Қоғам

Astana bike: елордалықтар еуропалықтардан қалыспайды

Күн жылынғалы бері қос доңғалаққа қонжиған аста­на­лықтарды жиі көретін болдық. Әсіресе, кептелістен көз ашпайтын көшелерде бұл велосипедің – таптырмас тұлпар. Әрі-беріден соң, автотұрақтан орын іздеп, әуреге түспейсің. Ауаны да ластамайсың. Уақытың мен жолыңа өзің – би, өзің – қожа! 

велосипед

Осы орайда елордада бұрнағы жылы іске қосылған «Astana Bike» жүйесінің пайдасы ұшан-теңіз. Сол жобаның арқасында бас шаһардың біраз тұрғыны салауатты өмір салтына көңіл бөліп, велосипедке көшті. Ал енді мына қызықты қараңыз. Велосипедпен жүрудің орташа көрсеткіші жағынан Астана жұртшылығы Мәскеу, Париж және Сан-Франциско тұрғындарынан озып кетіпті. Статистикалық деректерге сүйенсек, мәскеуліктер – тәулігіне шамамен 5,7 шақырым, Париж азаматтары – 3,2 шақырым, Сан-Францискода тұратын кісілер 3 шақырым жол жүреді екен. Ал Астана қаласындағы «Smoove» орталығының мәліметінше, біздің қаладағы велосипедшілер күн сайын 6 шақырымды артқа тастайды.
– Бүгінде «Astana Bike» қызметін қолданушылардың 64 пайызы – ерлер, 36 пайызы – әйелдер. Олар негізінен таңғы сағат 7 мен 9-дың және кешкі сағат 5 пен 10-ның арасында велосипедке отырады, – дейді аталмыш жобаның жетекшісі Сұлтанбек Сыздықов.
Биылғы маусым басталғалы бері елордалықтар 250 мың шақы­рымнан аса жол жүріп тастады. Қазіргі таңда жүйеге 3 жарым мыңдай пай­даланушы тіркелген. Қаланың халық көп шоғырланған жерлерінде ор­наласқан бекеттердің ара қа­шықтығы 300-500 метрден аспайды. Экологиялық қозғалыс нысанына айналған велосипед­тер­дің электронды тұрақтарының өзі қуатты күн көзінен алады. Бұл күні Астанадағы 150 велобекеттің әзірге 141-і іске қосылды. Қалған стансаларға кейбір көшелердің жөнделуіне байланыс­ты велосипедтер қойылған жоқ. Ғашықтар саябағындағы, «Фитнес Палас» клубының түбіндегі және Тәуел­сіз­дік пен Күйші Дина көшелерінің қиылысындағы бекеттер жұмысын кейінірек бастайды.
Жол-көлік жүйесіне түсетін ауырт­палықты әжептәуір азайтқан бұл қызметке жылдан-жылға сұраныс артып келеді. Өткен жылы осы жобаны ілгерілету мақсатында велобекеттер саны 150-ге, ал велосипедтер саны 1000-ға дейін ұлғайтылған болатын. Былтырғы веломаусымда жүйені 1800-дей кісі қолданған. Олар велосипедті 89 мың рет жалға алып, 1 миллион 500 мың минутта 180 мың шақырым жол жүрген.
Айтпақшы, велошейринг жүйе­сінің тиімділігін дамыған елдердің тәжі­рибесі де растайды. Ондағы бұқа­раның велосипедке деген сүйіс­пеншілігі сонша, қос дөңгелекті тұлпарды тұрмыстарының ең ма­ңызды дүниесі санайды. Солардың ішіндегі бізге үлгі болуға тұрарлық істерді де айта кетейік. Мәселен, Норвегияның Тронхейм атты шап-шағын қаласында велосипедтерге арналған лифт бар. Жергілікті тұрғындар мен қонақтарға сол лифтімен Брубаккен тауына темір тұлпарымен бірге көтерілуге рұқсат. Жаңа Зеландияның оңтүстігіндегі Крайстчерч кенті – велокинотеатрымен танымал. Педальді тоқ­таусыз айналдырса, одан пайда болған электр қуатының көмегімен фильм көруге болады. Мальмёлік веложолдарға кәдімгі көшелердікі секілді атаулар беріліпті. Боготада жылына бір рет автокөлік қоз­ға­лысын тоқтатып, велосипед күнін атап өтеді. «Жақсыдан үйрен» дейді ғой мұндайда қазақ.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button