Әлеумет

Астана әлемдік флешмобқа қатысады

2 сәуір – Бүкіл­әлемдік аутизм жай­лы ақпарат тарату күніне орай жыл сайын әлемнің әр түкпірінде «Light It Up Blue» флешмобы ұйымдастырылады. Аталған шараға Ас­тана биыл алғаш рет қосылмақ. 

Бұл күні елордадағы бас­ты көрікті жерлер – «Бәй­терек» монументі мен «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының сыртқы жа­рық­тандырылуы көк түске боялады. Сонымен қатар, аутизмге шалдыққан бала­лардың, спорттық және шы­ғар­машылық ұжым­дар­дың қатысуымен акция өтеді.

Бұл шараларды өткізу туралы бастаманы «Сенім» психологиялық-педа­го­ги­калық түзеу орталығы кө­теріп отыр. Сондай-ақ, ак­цияға Астана қаласының әкім­дігі, аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары мен еріктілер қолдау көрсетуде.

– Біздің басты мақса­ты­мыз – қоғам назарын аутизм проблемасына аудару, осындай балалар мен олардың ата-аналарына құрметпен қарауды қалыптастыру. Халық аутизм туралы мүлдем хабарсыз, адамдар оның ауру еместігін, оны түзеуге болатынын білмейді. Мұндай балалар кез келген салада жетістікке жете алады, өз елінің игілігі үшін еңбек етеді. Біз осы жандардың ерекше әлемін көрсетпекпіз, – дейді ұйым­дастырушылардың бірі Гүлфия Әлиева.

Акция «Қазақстан» спорт сарайында 2 сәуір күні сағат 11.00-де басталады. Оған қаладағы барлық орта­лық­тардан аутист бала­лар қа­тысады. Жас хоккейшілер мұз айдынында керемет флешмоб орындайды.

Айта кетейік, аутизмнің ресми түсі – көк. Сон­дықтан осы күні акцияны ұйымдастырушылар ниет білдірген жандарға көк түсті аквагрим жасайды, көк гүлдер, тіпті, көк түсті тәтті-дәмділер таратады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button