Мәдениет

«АСТАНА-АРҚАУ» АСҚАҚТАУДА

Кеше «Астана Опера» театрының камералық залында «Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестивалі ашылды. Елордада тоғызыншы мәрте шымылдығын түрген фестивальге еліміздің әр өңірінен және Ресей, Иран, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қарақалпақстан сынды мемлекеттерден келген өнерпаздар қатысуда. Алғашқы күнгі концерттік бағдарлама «Табалдырық» атауымен өтті. Бүгін фестиваль «Төр» атымен жалғасады. Ал ертең «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының алаңындағы «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі аясында «Шаңырақ» атауымен түйінделеді.

DSC_1043

«Астана-Арқау» фестивалін халқымыздың басынан өткен қасірет сырын шертетін «Ел айырылған» күйімен «Сазген сазы» этно-фольклорлық ансамблі ашып берді. Бұдан соң Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу сөз алып, аталған фестивальдің түркі әлемі руханиятында алатын үлкен орнына тоқталды. Аталмыш музыка мерекесіне Иран елінен ұлттық мәдениеті жойылудың алдында тұрған қашқайлар тайпасы қатысып отырғанын айта кетейік. Осы тайпа өкілдері Самсам Шамохаммади және Мохаммад Джавидипур тар, каманче және барабан аспаптарында «Джейран» халық әуенін орындап берді.

Алғашқы күнгі фестиваль бағдарламасына қатысқан тағы бірнеше шетелдік қонақты атап өтсек, қырым татары Джемиль Кариков бағлама аспабында «Ағлама сары келін» халық әнін айтты. Сахалық Руслан Габышев қыл-қырымпа аспабымен «Сарсын сарсын сарсыадырда» атты өз ұлтының әніне салды. Сондай-ақ, гагауыз Игорь Подгореяну, алтайлық Сарымай Үрчимаев,  түрік Бүрджу Карадағ өнер көрсетті.

KBB_7531

Барша түркі жұртына ортақ «Алпамыс» және «Көроғлы» дастандарын сәйкесінше өзбек Әбдіназар Поянов пен түркімен Кервен Евбасаров еске түсірді. Қырғыз Доолатбек Сыдықов «Манас» эпосынан үзінді орындап жиналғандардың делебесін қоздырды.

Қазақ өнерпаздарына келсек, еліміздегі жалғыз кәсіби сыбызғышы Талғат Мұқыш Қабекейдің «Сарыала қаз» күйін сызылтты. Шашубай, Әсеттердің жұрнағы қарағандылық Дәуренбек Әркенов Манарбек Ержановтың «Бақыт жыры» әнін құйқылжытты. Саян Ақмолда қылқобызда Ықыластың «Шыңырау» күйін боздатты. Ұлжан Байбосынова Оңғар жыраудың «Бастау» жырымен сусындатты. Кештің аяғына қарай Сәуле Жанпейісова «Махамбеттің термесіне» салып, ақын рухын атойлатты.

KBB_7540

«Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды жүгірттім, қара терімді төктім, бүтін түрік жұрты үшін». Алғашқы күннің финалында «Сазген сазы» ансамблі мен «Арлан» театры әртістерінің және барлық өнерпаздардың қатысуымен өткен сахналық қойылым жоғарыда келтірілген Күлтегін жазбаларының осы жолдарын жаңғыртты.

Фестивальдің екінші күнінің бағдарламасы бүгін сағат 19.00-де «Астана Опера» театрының камералық залында жалғасады. Оған шетелдік өнерпаздармен қатар Біләл Ысқақов, Толғанбай Сембаев, Нұрым Асқанов сынды музыка майталмандары, т.б. қатысады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ  

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button