Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана дамудың даңғыл жолында

Астана – мемлекеттің алтын бесігі, елдің жүрегі, тәуелсіздіктің ордасы. Соған сәйкес ол күннен-күнге ажарланып, көркейе түсуде. Өнер, білім, мәдениет пен ғылымның орталығы – бас қаламызды бүгінде әлем таныды. Ғасырлар тоғысында ерке Есілдің жағасында бой көтерген сәулетті шаһардың ертеңі бүгінінен де нұрлы бола түспек. Біз бүгін осы бағытта елорда­да атқарылып жатқан жұмыстар туралы, оның алдағы даму жоспары мен өсіп-өркендеуі төңірегінде әңгіме өрбіту мақсатында Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек АХМЕТОВТІ әңгімеге тарттық.

– Алтынбек Жанатұлы, өткен жыл сіздер үшін несімен ерекшеленді?

– 2023 жыл біздің басқарма үшін жемісті болды десем артық айтпаймын. Ойға алған көптеген шаруа шешімін тапты. Солардың ең бастысы – 2035 жылға дейінгі Астана қаласының Бас жоспары бекітілді. Бұл – мән-маңызы зор құжат. Жасыратыны жоқ, бұрынғы жоспар ескіре бастады. Уақыт бір орында тұрмайды ғой. Кейбір мәселелер кейде біз ойлағаннан анағұрлым тез болып жатады. Міне, шаһардың өсу қарқыны о бастағы межелегеннен көп ілгері кетіп қалды. Сондықтан оған елеулі өзгеріс енгізуге тура келді. Оның бүге-­шігесіне тоқталсам, ұзақ уақыт алады. Тек кейбір маңызды тұсын атап өтейін. Жоғарыда айтып өткенімдей, жаңа Бас жоспарда қаланы 2035 жылға дейін дамытудың жан-жақты мүмкіндігі қарастырылды. Бұл жерде баса айтатын жай – тұрғын үй салу мен оның инфрақұрылымын үйлестіру. Басында халықтың өсуі 700-800 мың шамасында болады деп болжанса, дәл қазір ресми дерек бойынша елорда тұрғындары 1 миллион 350 мың адамнан асып кетті. Олардың баспанаға, балабақша мен мектепке, денсаулық сақтау нысандарына сұранысы болады. Оны қамтамасыз ету міндеті қойылады. Осы негізде біз Қазақ­стан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №505 бұйрығына сәйкес өткен жылы тамыз айынан бастап желтоқсан айына дейін бірнеше рет қоғамдық талқылау өткіздік. Онда тұрғындардың өтініші бойынша көптеген нысанның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әлеуметтік нысандарға ауыстырылды. Дизайн-кодқа сәйкес үйлердің қасбетін ретке келтіру жұмысы басталды. Бұл құжатты 2019 жылдың желтоқсан айында Астана қаласының мәслихаты бекіткен еді. Жалпы дизайн-код – қала өркен­деуінің негізгі бөлшегінің бірі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – қаланы, қала көшелерін, орамдарды, орамды аймақтарды безендірудің бірыңғай сәулет үлгісі. Ол қала мекемелерінің маңдайшаларына, жарнамаларға, абаттандыру элементтеріне, навигацияға және көрнекі ақпаратқа да тікелей қатысты. Бұл ретте, жасыратыны жоқ, кейбір кәсіпкерлер витриналарға әртүрлі баннер мен стикер жабыстырады. Қаланың көрнекілік келбетін бұзатын мұндай көріністерге жол бермеу үшін аталған жұмыстарды жүзеге асыратын «Астана жарнама» мемлекеттік коммуналдық мекемесі құрылды.

Бұдан бөлек, елордада 165 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылып, 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Құрылыс компаниялары үшін «Көгалдандыру жарғысы» жасалды. Астана қаласындағы мемориалдық кешеннің үздік эскиз-идеясына халықаралық сәулет байқауы жарияланды. Міне, бір жылда тындырылған шаруаларды қысқаша тұжырымдасақ, осылай болды.

– Жақында Қазақстан ­Республикасының Үкіметі Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспарын бекітті. Енді осы құжатқа кеңірек тоқтала кетсеңіз.

