Қала тіршілігі

АСТАНА – ДАСТАН

Елорданың 15 жылдық мерейтойына орай Астана­ қаласы әкімдігінің қолдауымен С.Сейфуллин мұражайы мен Жазушылар одағының Астана филиалы бірлесе ұйымдастырған «Жарқыра, жайна,­ Астана!»­ мүшәйрасында топ жарған ақындардың өлеңдер топтамасы­

Асырдың айбарыңды аймағыңнан

Он бес жыл – бұл далаға мен келгелі,
Он бес жыл – гүл қалаға мен келгелі,
Еркім жоқ, дертім көп боп жүрген кезде,
Ауаңнан дауа таптым емделгелі.

Он бес жыл – есігіңе ендіргелі,
Он бес жыл – есіміңді ел білгелі,
Он бес жыл – саясаттың тоңын бұзып,
Есілдің көк мұзымен сең жүргелі.

Атқаны Азаттықтың анық таңы,
Он бес жыл – жағдайыңды жан ұққалы.
Он бес жыл – Алты Алаштың атын атап,
Ел-жұртың есіміңе қаныққалы.

Еңбегің он ғасыр ма, бес ғасыр ма,
Әйтеуір, сен келесің көш басында.
Асырдың айбарыңды аймағыңнан,
Қалдырмай қалалардың басқасында.
Эйфель бар, елден ерек мұнара бар,
Бас иіп, француздар тұра қалар.
Көрсетіп сүйіктінің биіктігін
Әйтеуір, мақтануға құмар олар.

Әр елдің перзентіне парыз болар,
Ертегі – елден ерек аңыз болар.
Білмеймін, Бәйтерегі болмаған соң,
Біздерден төменірек тәрізді олар.

Болғанмен неше мекен, нешеме жер,
Айтқаным барған сайын еселенер.
Тамырын туған жерден тартқаннан соң,
Бәйтерек бірте-бірте өсе берер.
Болды деп таңданбасаң қайдан алып?!
Қаланы қанатына байлап алып.
Көміліп көк сеңгірдің мұнарына,
Бір күні тіреледі Айға барып.

Мұндайға жолығады мыңның бірі,
Әлдилеп ән әуені, күй күмбірі.
Сонан соң, шуағына шомылдырып,
Тұрады Астананы Күннің нұры!

Айтсаңшы!
Күн керек пе, Ай керек пе?!
Жұлдызы жыпырлаған жай керек пе?
Тұрған соң көк сеңгірдің құшағында,
Ештеңе жетпейді енді Бәйтерекке.

Болмысы – бүкіл дүние, аспан – әлем.
Алмайсың теңестіре басқаменен.
Түбінде іргесіне құт боп қонған,
Оянар құштарлығың Тасқа деген!
Астана салу қандай жүректілік,
Кірісу оған және білек түріп…
Түбінде келер ұрпақ алғыс айтар,
Маңдайын ірге тасқа тіреп тұрып!

 

Алтын тәжі кең даламның

Беу, шіркін, тарихым бар таңдай қағар,
Рухым бар қара түнде шамдай жанар.
Қазақта тағдыр болса, сол тағдырлар,
Әжім боп жазылып тұр маңдайға олар.
Жырлайын Астанамды мөлдіретіп,
Әйтпесе жырға шөлім қанбай қалар.

Алдымнан ақ құшағын ашқан арман,
Астанам бағымсың сен басқа қонған.
Елес бар Есім салған ескі жолдан,
Белгі бар Қасым салған қасқа жолдан.
Басталып бір тарихың Бытығайдан,
Бозоқтан бір тамырың бастау алған.

Сақ болған, жылдар өтті сармат болған,
Түркінің түп тарихы тармақталған.
Күлтегін пырағымен қайта оралып,
Төріңе Тоныкөк-рух орнап қалған.
Астанам – алтын тәжі кең даламның,
Сарыарқам – киелі өлкем аруақ қонған.

Абылай аспас сарыбел, сары далам,
Не көрмеді бидайкөз кәрі далам.
Ақ селеуің күй шертсе мойнын ырғап,
Естіледі көненің сарыны одан.
Еңку-еңку елімнің жүрген жолы,
Астанада көрінді бәрі маған.

Отар болдық, от кештік, жалын құстық.
Ағып жатты қанымыз, тамырда ыстық.
Басымыздан не заман өтсе–дағы,
Байтақ елдің жүрекпен бәрін құштық.
О шеті мен бұ шетін қорғау үшін,
Қолға найза ап, арғымақ жалын құштық.

Қараөткелде жау тиіп бір жағынан,
«Абылайлап» құлақта тұнған ұран.

Ол кезде сен елімнің бекінісі ең,
Есіл аққан жаңылмай ырғағынан.
Кенесары қылышын сермегенде,
Аман қалдық Аюдың тырнағынан.

