Басты ақпаратБілім

Астана – білім ордасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте елорданың білім беру және зияткерлік орталығы болуға, қаланың білім беру жүйесі халықаралық деңгейге өтуге тиіс екенін атап өтті. Осы орайда бас қаланың білім саласында серпінді жобалар қолға алынды. Алайда қалада жалпы білім беретін мектептерде және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын тапшылығы, үш ауысымды оқыту, педагог кадрлар мен балабақшалардың тапшылығы проблемасы сақталуда. Осы ретте елорданың білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.

2023 жылғы 31 қаңтарда елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуындағы Астананың орны ерекше екенін және таланттарды өзіне тартып, елдің білім беру және зияткерлік орталығы болуға, қаланың білім беру жүйесі халықаралық деңгейге өтуге тиіс екенін атап өтті. Бас қаланың білім беру жүйесін дамыту жайында орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ брифинг өткізді. Диалог алаңында білім саласының өзекті мәселелері сөз болды. Астанада білім саласындағы серпінді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін елордада біршама жұмыс атқарылды.

Салада қандай проблемалар орын алған?

Қалада жалпы білім беретін мектептерде және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын тапшылығы, үш ауысымды оқыту, педагог кадрлардың және балабақшалардың тапшылығы проблемасы сақталуда. Мұның бәрі оқу сапасына өз әсерін тигізеді. Сондықтан елорда әкімдігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, 17 ақпанда елорданың білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Жол картасын қабылдады.

Қазіргі таңда елордамыздың білім беру жүйесінде 327218 баланы қамтып отырған 653 білім ұйымы жұмыс істеуде (243-і – мемлекеттік, 410-ы – жекеменшік).

Мектепке дейінгі білім беру

Балалардың болашақтағы өмірлік жетістігі толығымен 3-6 жасында қалыптасқан әлеу­меттік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға байланысты. Бүгінде 1-6 жас аралығында 58129 (80,9%) баланы оқытумен қамтып отырған 433 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істеуде (100-і – мемлекеттік, 326-сы – жекеменшік). Мектепке де­йінгі білім беру ұйымдарының желісін кеңейту мақсатында қала әкімдігі 185 балабақшаға арналған жер учаскесін белгіледі. 2029 жылға дейінгі жоспар бойынша балабақшалардағы орындарды ұлғайту мақсатында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда 2029 жылға дейін 38740 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Сонымен қатар тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бо­йынша балабақшалар желісі ашылатын болады.

Елордамыздың білім беру жүйесінде 327218 баланы қамтып отырған 653 білім ұйымы жұмыс істеуде (243-і – мемлекеттік, 410-ы – жекеменшік)

Еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлау – маңызды іс

Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда 5817 педагог жұмыс істейді (3562-сі – мемлекеттік, 2255-і – жекеменшік), оның ішінде 24,5% (1082) тәрбие­шілердің бейінді білімі жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6,5% (120) төмендеді. Аталған мәселені шешу мақсатында педагогтар біліктілікті арттыру курсынан өтуде. 2022 жылы 120 педагог қайта даярлау курсын және 641 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтті. 2029 жылға дейін мектепке дейінгі білім беру педагогтарына арналған біліктілікті арттыру курсынан жалпы 10362 тәрбиеші өтеді. Сонымен бірге 2250 педагог қайта даярлау курсынан өтетін болады.

Шағын сәулет нысаны бойын­ша балабақшалардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту – басты назарда. Қазіргі таңда балабақшалардың материалдық базасын жақсарту бойынша кешенді жоспар қабылданды. Кешенді жоспар бойынша 2023 жылы 34 балабақшадағы шағын сәулет нысандары жаңартылады, бұл көрсеткіш 2025 жылға дейін 100% жеткізіледі.

Жалпы орта білім беру: жоспар қандай?

Жалпы білім беретін мектептердің желісі жыл сайын артып келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда 64500 орындық 36 мектеп пайдалануға берілді. Жыл сайын оқушылар контингенті 21 мыңнан артып отыр. Бұл жылына шамамен 10 мектепті пайдалануға беру керек дегенді аңғартады.

Қазір таңда елордада 236757 бала контингенті бар 162 жалпы білім беретін мектеп бар. Бүгінде қаламызда бала саны шамадан тыс 18 мектеп, үш ауысымды 8 мектеп жұмыс істеуде. Оқушылардың орын тапшылығы 26 мың орынды құрайды.

