Жаңалықтар

«Астана ақшамынан» – «Алашқа»


Бұған дейiн «Астана ақшамының» бас редакторы болған белгiлi журналист, әдебиеттанушы ғалым Амантай Шәрiп Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры болып тағайындалды.
Құрылғанына алты жыл болған «Алаш» мәдениет және рухани даму институты осы кезге дейiн профессор, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының жетекшiлiгiмен 17 ғылыми жинақ, түсiндiрме сөздiк, оқу құралын жариялады. Бұлардың iшiнде «Жәдитшiлдiк және Алаш», «Ескi әдеби тiлдiң түсiндiрме сөздiгi», «Еуразия мәдениетiнiң сөздiгi» атты еңбектер мен француз, ағылшын аудиториясына арналған Алаш мұрасы негiзiндегi «Қазақ тiлi» оқу құралдары бар. Бес жылда «Алаш» институты 34 халықаралық, республикалық ғылыми конференция, дөңгелек үстел, семинар өткiзiп, отандық және шетелдiк басылымдарда көрнектi ұлт зиялыларына қатысты 200-ге тарта мақала басып шығарды.
Аталған ғылыми орталық Хайретдин Болғанбай, Сәдуақас Ғылмани мұрасын тұңғыш рет кiтап етiп жариялады. Бұл ғылым ұжымы 2012 жылдың қаңтарынан танымал дiнтанушы С.Ғылманидың 7 томдық «Қазақша-арабша сөздiгi» мен немiс ғалымы М.Кучинскийдiң 1924 жылғы «Дала және оның халқы» атты Алаш зиялыларының көмегiмен әзiрлеген еңбегiн баспаға даярлау жұмысын бастап кеттi.
Осыған дейiн институтпен тығыз байланыста болған Амантай Шәрiп ғылыми орталықтың жұмысын өркендетуге үлес қосады деп сенемiз.

«Ақшамдықтар»

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button