Руханият

Астана әкімінің алғысын алды

5g7a3277

Елордада Қазақстан халқының XVIII тілдер фестивалінің аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары жиналған шарада мемлекеттік тілдің насихаты мен дамуына, оның қолданыс аясының кеңеюіне өлшеусіз үлес қосқан бірқатар адамға Астана қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқар­масы ұйымдастырған кеште сөз алған атал­мыш басқарманың басшысы Тілеуғали Қыш­қашбаев тілдер фестивалінің шеңберінде өткен, алда өтетін шараларға тоқталды. Оның айтуынша, алдағы сейсенбі, 27 қыркүйек күні Жастар театрында «Отан отбасыдан басталады» атты мерекелік кеш өтіп, онда осы кештегідей ана тіліміздің мерейі өсіріледі. Сондай-ақ, қазақ тілін жастардың қарым-қатынас тіліне айналдыру мақсатында 28 қыр­күйекте арнайы акция ұйымдастырылады.

Астана еліміздің елордасы атанғалы бас қалада мемлекеттік тілдің өріс алуы­на жауап­ты басқармаға бірнеше адам жетекшілік етті. Астанада қазақ тілінің кең қанат жаюына олардың қосқан еңбегі аз емес. Сондай адамдардың қатарында халық ақыны Қонысбай Әбілдің, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазының, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту және үйлестіру республикалық орталығының директоры Ербол Тілешовтің есімдерін атауға болады. Кештің салтанатты бөлімінде Астана қаласы әкімінің Алғыс хаты алдымен осы азаматтарға тапсырылды.

Қала басшысының алғысын алғандардың қатарынан жазушы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, қоғам қайраткері Алдан Смайыл, теледраматург, публицист-жазушы, ҚР Тіл комитетінің алғашқы төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күні кеше ғана халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапатталған Сұлтан Оразалы, Мемлекеттік тіл қозға­лысының төрағасы, экономика ғылым­да­рының докторы Сайлау Батыршаұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы табылды.
Сондай-ақ, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ардагер қызметкерлері Светлана Сүлейменова, Қаламқас Қан­теева, Көпбосын Бекмағамбет және осы басқармада 10 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан Нұрзила Қасқатаева, Құралай Ақсейітова, Гауһар Елембаева, Айнұр Нұрманова, Талғат Ермағамбетов аталмыш марапаттың иесі атанды.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button