Әлеумет

«Астана дарыны» таланттарды анықтайды

«Астана қаласының коммуникациялар қызметі» алаңында «Астана қаласындағы дарынды балалар мен дарынды жастарды қолдау» тақырыбында Астана қаласы әкімдігі «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы Жанар Бейсенбаева брифинг өткізді.

Дарынды оқушылар – ел болашағы, келешегіміздің үміті. Білім бәсекесінде биіктен көріну, мақсатқа қол жеткізу – озат оқушының арманы, ұстаздың жетістігі. Жас дарынды үздіксіз дамыту – үздіксіз еңбекті қажет етеді, оқушының мүмкіндіктерін ескере отырып, оны үнемі дамыту қажет. Баланың зияткерлік қабілеттерін анықтау және қолдау, ойы мен дербестігін қалыптастыратын шығармашылық тұлғаның дамуына негіз болатын әртүрлі интеллектуалды іс-шараларды жүзеге асыру – жаңашыл қоғамда өте маңызды.

Дарынды балаларға қолдау көрсетеді

Орталық дарынды балалармен жұмысында қазіргі уақытта таланты әлі ашыла қоймаған, бірақ өзінің ерекше дарынымен танылған балалардың шығармашылығын дамытуға жағдай жасайды.

Жоғары сынып оқушылары үшін республикалық деңгейдегі президенттік және лингвистикалық олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық ғылыми жобалар байқауы, қалалық және республикалық «Абай оқулары», «Ақселеу оқулары», «Қадыр оқулары», «Мағжан оқулары», «Абай әлемі», «Менің кіші Отаным», «Моя инициатива – моей Родине», халықаралық STEM олимпиадасы, робототехника бойынша «Robotek Grand Tournament» қалалық турнир және т.б. конкурстар өткізіліп отырады. Балаларды әртүрлі зияткерлік іс-шараларға кеңінен қамту үшін, Орталық әрбір бала өзін-өзі жүзеге асыра алатын мүмкіндіктерін аша алатын жаңа жобаларды ұсынады. Қатысуға ешқандай шектеулер жоқ, іс-шаралар тегін. Өткен жылы елорданың олимпиадалық құрамасы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиадада рекордтық медаль жеңіп алды, елорда командасының қоржынында 93 медаль: 24 алтын, 29 күміс және 40 қола медаль бар. Астана құрамасы жыл сайын «Үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алады. Зияткерлік олимпиадаларға сапалы дайындалу және жоғары нәтиже көрсету үшін Орталық демалыс кезінде оқу-жаттығу жиындарын өткізеді, оған бұрынғы олимпиадалардың – өткен жылдардағы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері тартылады.

Түлектерге кәсіптік бағдар беріледі

Түлектерге мамандық таңдау­да және болашақ түлектің талаптары мен қажеттіліктеріне сәйкес келетін оқу орнын таңдауға көмектесу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында Орталықта «Qabilet» кәсіптік бағдар беру қызметі ашылды. Бұл қызмет 7-11 сынып оқушылары үшін жеке тұлғаның зияткерлік қабілеттері мен кәсіби өзін-өзі анықтауын, оқушының психологиясын, дағдысын, білімін, дарындылығын, икемін ескере отырып, кез келген мамандыққа бейімділігін анықтайды. «Qаbilet» қыз­меті балалардың зияткерлік қабілеттерін анықтау, кәсіби кеңес беру және 3 бағыт бойын­ша кәсіби маңызды құзыреттерді меңгеру мақсатында диагностика жүргізеді. 2022 жылы «Астана дарыны» орталығының «Qabilet» қызметі онлайн-платформасында 10-11 жас аралығындағы балалардың қабілеттерін анықтаудың «4K» (шығармашылық, сыни ойлау, ынтымақтастық, қарым-қатынас) диагностикасын ұйымдастырып, жүргізді. Бүгінгі күнге дейін Астана қаласы бойынша 10-11 жас аралығындағы балалардың қабілет диагностикасы бойынша 18448 оқушы тіркелсе, 15612 оқушы диагностикадан өтті.

Олар қалай іріктеледі?

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деп бекер айтылмаған екен ғой. Дарынды балаларды анықтап, олардың қабілеті мен мүмкіндіктерін бақылап, әрі қарай жақсы бағыттау – әр ұстаздың міндеті. Мұғалімнің бүкіл мақтанышы шәкірттерінде, өзі шашқан ұрпақтарының өсіп-өнуінде десек, республикалық және халықаралық рейтингтік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне республиканың жоғары оқу орындарында оқу үшін білім гранттары беріледі. Республикалық олимпиадалардың, конкурстар мен байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін көтермелеу және ынталандыру үшін орталық жыл сайын 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында Астана қаласы әкімінің дарынды балалармен кездесуін өткізеді.

«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына республикалық деңгейде «National Geographic Kazakhstan» танымал ғылыми географиялық журналмен бірлескен география пәнінен Ұлттық олимпиада, Exxon Mobil компаниясының қолдауымен биология және химия пәндерінен республикалық олимпиада, Astana IT University мен BI Group ірі құрылыс корпорациясының қолдауымен робототехникадан «Robotek Grand Tournament» республикалық турнир сияқты бірқатар жобаларды ұйымдас­тырып өткізу енгізілді.

P.S.: Елорда ұстаздарының мақсаты – ұлттық құндылықтармен қаныққан, жауапты, еңбекқор, белсенді, отаншыл және өзіндік азаматтық ұстанымға ие ұрпақты тәрбиелеу. Осы орайда білім бәйгесінде оза шауып, биікке өрлеу оңай емес. Білім додасының нәтижелері арқылы білім сапасының деңгейін анықтауға болады. Білім сайыстарына бақ сынаған оқушылар оқу ордасының, ұстаздарының абыройын асқақтату үшін, арман-мақсатының орындалуы жолында тынбай еңбектенеді. Елордалық оқушылардың лидерлерін айқындап, ерекше қабілетімен көзге түскендерді шыңдайтын орталық шығармашылық тұлғаның дамуына негіз болатын әртүрлі интеллектуалды іс-шараларды жүзеге асырып, білім алушының тұлғалық кемелденуін, белсенді азаматтық ұстанымын, коммуникациялық дағдыларын, ақпараттық сауаттылығын, әлеуметтік жауапкершілігін, сыни пайымын дамытуға, қоғамдық ортаға сай мінез-құлқын қалыптастыруға көмектеседі

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button