2029 жылға дейінгі іс-шара­лар бойынша орта білім беру қолжетімділік принципін жүзеге асыру тұрғысынан бүгінгі таңда мектеп жасындағы барлық балаларды біліммен қамтып қана қоймай, заман талабына сай сапалы білім беретін жағдай жасау – басты міндетіміз. Мәселен, биылдың өзінде 20300 орындық 13 мектеп салу жоспарлануда.

«Жайлы мектеп» ұлттық ­жобасы аясында 2023 жылы басталып, 2025 жылы іске қосылатын екі ауысымдағы 88800 орындық 24 мектеп салу жоспарлануда. Бұл қабылданған шаралар қазіргі мектеп тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, келешекте орын тапшылығы мәселесін де толығымен жояды.

Қазір таңда елордада 236757 бала контингенті бар 162 жалпы білім беретін мектеп бар. Бүгінде қаламызда бала саны шамадан тыс 18 мектеп, үш ауысымды 8 мектеп жұмыс істеуде. Оқушылардың орын тапшылығы 26 мың орынды құрайды

Педагог кадрлар жеткілікті ме?

Елорданың орта білім беру жүйесінің кадрлық құрылы­мында 13903 мұғалім бар. Оның 62 пайызы педагогикалық аттестаттау қорытындысы бойынша жаңа форматтағы біліктілік санатын алды, негізгі жалақысына 30 пайыздан 50 пайызға дейін қосымша төлем төленеді. Жаңа мектептердің құрылысына байланысты, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елордада 7120 мұғалімге қажеттілік туындайды.

Қала әкімдігі кадрларға деген қажеттілікті жою мақсатында бірқатар шараны жүзеге асыруда:

* 2018 жылдан бастап педагогикалық мамандықтар бойынша студенттерді даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын жүзеге асырылуда, 2029 жылға де­йін 7350 орынға мемлекеттік тапсырыс белгіленеді (жыл сайын 1050 грант);

* техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 10350 орынға педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жоспарланған;

* білім беру ұйымдарының басшысы кадрларын даярлау мақсатында директор орынбасарларынан 80 адамнан кадрлық резерв құрылды. Бұл орынбасарларды MBI бағдарламасы бойынша «Жас депутат мектебі» шеңберінде оқытады;

* мұғалімдерді қолдау үшін «Елордалық электронды мектеп» электронды платформасы әзірленді, көрсеткіштері төмен мектептерге қолдау көрсету үшін «Табыс кластерлері» жобасы жүзеге асырылуда;

* педагогикалық және басқару жұмысының сапасын арттыру мақсатында 2022 жылы 3077 педагог біліктілікті арттыру курсынан өтті. 2029 жылға дейін 48278 мұғалімнің біліктілігін арттыру жоспарлануда.

«Жайлы мектеп» ұлттық ­жобасы аясында 2023 жылы басталып, 2025 жылы іске қосылатын екі ауысым­дағы 88800 орындық 24 мектеп салу жоспарлануда. Бұл қабылданған шаралар қазіргі мектеп тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, келешекте орын тапшылығы мәселесін де толығымен жояды

Қосымша білім беру жайы қалай?

Қазіргі таңда қалада 11 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы, 158 қосымша білім беру ұйымдарының филиалы және 10 community-орталық жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 152546 (76,8%) бала қосымша біліммен қамтылған. «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру мақсатында өткен жылы Балалар жылы аясында 5 қосымша білім беру нысаны ашылды.Сонымен қатар шалғай елді мекендерде (Теміржолшылар, Көктал тұрғын алабы) Оқушылар сарайының 2 филиалы ашылды.

2029 жылға дейінгі іс-шаралар бойынша алдағы уақытта қосымша білім беру ұйымдарының желісін дамыту бойынша жұмыс жалғасатын болады. Тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында қосымша білім беру ұйымдарының 4 филиалын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 2029 жылға де­йін 20040 орынға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жоспарлануда.