Сонан кейін ұран сап Алаш келді,
Әлихандар ұрпаққа жол ашты енді.
Тізгін бермей қазаққа билік бермей,
Басқаруға келімсек таласты елді.
Ол күн де өтті, жын-шайтан қалып қойса,
Адыраспанмен Астанам, аласта елді.

Қойдай қуды тобырға балап көпті,
Қымыз құйған кесеме арақ төкті.
Ен далада ел едік еркін өскен,
Өз жерімді өзіме абақты етті.
Ақтар келіп бір шауып кетсе жұртты,
Қызылдар кеп қалғанын тонап кетті.

Қақпағы ашық қайнаған қазанымның,
АЛЖИР, КАРЛАГ – бесігі азалы үннің,
Ашаршылық, зобалаң, қанды майдан,
Бәрі де өтті басынан қазағымның.
Астанам, тәубә бүгін, куәсі өзің,
Сүттен ақ, ағын судан таза күннің.

Бейбіт күн ер халқымның реңі еді,
Астанам, кең даламның жүрегі еді.
Ғаламға самғап ұшты өзіңде елдің,
Мың әні, мың күйі мен мың өлеңі.
Бұл күнде қай түкпірден басталса да,
Барлық жол саған келіп тіреледі.

Есілдің жағасында ой төгемін,
Көз тіккен Ақ Ордаға байтақ елім,
Жалғаған жер мен көкті Хан шатырың,
Ғажайып, Күнді сүйген Бәйтерегің.
Нұрсұлтан нұрлы жолда салып берген
Астанам, сен болмасаң, қайтер едім.

Құстарың ән боп ұшып сұлу талдан,
Көшелер қапталында гүлің толған.
Жастықтың дәл өзіндей жасыл шыршаң,
Көркің бар қызыл-жасыл құбылта алған.
Күн шалқып аспанында Ай қалқыған,
Бұрқанған мінезің бар буырқанған.

Қала жоқ сендей төгер таңның нұрын,
Самғаттың далам әнін, таудың жырын.
Дүниенің патшаларын жинап алып,
Алғыстың, ақ тілектің алдың мыңын.
Әлемдік картадағы жаңа нүкте,
Ғаламның астанасы болдың бүгін.

Шайқайды бұлтты басын Алатау да,
Қарап тұр таңырқаумен Қаратау да.
Шыңғыстау Абай болып бата беріп,
Жақтың сен арман отын сан отауға.
Көгіңде өлең-құс боп ұшып жүрем
Сен мені аяласаң алақанда.

 

Арманы абылайдың орындалды

Қазақтың барлық елмен тең болғаны –
Елбасы жер-жаһанды кең шолғаны.
Президент – қазағымның көшбасшысы,
Президент – ұлт көсемі, ел қорғаны.

Топтасты барша халық маңайына,
Ақжарқын әмбеге аян арайы да.
Президент – қазағымның Абылайы,
«Ақ Орда» атанады сарайы да.

Мың құлап, мың сүрініп, көп тосқан күн,
Намыспен тар кезеңде дөп басқан күн.
Еліме Тәуелсіздік жолын ашқан
Президент – жебеушісі желтоқсанның.

Елбасы бастап шықса көшін алдан,
Туды сәт – ел аңсаған шешілді арман.
Шырақтай мәңгі сөнбес жарқырады,
Қолында қайсар Алаш оты жанған.

Тілегі ата-баба шоғырланды,
Шыт жаңа өркениет жолын салды.
Орнаса Астанадай жаңа қала,
Арманы Абылайдың орындалды.

Емес қой қиял-аңыз ғаламаты,
Тарихтың бұл да айқын аманаты:
Айтарым – ең бірінші Президент,
Тарихта мәңгілікке қалады аты!

 

Арғымақ мойын ақ шаһар

Арғымақ мойын ақ шаһар, аққудай әсем сырбазым,
Аққуым сендей тұрғанда өзгенің қайтем мың қазан?!
Меңіне бола бір қыздың бас тартқан егіз шаһардан,
Хафиздей делбе емеспін,
Бола алам Сенің құрбаның!

Әділдің, ақтық-қос қанат ұшатын елді көкке алып,
Ит пенен құсқа жем болар қанаты ондай жоқ халық.
Тілеймін саған қос қанат, тілеймін шабыт тағы да,
Шабыттан туған саз ғана жүректе қалар жатталып!

Шабыттан туған сұлу саз, төбеңде тұрсын қалықтап,
Басыңа тұрса дарып бақ-ұша бер көкте шарықтап!
Әділдік, ақтық-қанатым, тілім мен ділім – шабытым,
Төртеуім түгел болғанда басыма қонар анық бақ!

Арғымақ мойын ақ шаһар, жалыңа жат қол салдырма,
Қанатыңды қағып қарғып өт, бар болса орлар алдыңда!
Айналып ғажап пыраққа алып бар алыс, жыраққа,
Арғымақ мойын Ақ Шаһар, сен мені жолда қалдырма!

 Махсет Алсейітов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button