Астана бюджетінің жылдық кірісі 100 млрд теңгемен толықты
Астана қаласының қоғамдық кеңесі елорданың 2024-26 жылдарға арналған бюджетіне ұсынылған өзгерістерді бірауыздан мақұлдады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қоғамдық кеңес мүшелеріне нақтыланған бюджет жобасын Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды.
«Жеке кіріс түсімдері жөніндегі жоспарды 99,5 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Оның ішінде салық түсімдерінің жоспарын 58,4 млрд теңгеге, салық емес түсімдерді 39,5 млрд теңгеге және негізгі капитал түсімдерін 1,6 млрд теңгеге ұлғайту көзделіп отыр. Шығыстарға келсек, әлеуметтік көрсетуге міндетті гигиена құралдарымен және инватакси қызметтерімен қамтамасыз ету үшін қосымша 2,029 млрд теңге қаражат қосымша қарастырылды», — деді ол.
Қала бюджетінің шығыс бөлігінде бірнеше маңызды бағыттың бюджеті қайта нақтыланған.
Атап айтсақ, мен дәрілік заттарды сатып алуға қосымша 183,3 млн теңге, мемлекеттік шығармашылық тапсырыстарды іске асырып, кітапханаларды қамтамасыз ету үшін 1,8 млрд теңге, спорттық құрама командалардың мүшелерін даярлауға, балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беруге қосымша 1,4 млрд теңге, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына 9,8 млрд теңге, жылу энергетикасы жүйесін дамытуға, энергия шығындарын субсидиялауға қосымша 34,8 млрд теңге, инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысын жалғастыруға, жатақхана құрылысын қоса қаржыландыруға, сатып алынған пәтерлердің берешектерін өтеуге қосымша 11,2 млрд теңге, сумен жабдықтау, кәріз-тазарту жүйесінің құрылыстарын жалғастыруға қосымша 5,2 млрд теңге, жер учаскелерін алып қоюға, лифт ауыстыруға қосымша 2 млрд теңге бөлінді.
«Осылайша, енгізілген өзгерістерді ескере отырып Астана қаласының 2024 жылға арналған нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 1 трлн 309 млрд 548 млн теңге болады. Оның ішінде жеке кіріс түсімдері 987 млрд 770 млн теңге деп белгіленеді», — деді басқарма басшысы.
Талқылаудан кейін қоғамдық кеңес мүшелері нақтыланған бюджетті мақұлдап дауыс берді.