Басты ақпарат

Астана – дінаралық диалог алаңы

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің пленарлық отырысына қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның осы шараны өткізу жөніндегі бастамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып келе жатқан дін көшбасшыларына, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдірді.
– Алғашқы тарихи съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз алтыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қатысқан ескі достарымызбен қайта қауышқанымызға өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық білдіремін. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық, жасампаздық идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету жолында Қазақстанның жұмсаған күш-жігері мен елорданың рөлі жөнінде айтты.
– Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті геосаяси шиеленістің және санкциялық текетірестің өршіп келе жатқанына арнайы тоқталды.
Мемлекет басшысы түрлі мәдениет, дін және мемлекет көшбасшылары арасында өзара сыйластық, сындарлы ынтымақтастық идеяларын нығайту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесі жөнінде айтты.
– Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бәрін Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру үшін ұсынған іс-қимылдарын қолдауға шақырды.
Мемлекет басшысы дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін берілетін съездің бірінші сыйлығын Ватикан Папасының кеңесіне табыстау жөнінде шешім қабылданғанын делегаттарға хабарлады.
Соңында Қазақстан Президенті съезд делегаттарының бәріне ашық та сындарлы диалог рухында табысты жұмыс істеуіне ниеттестік білдірді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button