Sport

«АСТАНА АРЛАНДАРЫ» ЕКІ МӘРТЕ ЖЕҢІМПАЗ

_50A1729

Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы аясында биыл бесінші рет өткен WSB халықаралық турнирінің финалында қазақстандық «Астана арландары» клубының боксшылары жеңімпаз атанды. Ақтық сында «Куба қабыландары» боксшыларын 6:4 есебімен тізе бүктірді. Бұл –«арландардың» айтулы турнирдегі екінші жеңісі. Осыған дейін қазақ жігіттері 2013 жылы топ жарған еді. Ал «қабыландар» 2014 жылы жеңімпаз атанған.

Екі күн бойы елорданың «Дәулет» спорт кешенінде керілген шаршы алаңда екі елдің ең мықты боксшылары қолғап түйістірді. Қалың жанкүйердің қолдауымен алғашқы жекпе-жекке шыққан Теміртас Жүсіпов ұпай санымен жеңіске жетіп, өз командасын алға бастады. Ал 56 келіде Олимпиада ойындары мен әлем чемпионы Робейси Рамирес біздің Қайрат Ералиевпен кездесті. Бұл жекпе-жекте Бостандық аралының бокс­шысы жеңімпаз атанды. «Астана арландарының» капитаны Самат Башенов өте ауыр айқас өткізді. Қарсыласы Ясниер Толеда талай жарыста топ жарған тарланбоздың өзі еді. Алайда, төрт раунд бойы алма-кезек өткен ұрыстың соңындағы Самат дәл соққылары үшін төрешілер жеңісті қазақ бокс­шына берді. Осы кештегі керемет жекпе-жекті Мейірім Нұрсұлтанов өткізді. Әлем чемпионы Мерей Ақшаловтың туған інісі ағасынан асып кетпесе, кем түспейтінін аңғартқандай болды. 75 келіде айқасқан Мейірім кубалық Арлен Кардонаны айқын басымдылықпен тізе бүктірді. Ал 91 келіде сында Василий Левит атақты Феликс Савонның жиенімен кездесті. Осыған дейін екеуі де 2016 жылы Рио-де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алып қойған болатын. Қос мықтының бұл ақтық айқасында Савон жеңіске жетті. Төрешілердің бұл шешіміне қазақ жанкүйерлері келіспейтіндіктерін білдіріп жатты. Шынымен де Левит ширақ қимылдаған еді. Осылайша «Астана арландары» бірінші күні 3:2 есбімен алға шықты.
Екінші күні Олжас Сәттібаев жеңісті жолды жалғастырды. Ол өз қарсыласынан техникалық тұрғыдан түсті. 60 келі салмақта Закир Сафиуллин қанша тырысқанымен Олимпиада ойындарының чемпионы әрі қола жүлдегері Лазаро Алварестен айласын асыра алмады. Осы финалдағы ең тартысты жекпе-жек 69 келі салмақта болды десек, ешкім қарсылық танытпас деп ойлаймыз. Асланбек Шымбергенов Куба құрамасы сапындағы ең атақты боксшы Иглесиас Сотолонгамен қолғап түйістірді. Айқас басталған шақта кубалық боксшы бірден алға ұмтылып, жекпе-жек тағдырын бірінші немесе екінші раундта шешіп тастағысы келгендей әсер берді. Алайда, қазақ боксшысы қарсыласының алапат тегеурініне тойтарыс бере білді. Ал соңғы екі раундта Сотолонганың өзі сасқалақтап шаршы алаңды шыр айналуға мәжбүр болды. Шымбергеновтің жанкешті қайсарлығына тәнті болған төрешілер жеңісті бірауыздан қазақ боксшысына берді. 81 келіде тағы бір атақты кубалық екі дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар Ла Круз біздің Нұрдәулет Жармановты жеңді. Ең ауыр салмақта Иван Дычко қарсыласынан оқ бойы озық көрінді. Осылайша қосымша салмақта айқасқа шығуға дайындалған Мейірболат Тойтовтың жекпе-жегін көре алмадық. Екінші күні де 3:2 есебімен жеңіске жеткен «Астана арландары» боксшылары екінші мәрте WSB турнирінің чемпионы атанды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button