ЖаңалықтарҚоғам

«Астана ақшамының» Ботагөзі Лондонға оқуға барады

Әріптесіміз, «Астана ақшамы» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарған Әділбек Жапақ «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскенде шын қуанып, інімізге сәт сапар тілегенбіз. Енді тағы осындай қуанышты басымыздан кешіп отырған жайымыз бар. Ұжымымызға қосылғанына бір жылдай ғана уақыт болған дарынды журналист қарындасымыз Ботагөз Маратқызы Лондонға журналистік шеберлігін шыңдауға аттанғалы отыр.

ERM_9594

Ботагөз ортамызға келгенде талабы таудай қыз екенін бірден байқатты. Ол бірден басылымымызға «Әлеуметтік эксперимент» деген тың айдар қосты. Жас журналист бұл айдармен шығатын мақалаларында қоғамда өзекті болып отырған мәселелерді көтерді. Мәселен, темекі шегетін аяғы ауыр әйелге сырттың көзқарасын бағамдады. Жұрттың қала тазалығына қалай қарайтынын пайымдап көрді. Тағы осы сияқты оқырманды бейжай қалдырмайтын тақырыптарды қозғап, ізденімпаздығын танытты.
Қазір аға буын журналистердің арасында да оның оқырмандары бар деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Мысалы, газетімізде істеп кеткен Өріс Яшү­кірқызынан былтыр сұхбат алған әріп­тесіміз Азамат Есенжол ол апай Бота­гөздің қалам сілтесіне сүйсінетінін айтып келген. Тағы сол Азамат құрдасым «Ботагөздің материалдарын рахаттанып оқисың» деп айтады. Бұл – шын сөз. Журналистің талантына берілген әділ баға. Кезекшілік кезінде сірескен мақалалар кездеседі. Амал жоқ, оқуға тура келеді. Ал Ботаның материалдарынан жылылықтың лебі еседі. Оның қойған тақырыптарының өзі ұйқасып тұрады. Ондайда әріптес қарындасымыздың бойында ақындық өнер булығып тұр-ау деп ойлаймыз. Кім біледі, тығылып жүріп өлең жазатын да болар. Әйтеуір, поэзияны жақсы көретіні байқалады. Жұмыстағы Мәдина, Гүлдана сынды сырластары да оның өлеңді мәнерлеп оқығанды жақсы көретінін айтады.
Айтпақшы, Ботагөз кез келген тақы­рыпта еркін көсілетінімен де ұжымды тәнті етуде. Шаруашылық болсын, әлеу­меттік, мәдени тақырыптарды жазуда да әріптестерден қалыспайды.
Көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаевтың «Қол бұлғар» атты өлеңінде:
Жас данаға жаны құмар жан аз ба,
Жақсы өнердің жаңа туған Үркері.
Кесте төкші қара сөзбен қағазға,
Қиялыңмен тоқышы бір шілтері.

…Тек шарапат күтсін сенен ізгі елің,
Ең киелі борышыңды орында.
Қалдырмайтын саусағының іздерін
Табиғаттың қолы болсын қолың да – деген жыр жолдары бар. Шетелге оқуға баратын дарынды қарындасымызға біз де соны тілейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button