келеді.

Осымен 2015 жылғы қызметтің негізі қаланды. Кейіннен реформалар барысында ол толықтырылуы, қажет болса, бюджеттік саясаттың бағыттары бойынша түзетілуі мүмкін.

Ағымдағы жыл Астана үшін қолайлы болды. Елордамыз өзін-өзі қамту деңгейіне шықты. Дамудың барлық негізгі даму бағыттары бойынша жоғары экономикалық көрсеткіштер байқалады.

2014 жылғы 10 айдың ішінде өнеркәсіптік өнім көлемі 228,6 млрд теңгені құрады.

Негізгі капиталға 472,2 млрд теңге тартылды, өсім 12,7%-ды құрады.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 31,5%-ға ұлғайды. 903,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 2013 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өсім 4,5%-ды құрады.

Орташа айлық көрсеткіші 11,3%-ға артып, 168,5 мың теңгеге жетті.

2011-2013 жылдар аралығында жалпы өңірлік өнім индексі бойынша жыл сайын орта есеппен 11% тұрақты өсу қарқыны байқалуда, бұл республикалық деңгейден айтарлықтай жоғары (орта есеппен – 106 %).

Бұл – қысқаша статистикалық мәлімет. Бірақ оған қарап, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында тапсырған жұмыстардың орындалуының нәтижесін көруге болады.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары дағдарыстың өрши түсетініне қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Нұрлы жол» Жолдауында жаңа экономикалық саясатты және еліміздің дамуының негізгі бағдарын анықтады.

Елбасы жария еткен жобалардың елімізге дағдарысты еңсеруге, сондай-ақ, инновациялық және технологиялық болашаққа серпінді қадам жасауға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

 

Құрметті депутаттар!

Мемлекет басшысының елордамыздың дамуына баса назар аударатынын білесіздер. Көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

2015 жылы 200 астам жобаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 170 млрд теңгеден артық қаржы қарастырылды.

Астана республикалық көлемдегі шараларды өткізуге белсенді қатысады. Келер жылы мерейтойлар көп болады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы және т.б.

Осыған орай мәслихат депутаттары мен қала әкімдігі барлық шараларға және жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуы керек.

Жақында «Астананың ерекше мәртебесі туралы» заңға мәслихат пен әкімдікке қосымша өкілеттіктер беру туралы түзетулер енгізу бастамасын көтердік.

Мемлекет басшысы бұл бастаманы қолдады. Бұл өзгерістер мәслихат депутаттарының рөлін күшейтуге, бақылау сапасын арттыруға, жергілікті деңгейде қаржылық тәртіпті жақсартуға, елорданың дамуы үшін маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

 

 

Құрметті депутаттар!

Алда экономикалық саясаттың жаңа прин­циптеріне өту міндеті қойылды. Сонымен қатар, әлеуметтік кепілдемелер мен міндеттемелердің ең төмен стандарттарын толық көлемде қамтамасыз етуге міндеттіміз.

Айта кетейін, алдағы жылы қызу жұмыс жүргізіледі.

Бірінші, бізге бюджет шығындарын барынша азайту және оның шығыс бөлігін тиімді пайдалану бойынша шаралар қолдану керек.

Меніңше, бағдарламалардың әкімшілеріне бюджетті орындау және қажетті шараларды уақытылы қабылдау бойынша жеке жауап­кершілік жүктелуі тиіс.

Барлық пайдаланылатын бюджет қаржысын алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешуге бағыттау керек, олар нақты нәтижелерге әкелуі тиіс.

Бюджет қаржысын жоспарлауды және жұмсауды, есепке алу мен есептіліктің шынайы және дұрыс жүргізілетінін бақылау депутаттық корпусқа байланысты деп ойлаймын. Жергілікті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын және бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды тиімді бақылау жөніндегі тұрақты комиссиялардың жұмысын күшейту керек.

Екінші. Елордамызға «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу бойынша ерекше жауапкершілік жүк­телді. Алдын ала болжамдарға сәйкес, көр­меге 5 млн жуық адам келеді.

