Мәдениет

«Астана балеттен» биыл не көреміз?

«Астана Балет» театры өткен жылдың қорытындысын шығарып, келген жылдың жоспарларын мәлімдеді.

Аталмыш театр былтыр бес премьера өткізіп, Тбилиси, Алматы, Талдықорған және Қарағанды қалаларына гастрольдік сапар ұйымдастырып, «Ашық сахна» атты І республикалық байқау өткізетінін жария етті.

2022 жылы репертуар Иржи Килианның Стивен Райх музыкасына қойған «Жолдан тайғандар» және Жорж Бизенің «Кармен» операсының негізінде Альберто Алонсо қойған «Кармен-сюита» атты спектакльдерімен толықты. Кристин Полин «Орфей мен Эвридика» туралы ежелгі грек мифологиясының хореографиялық нұсқасын сахналады. Ақын Бақыт Қайырбековтың либреттосына Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» спектаклі де – ерекше атап өтуге тұрарлық дүние. Еліміздің телеарналарынан осы балеттің теленұсқасы да көрсетілген болатын.

Репертуар қоржыны балалар спектаклі­мен де толықты. Георгий Ковтун қойған «Қар патшайымы» балеті даниялық жазушы Ганс Христиан Андерсеннің осы аттас ертегісінің желісін арқау еткен.

Былтыр Мариус Петипаның Людвиг Минкус музыкасына қойған «Баядерка» балетінен Pas d’action және «HASSAK» этно-­фольклорлы ансамблінің музыкасына Айгүл Тәти қойған «Тәңір сыйы – Ақ жол» атты хореографиялық миниатюраларының да премьерасы өтті.

Былтыр «Астана Балет» театрында бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестр ашылды. Театрда өткен симфониялық музыка кештерінде Тұңғыш Президент қорының лауреаты Қаламқас Жұмабаева, Қазақстанның халық әртісі Жания Әубәкірова, Қазақ ұлттық өнер университетіне қарасты музыка мектебі оқушылары, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Эльмар Бөрібаев дирижерлік еткен «Music Tour. The way back home» атты концерт өткізілді.

Биыл театр бірнеше премьера өткізуді жоспарлап отыр. Солардың кейбірін атап өтсек: Мукарам Авахридің «От қыз», Айнұр Әбілғазинаның «Soli Deo Gloria» және Олжас Маханбетәлиевтің «Nine» атты балеттері. Театрдың музыкалық репертуары да кеңейе түспек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button