– Өткен жылдың 31 қаң­тарында Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіп, бас шаһардың даму стратегиясына сәйкес жаңадан Бас жоспар дайындауды тап­сырғаны мәлім. Президент елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге, Астана инновациялық шаһар болуға тиіс екенін атап өтті. Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлы тәсілдері қарқынды түрде еніп жатқанын, біз де оған баса назар аударуымыз керегін қадап айтты. Осыған орай, жан-жақты қоғамдық талқылаудан кейін тұрғындардың ұсыныс-пікірін ескере отырып, «Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспарының» жаңа жобасы ұсынылды. Ол Үкіметте бекітілді.

Айту керек, құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілген. Ол – қала халқына сапалы қызмет көрсету және тіршілікті қамтамасыз ету үшін жасалған 148 жоспарлы сектор. Соның ішінде бірнеше тұрғын үй орамынан тұратын ірі қалалық аумақты айтуға болады. Онда жалпы білім беру мектептерінің, балабақшалардың жаяу баратын жерде болуы, балалардың көлік қозғалысы қарқынды жалпы қалалық магистралдарды кесіп өтуіне жол бермеу, қала тұрғындарын, оның ішінде балалар мен қарттарды, тұрғындардың қозғалысы шектеулі топтарды қауіпсіз жаяу баратындай радиуста қызмет көрсету мекемелерімен қамтамасыз ету қарастырылған.

2017 жылдың 6 ақпанында Астанаға Ақмола облысы Целиноград ауданының 8719 гектар жері қосылды. Осылайша, қала ауданы 79,7 мың гектар ұлғайды. Елордадан 30 шақырым радиуста шамамен 283 мың адам тұратын 46 елді мекен бар. Демек, қалаға күн сайын 85 мың адам келіп-кетеді деген сөз. Осыған орай, аталған құжатта маятниктік көші-қон жағдайын жақсарту, Астана агломерациясы аймағын дамыту, қосымша жұмыс орындарын ашу, өмір сапасын жақсарту мәселелері де көзделген.

Бүгінгі таңда елордада орта білім беретін 133 мектеп болса, 2035 жылға қарай 164 жаңа мектеп салынбақ. Оның ішінде 2025 жылға дейін – 74, 2025 жылға қарай 75 мектеп пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұған қоса, қазір мектепке дейінгі балаларға арналған 429 мекеме болса, Бас жоспарда 2035 жылға қарай қосымша 175 балабақша салу басты мақсат етіп қойылды. Ал қаладағы 186 мемлекеттік және жеке меншіктегі денсаулық сақтау нысаны, Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай тағы 93 нысанға артпақ.

Елордада екінші айналма жолдың құрылысы бітіп қалды. Сонымен қатар үшінші айналма жол салу жоспарланып отыр. Ол кенттенген аумақ шекарасы арқылы өтеді. Әрі қалаішілік транзиттік қозғалысты қамтамасыз етеді. Бұл айналма жол өндірістік аймақ арқылы қаланың шығыс, оңтүстік бөліктерін қамтып, Тельман елді мекенінен Талдыкөл арқылы Ильинка, одан кейін Көкталға дейін жалғасады.

Жаңа Бас жоспарға сәйкес, келешекте елордада іскерлік аудандар жобасы іске аспақ. Осыған сәйкес, радиалды-­айналма бағыттағы жолдар қиылысында көлік-ауыстырып отырғызу тораптары құрылады. Мұндай тораптар тек көлік инфрақұрылымын, яғни паркингті, терминалдарды, LRT, BRT стансаларын ғана емес, сонымен бірге, сауда-­ойын-сауық кешендерін, бизнес орталықтарды, сауда залдарын қамтиды.

Қазіргі уақытта магистралды көшелер мен жолдардың қиылысында 21 жол айырығы бар. Ұзақ мерзімді келешекте, яғни 2035, 2050 жылдарға қарай тағы 69 жаңа құрылыс салу жоспарланып отыр. Таяу уақытта шағын айналма жолдарда бірнеше жол айырығын салу көзделген.

Бұған қоса, 2030 жылға дейін Астана қаласының инженерлік-көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ете отырып, Астана қаласын салу бойынша кешенді жоспар әзірлеу; Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын түзету (өзектендіру); Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу қарастырылған.

– «Астана – жайлы қала» тұжырымдамасы туралы не айтасыз?

– «Астана – жайлы қала» жобасының мақсаты – Астана қаласында жайлылық пен тұрақтылықты қалыптастырып, адамдардың денсаулығын нығайтуға жағдай жасау.

