Елорда күні

Астана-дастан

(публицистикалық поэма)

Арқалы ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының өмірі мен шығармашылығы соңғы ширек ғасырда елордамызбен тығыз байланысты. Алатаудан ұлы көш Арқаға қарай бет бұрғанда соның алғашқы легінен көрінді. Биыл астанамызға 24 жыл толса, Серік ақынның да бас қала тұрғыны атанғанына осыншама уақыт болды. Астананы ол сияқты жырлаған ақын да кемде-кем. Елорданы көптеген өлеңдеріне, дастандарына арқау етті. Әлі де талмай жырлап келе жатыр. Биылғы Астана күнінің қарсаңында да редакциямызға публицистикалық поэма мен топтамаларын жолдады. Таныса отырыңыздар.     

[smartslider3 slider=3394]

 

Алаштың

Асқақтаса

Туы – шыңда.

Айналып

Айдың да өзі жуысуға.

Күлімдеп

Күннің көзі

Шуақ шашып,

Кеңейтіп сала берер тынысың да.

Аңсаған

Арманыңа қол жеткізіп,

Сол болар –

Бақытың да,

Ырысың да.

Ұйысып –

Ұлы бірлік,

Ұлан тірлік

Қала тұр –

Уыз нұрдың

Уысында!

 

Жаңаға ескі күнді ауыстырып,

Тағатын

Туған елдің тауыстырып.

Қала тұр –

Есіл өзен жағасында,

Елдікті

Ерлікпенен қауыштырып.

 

Бір сәтке есіне алып өткендерін,

Зым-зия,

Зая кеткен төккен терін.

Шапанын қызыл-қошқыл лақтырып,

Үстіне киіп алды көк көйлегін.

 

Кеңейтіп бірте-бірте тыныс-тірлік,

Баласын барлық ұлттың ұғыстырып.

Жаңа жұрт,

Жаңа қала,

Жаңа қазақ

Ескіні бара жатыр ығыстырып.

Келген жұрт –

Алыс-жақын

Алып ұшып.

Керемет күй кешеді – сағынысып.

Ақорда –

Ақ алмастай жарқылдайды,

Күмбезі –

Күн көзімен шағылысып,

 

Жан-жағы –

Жасыл құрақ,

Жас қарағай,

Жалғанда –

Қала барма,

Астанадай.

Тырбаңдап тірі жүрген біз түгілі,

Қарайды тебіреніп,

Тастағы –

Абай.

 

Қарайды құрметпенен тас болса да,

Қаласы –

Қайта туған жас болса да.

Ғасырдың ауыр жүгін тұр көтеріп,

Қадамы жаңа ғана басталса да.

 

Алсаң сен

Өткен күнді есіңе ептеп,

Болсаң сен

Тарих сырын несібе етпек.

Астына тұлпар мінген

Кенесары,

Ойы бар –

Көк Есілді

Кешіп өтпек.

 

Ақорда.

Арғы бетте –

Хан шатыры.

Саусақтай

Сансыз үйлер

Самсап ірі.

Қайраулы ақ семсері әлі күнге

Жалғанның өтсе-дағы қанша күні.

 

Есілдің

Екі жағы –

Абаттанып,

Көрген жан

Тұра алмайды

Тағат тауып.

Дайын тұр –

Тыныштығы қыбыр етсе,

Шығуға –

Шабуылға

Тағы аттанып…

 

Басына аумайтындай

Бақ тұнғасын,

Біледі ел –

Мұндай қала таптырмасын.

Бөгенбай –

Ол да өзінің

Даңғылымен

Дайын тұр –

Жіберуге аттың басын.

 

Бағыты

Ерейментау –

Жер кіндігі.

Елең ғып –

Ерек Ерді

Ел тірлігі.

Қолында –

Қос тізгіні

Арғымақтың,

Ежелден армандаған –

Еркіндігі!

 

Ел риза батырлардың жорығына,

Астана –

Асқақ қонған орнына.

Даңғылы

Қабанбайдың зулап барып,

Тірелер өзі жатқан қорымына.

 

Ақорда –

Айналасы –

Ат шаптырым.

Өзінің танытып тұр асқақтығын.

Бір Батыр,

Тәуелсіздік Туы қолда,

Барады –

Туған елді бастап бүгін.

 

Астана –

Тасы жауһар, асыл әрі,

Керемет келбетіне бас ұрады.

Алаңдап «Мәңгілік ел»

Алаңына –

Көруге  сол батырды асығады.

 

Есілдің арғы жағы,

Бергі жағы,

Шабыттың толас тауып шер-құмары.

Ақорда –

Көк туымен қол бұлғайды,

Қосылып

Жердің – нұры,

Елдің – ары.