Біз үшін көлік инфрақұрылымы мәселелері маңызды, соның ішінде Қабанбай батыр даң­ғылын модернизациялау, Астана әуежайында ұшып-қону алаңының жаңа терминалын, жаңа теміржол вокзалын салу міндеті тұр.

ЖЭО-1, ЖЭО-2 қалпына келтіру және ЖЭО-3 құрылысы да айрықша маңызға ие.

Халықаралық деңгейдегі шараларды өткі­зуге екі жылдан артық уақыт қалды. Белсенді жұмыс істеу керек.

Үшінші. Қаланы дамытудың негізгі бағыт­тарының бірі – «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру. Ол елорданың тыныс-тіршілігінің көптеген салаларын қамтиды. Атап айтқанда, «Зияткерлік көлік жүйесі», «БРТ», «Кешенді тіршілік әрекетін қам­тамасыз ету жүйесі» және т.б. жобалар. Бұл мәселені бақылауда ұстау қажет. Жобаны жүзеге асыру қалаға да, тұрғындарға да барынша пайдасын тигізуі керек.

Төртінші. Әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу.

Денсаулық сақтау саласында аурулардың алдын алуға және болдырмауға, алғашқы медициналық көмек көрсету мен емхана қызметтерінің сапасын арттыруға басымдық берілуі керек.

Бүгін қалада белгілі бір дәрежеде білікті меди­циналық кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін жергілікті бюджеттен әлеуметтік топтаманы кеңейту, қызметтік жатақханалар салу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Сонымен қатар, медициналық колледждің жаңа типтік ғимаратын салу мәселесін қарас­тыратын уақыт келді деп ойлаймын.

Елордада жұмыссыздық мәселесі де өзекті, әсіресе, жастар арасында. Оларды жұмысқа орналасуға ынталандыру шаралары мен жаңа мүмкіндіктері жайлы ойлану керек.

Білім беру саласында мемлекеттік тапсырысты және балабақшаларда ата-аналар төлем­дерінің көлемін ұлғайтуды қарау
керек. Үш жылдың ішінде бұл көрсеткіш өзгерген жоқ.

Бұл ретте балаларды тамақтандыру құнын өзгерту мүмкіндігін де қарастыру қажет. Бүгінде бұл көрсеткіш 29 мың теңгені құрайды және ол 2012 жылдан бері өзгермеген. Біз девальвацияны, азық-түлік бағаларының көтерілгенін, жыл сайынғы инфляцияны ескермейміз. Бұл – Қазақстан бойынша ең төменгі көрсеткіш.

Қоғамдық көлікпен жол жүруге келсек, қазіргі кезде «Оқушыларға арналған қо­ғам­дық көлікпен жол жүру жеңілдіктері туралы» мәслихат шешіміне сәйкес білім меке­мелерінде оқитын көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға қоғамдық көлікпен жол жүру кезінде жеңілдіктер жасалады.

Жеңілдікті жол жүру құқығын барлық оқу­шыларға берген дұрыс болады деп санаймын! Әрине, бірден емес, кезең-кезеңмен осыған да келеміз. Мұны егжей-тегжейлі талдау керек.

 

Құрметті депутаттар!

Бүгінде біз үшін ең бастысы – бұл өзекті мәселелерді шешуге мүдделі болу, бұл өз кезегінде, барлық қиындықтар мен қарама-қайшылықтарға қарамастан соңында қаламыз­дың дамуы үшін аса қажетті маңызды және қажетті шешімдер қабылдау болып табылады.

Біз бар күш-жігерімізді біріктіріп, Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындап, алға қойған жаңа міндеттерді шешетініміз сөзсіз.

Астана қаласы мәслихатының депутаттық корпусын жемісті әрі сапалы жұмысы үшін шын жүректен алғыс айтамын.

Осы жағдайды пайдалана отырып, залда отырғандардың барлығын алдағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтаймын.

Назарларыңызға рахмет!

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button