Жаңа жасыл аймақтар мен саябақтарды, скверлерді көбейтіп, тазалықты сақтау, айналаның ластануын азайту және қаланың экологиялық қауіпсіздігін арттыру жөнінде қабылданған жобаны жүзеге асыру да басты назарға алынуда. Осы негізде көшеде жүру тәртібін қадағалап, қалада жаяу жүргіншілердің қозғалысын жеңілдету, ғимараттардың энергия тұтынуын азайтып, ауа райына ыңғайлы инфрақұрылымдарды жүзеге асыру, қалдықтарды қайта өңдеу, көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту, биоәртүрлілікті арттыру мастер-жоспары қарастырылған. Бұған Ж.Омаров көшесіндегі тарихи көшелер мен амфитеатрларды, «театр бульварын», Бейбітшілік көшесі бойындағы сәулет өнерінің белгілі нысандарын көркейту мен абаттандыру жұмыстарын да қосуға болады.

– Астана сәулетінің болашағы жайлы не айтуға болады?

– Болашақта құрылыс қар­қынын Мыңжылдық аллеясы, Тельман тұрғын алабы мен Тұран даңғылының батысында жандандыру көзделуде.

Тұрғын үй қоры осы кезеңде (2035 жылға дейін) әр адамға 30 шаршы метрден 68,2 млн шаршы метр баспана салуды межелейді.

Рекреациялық аумақтардың ауданы 42,6 мың гектарға өсіп, 1 адамға есептегенде 18,7 ш.м-ден келуі керек.

Бас жоспарда елорданың «жасыл белдеуін» кеңейту де көзделген. Оған биыл қосымша 2700 гектар жер бөлінді.

2035 жылға қарай қаланың көше-жол желісінің ұзындығы 1000 км-ге дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр. Ал жалпы ұзындығы 2586 км-ге жетпек (қазіргі уақытта 1582,7 км).

Бас жоспар жобасы сонымен қатар BRT және LRT сияқты балама қоғамдық көлік түрлерін дамытуды қарастырады.

Негізгі магистралдарды түсіру үшін әсіресе Есіл ауданында 5 ірі көпір салу қарас­тырылған.

Баршаға аян, өткен жылдың соңында әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына өтетін жаңа көпір ашылды. Енді ­Кенесары көшесі мен Қорғалжын тасжолын жалғайтын тағы бір көпірдің құрылысы басталды. Сондай-ақ 2035 жылға қарай Бас жоспарда 20 жаңа көлік айырығын іске қосу жоспарланса, оның 2-еуі 2022-2023 жылдары пайдалануға берілді.

– Көшелер мен аулаларды көркейту жұмысы қалай болмақ?

– Қала әкімдігі елорданы абаттандыру мен көгалдандыру тұжырымдамасын әзірледі. Осыған байланысты шаһардың 5 ауданында да тұрғындар өз идеясы мен ұсынысын ортаға салған қоғамдық талқылаулар өткізілді. Осы тұжырымдаманы әзірлеу кезінде қарапайым халықтың барлық сұранысы ескерілді.

Айталық, 2023 жылы 165 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылып, 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Енді алдағы 3 жылда 600 қоғамдық және аула кеңістігін абаттандыру жоспарлануда. Ең дұрысы, үйінің терезесінің алдында әрбір адам кем дегенде 3 ағаш егуі керек. Тұрғылықты жері кем дегенде 30 пайыз жасыл желекпен жабылуы керек, ал үлкен саябақ немесе жасыл аймақ үйден 300 метрден аспауы керек. Көшелердің бірыңғай стилі, үлкен жеміс ағаштары мен көпжылдық бұталарды отырғызу мәселесі қарастырылады. Осы мақсат-мүдделерді негізге ала отырып, қайта құру жөніндегі барлық жоба кедергісіз орта, инклюзия және көгалдандыру жарғысы қағидаттарында әзірленетін болады. Бұл – Қазақстан халқының сүйікті мегаполисі келешегінің кең пішілген, терең ойластырылған Бас жоспарындағы атқарылар жұмыстың негізгі тұжырымдары. Оны жүзеге асырып, бұқараның кәдесіне жарату баршамыздың азаматтық міндетіміз болуы керек.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button