 

Ақорда –

Асыл тұлға,

Бақ мекенім,

Жаныңа жоламайды жат-бөтенің.

Жалғанда оттай жанған сені көріп,

Сеземін бұл дүние тәтті екенін.

 

Тау қандай,

Дала қандай,

Қиыр қандай?!

Бар өзен –

Астанаға құйылғандай.

Жердегі –

Мол береке,

Қазына-құт,

Қазақтың маңдайына бұйырғандай.

 

Астана сыймағандай жер төсіне,

Елімнің айналып тұр еркесіне.

Төбесі –

Көк тіреген

Ғимараттар,

Ұқсайды

Алатаудың өркешіне.

 

Ұшсаң да,

Айға барып,

Күнді айнала.

Таңғалып,

Талып түсіп,

Тіл байлана…

Ғаламды

Қаншама рет шарласаң да,

Табылмас дүниеде мұндай қала!

 

Алашымның арманысың

 

Шарықта,

Шабыт шақыр –

Арма, құсым.

Арқалап туған елдің

Ар-намысын.

Көтеріп

Тәуелсіздік алып келген

Кешегі –

Алашымның арманысың.

 

Айшықты

Ата-баба мәнерісің.

Өзіңмен өрнектелген жан өрісім.

Қазаққа көсем болып

Қол бастаған,

Азаттық –

Әлиханның әлемісің.

 

Қапасқа –

Қияметке барып қиын,

Қорғаған халық мұңын,

Халық күйін.

Ахмет ұлағатты іс қалдырған,

Ұлтының жазып беріп –

Әліпбиін.

 

Алаштың қай кезде де

Ұраны – арман.

Тәңірден азаттықты сұрап алған.

Өзі де ноян қазақ,

«Оян, қазақ!» –

Мәңгілік Міржақыптан

Мұра қалған.

 

Сәтбаев –

Бұл даланың сырын білген,

Арнаған –

Иманжүсіп жырын бірден.

Сейфуллин –

Осында оқып,

Білім алып,

Қадірін

Бәрінен де

Бұрын білген.

 

Шалқыған осы арада

Өлең – дастан.

Өтпеді дейсің дүние нелер бастан?!

Деп салған

Дес берместен

Ғазиз ақын:

-«Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан…»

 

Аңыз көп

Ақмолада толып тұрған.

Ән-жыры аталардың соны ұқтырған.

Өзінің Ғалиясын –

Балуан Шолақ,

Қараөткел базарында жолықтырған.

 

Болмады уақыттан озар тұлғаң,

Бөтен ой,

Бөгде сөзден тазартылған.

Астана –

Қараөткелде орнасын деп,

Қаншама оңды пікір – сөз айтылған.

 

Болған жоқ,

Баянды іске мұрша мұнда.

Теңдік жоқ қазақ деген бір қауымға,

Алаштың айтқан сөзі іске аспады,

Тұрған соң компартия құрсауында.

 

Бұл істің күту керек артын ептеп,

Бір дәурен

Қалай мәңгі шалқып өтпек.

Қан тамған қылышынан компартия

Басатын болды аяғын тәлтіректеп.

 

Өздері ұстап беріп бірін-бірі,

Жинады

Жан-жағына жырындыны.

Кеңестің келе жатты

Бірте-бірте,

Құрдымға кетіп мүлде

Құрыр күні.

 

Өз әрпін

Орысыңның зорға танып,

Жүргендер

Шыға келді жорға атанып.

Қазақты «жарылқамақ» болады да,

Артынан жықпақ екен

Жарға апарып.

 

Қашаннан ұлтым – батыр,

Елім – ерен,

Қан жұттым,

Халқым үшін еңіреген.

Дақ түскен намысына

Қайран қазақ,

Желпінді –

Желтоқсанның желіменен.

 

Қарамай

Қыстың қатты ызғарына,

Жақты алау,

Желтоқсанның мұздағына.

Қол соқты бүкіл әлем,

Разы боп,

Қазақтың жігіттері,

Қыздарына.

 

Ер қазақ аямады жан-жүрегін,

Тап басып,

Таппаса да заңды жолын.

Ашынып,

Ақиқатын айтпақ болып,

Кеңестің кеңірдегіне салды қолын.

 

Өзгеше болды сосын ендігі арын,

Байқатып,

Елдің құтын,

Жердің нәрін.

Жалп етіп,

Компартия құлады да

Ақыры –

Тәуелсіздік жеңді бәрін.

 

Құлпырып туған жердің төсі мүлде,

Жеттік біз,

Жеңімпаз боп – осы күнге.

Елорда,

Елдігімнің

Астанасы,

Айналды –

Тәуелсіздік бесігіне!

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button