Sport

«АСТАНА» АЗУ ТІСІН КӨРСЕТТІ

Атырау 11

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 21-турында жергілікті «Астана» атыраулықтарды қабылдап, 3:0 есебімен айқын басымдылық танытты.

Матч бастала салысымен-ақ астаналықтар алаң қожайындарының кім екенін көрсеткісі келгендей ойынды өз қолдарына алды. Сондай сәттердің бірінде Фокси Кетевоама қонақтар қақпасына әдемі гол соғып үлгерді. Бұл 25-минут еді. Осыдан кейін де «Астана» шабуылын үдете түскенмен бірінші таймдағы есеп өзгеріссіз қалды.

56-минутта «Атырау» қорғаушылары қатты қателесіп, өз айып алаңдарының маңында допты қарсыластарға беріп қойды. Мұндай мүмкіндікті алғашқы голдың авторы мүлт жібермей, тағы бір гол соқты. Кездесу соңында айып соққысын дәл орындаған Кетевоама хет-трик жасап, есепке нүкте қойды. Негізгі ойыншыларының көмегіне жүгіне алмаған қонақтар осылайша Атырауға ұпайсыз қайтатын болды.

Осыдан кейін астаналық футболшылар турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды. Көш басында – «Ақтөбе», алматылық «Қайрат» – екінші. «Астана» келесі ойынын 31-шілде күні швециялық «АИК» клубына қарсы өткізеді.

Дайындаған: Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button