Жаңалықтар

Астана аумағы кеңейеді

Жыл сайын ауқымы үлкейіп келе жатқан Астана биылғы жылдың аяғына дейін тағы 8719 гектарға дейін ұлғаятын болады.

Бұл – ең бірінші, әуежай аймағын кеңейтіп, жаңа терминалдар салуға бай­ланысты болатын өзгеріс. Қаланың оң­түстігіндегі әуежай кеңейтілгенде елорданың ау­мағына сол жақтан 7300 гектар жер беріледі. Бұған және екі жер учаскесі қосылады. Онда жаңа қорым орналасады. Осылайша елордаға жаңадан қосылған аумақтың көлемі 9000 гектарға жетеқабыл жерді қам­тығалы тұр.
Астана қаласы Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының мәліметіне қарағанда, әуежай мен жаңа қорымға бөлінетін жерді түпкілікті бөлу осы жылдың соңында аяқталады.
– Бұл жоба күні кеше ғана қоғамдық кеңестің отырысында мақұлданды. Кеңес мүшелері түгелге дерлік бұған келісімдерін берді. Енді оны қалалық мәслихаттың сессиясына қарауға ұсынамыз. Сессияда мақұлданғаннан кейін нақты жұмыстар басталады, – дейді жоба жөнінде аталмыш басқарманың басшысы Төлеуғазы Нүркенов.
Мамандардың айтуынша, әуежайдың аумағы кеңейтілгенде бірнеше өзекті мәселе бірден шешімін табады. Бірін­шіден, әуежайдың артқы жағындағы Майбалық шағын өзені ретке келтіріледі. Айналасын қамыс басқан жабайы су көзі тазартылып, толыққанды абаттандырылып, тамаша демалыс орнына айналдырылады. Қамыстардың орнынан жағажай жасақталады. Екіншіден, елорда тұрғындарын жағымсыз иісімен шаршатқан «Талдыкөл» сарқынды су қоймасы мәселесі де осындай жолмен шешімін таппақ. Көлдің аумағы тазартылып, түбіндегі батпағы түгел сорылып біткеннен кейін, бұл су қоймасы да қалалық демалыс аумағына айналады. Осы жобалар сәтімен жүзеге асса, Астананың ауқымы ғана кеңейіп қоймай, табиғат аясындағы демалыс орындары да көбейе түседі.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button