Техникалық және кәсіптік білім беру жалғасады

Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлаумен 33 колледж (9-ы – мемлекеттік, 24-і – жекеменшік) 75 мамандық бойынша оқытады. Колледждерде 32482 студент, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 16837 студент (52%) білім алуда. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру аясында мемлекеттік білім беру тапсырысы 4800 орыннан 7300 орынға дейін ұлғайтылды. 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бо­йынша жастардың 100%-ы тегін кәсіптік біліммен қамтылады. Осы оқу жылында алғаш рет кадрларды мақсатты даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс бөлініп, елордалық 57 кәсіпорын 528 орынға өтінім берді. Бұл көрсеткішті 2029 жылға дейін 1200 орынға көбейту көзделген. Сондай-ақ колледждерде ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдерді оқытуға бөлінетін гранттардың саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы инклюзивті білім беру бойынша мемлекеттік тапсырыс 2021 жылмен салыстырғанда 12 орыннан 107 орынға де­йін ұлғайтылды. Қазіргі кезде экономика саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылдануда. 8 мемлекеттік колледжде заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген 15 құзыреттілік орталық ашылды. Жергілікті еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін қаланың 192 кәсіпорнын тарта отырып, 25 колледжде дуальді оқыту жүргізілуде, екі колледж (қоғамдық тамақтану және сервис колледжі, технологиялық колледж) толық дуальді оқыту процесіне көшті. 2029 жылға дейін барлық қала колледждері дуальді оқытуға өтеді. Астана қаласының жаңа кәсіптер атласын қалыптастыру жұмысы 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталады. Колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету де өзекті мәселенің бірі. Осы мәселені шешу мақсатында 2024 жылы 800 орындық жатақхана салу жоспарлануда.

Бала қауіпсіздігі және құқығы қалай қорғалады?

Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – басым бағыттың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар құқық бұзушылықтың алдын алудың кешенді жоспары аясында жүргізілуде. 2022 жылмен салыстырғанда ювеналдық полиция есебінде тұрғандар саны 14,4%-ға азайды (2021 ж. – 97, 2022 ж. – 93). 2023 жылдың басынан кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, әлеуметтік бейімделу бойынша және кәмелетке толмағандар арасында қайталанатын құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың болашақ мамандығын таңдауына қолдау көрсету және бос уақытты ұйымдастыру бойынша қанатқақты жоба іске қосылды.

Елорданың барлық мектебінде бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасының балалары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Білім басқармасы білім беру ұйымдарын (мектеп, колледж, мектепке дейінгі ұйым) балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті құрал-жабдықтармен – турникеттермен, бейнекамералармен, дабыл түймелерімен жарақтандыру және оларды орталық білім беру мекемесіне қосу жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында жолдағы қауіпсіздікті сақтауды насихаттауға бағытталған дәріс, байқау, викторина, сондай-ақ, балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу бойынша ауқымды түсіндіру және профилактикалық жұмыс тұрақты негізде ұйымдастырылады.

Педагогикалық ұжым мен оқушылар үшін өрт қауіпсіздігі саласында онлайн тестілеу жүргізіледі. Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, балаларға қауіп төндіретін орындарға мониторинг ұйымдастырылады. Бұл – жарықсыз аллеялар, ашық люктер, құдықтар, құрылыс алаңдары, өндіріс аймақтары, электр стансалары және басқа да объектілер.

Қайырымдылық, қамқоршылық жалғасады

 Бүгінде елордада жетім қалған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар саны 860 баланы құрайды (170 бала ұйымдарда, 690 бала патронаттық отбасында тәрбиеленуде). Өткен жылмен салыстырғанда мекемелердегі балалар саны 3,4%-ға (169 бала) азайып, 89 бала отбасына орналастырылды. Көп жағдайда тәрбиеленушілер санының қысқаруына әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталған жобаларды іске асыру есебінен қол жеткізілді. Мысалы, «Ана үйі» қайырымдылық қорының қолдауымен 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Үйдегідей» жобасы. Оны жүзеге асыру барысында 59 бала туған отбасында қалды.

Балалар жылы аясында іске қосылған тағы бір жоба – «Психологиялық қолдау қыз­меті». Жұмыс барысында 205 отбасы заңгерден, әлеуметтік қызметкерден, психологтан кеңес алды.

Осы жобаларды жүзеге асыру келесі жылдары да жалғасын табады, бұл ұйымдардағы оқушылар санын қысқартуға және әлеуметтік жағдайы төмен ата-аналарды әлеуметтендіруге мүмкіндік береді.

 

 

 

 

 

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button