Қала тіршілігі

АСТАНА ДОНОР ҚАЛАҒА АЙНАЛАДЫ

ERA_9032

– Сіздердің алдарыңызда оқыған баяндамада Астананың биылғы басты  жетістіктерін саралап айттым. Жылан жылы елорда үшін жаман болған жоқ. Соның ішінде айрықша айтарым – Астананың өз қолы өз аузына жетіп, өз-өзін қамтамасыз ете алатын деңгейге көтерілді. Яғни, Астана бүгінде дотациялық  шаһар емес. 2015 жылдан бастап, республикалық бюджетке кіріс түсіретін донор қалаға айналады. Мұндай жетістікке еліміз бойынша тек Маңғыстау мен Атырау облыстары және Алматы қаласы ие. Олардың қатарына төртінші болып, енді Астана қосылып отыр. Биылғы басты табысымыз да осы. Ал, жеке өміріме келсем, биыл немерелі болып жатырмын.  Бұл – басты қуанышым.

 

Қаланың көрікті болмағы ағашынан

– Елордада кейбір ағаштардың оталып жатқанын көреміз. Қаланың ажарын ашып тұрған жасыл желекті кесу нендей қажеттіліктерден туындап отыр?

– Кез келген  ағаштың өмір сүру мерзімі бар. Мысалы, терек ағашы 40 жылдан астам өмір сүреді. Тез өсетін ағаш болғандықтан көгалдандыруға кеңінен қолданылады. Алайда, тіршілік ету мерзімі біткеннен кейін ағаш-екеш ағаш та қурайды. Сіздің көргеніңіз осындай қураған ағаштар болар. Әйтпесе, жаңадан жайқалып келе жатқан жас шыбықты кесуге ешкімнің қолы бармас. Астана елордаға айналып, аумағы кеңейгелі 19 мыңға жуық кәрі ағаш оталған екен. Есесіне, соңғы бес жылда елордада 150 ағаш отырғызылған. Тек жаздың өзінде 10 миллион гүл егіледі. Бұл дегеніңіз – қыруар жұмыс.  Астананы жасыл желекті қалаға айналдыратын мұндай шаруаларға әр тұрғын атсалысса дейсің.

 

Автотұрақтар салатын инвестор қажет

– Астана қаласында көліктер қоятын тұрақтар тапшы екені белгілі. Әсіресе, кешкілік уақытта тұрғындар көлігін қоятын жер таппай, қиналып жүреді…

– Бiз соңғы 5 жылдың iшiнде салынған 341 тұрғын үй кешенi мен нысандарды тексердiк. Олардың 169-ында көлiк қоюға арналған орындардың жоқ екенi анықталды. Сәулет-қала құрылысы талаптарына сәйкес, қазір көлік тұрағы жобада болмаса,  бiрде-бiр тұрғын үй құрылысына рұқсат берілмейді.  Көлік тұрағы жоқтар – бұл норма заңға енгізілгенге дейін салынған нысандар болып тұр. Алайда, бүгінде келімді-кетімді көліктерге арналған автотұрақтардың жоқтығы – күрмеулі мәселе болып тұр. Егер осындай автотұрақтар салуға ниетті инвесторлар болса, қуана-қуана, жер телімін берер едік. Тіпті, инженерлік инфрақұрылымдар салуға да қолұшын беретін боламыз. Қазір автотұрақтарға деп алып қойған 154 жер учаскесі тұр. Егер инвестор табылса, бірлесе жұмыс істеуге әзірміз.  Ал, біз сырттан келушiлердің көлiгiне арналған автотұрақтар құрылысына бюджет қаржысын жұмсай алмаймыз. Себебi, бұл – бизнес, бәсекелі орта. Бірақ, автотұрақтар салуға ниетті инвесторлар бұл бизнестің игілігін кейін көретініне сенімдімін.

 

Мүгедектердің мүддесі ескерусіз қалмайды

– Елордада 18 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Құрылыс нысандарын салғанда олардың жағдайы қаншалықты ескеріліп жатыр?

– Құрылыс нысандары мен жаяу жүргіншілер өткелдерін саларда мүгедектердің жағдайы міндетті түрде ескеріледі. Тіпті, қоғамдық көліктерді сатып аларда да олардың мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлылығы назарға алынуда. Мысалы, келесі жылы біз газбен жүретін 350 автобус сатып алмақшымыз. Техникалық талаптар бойынша, олардың бәрінде мүгедек арбасының кіріп-шығуына арналған көтергіш қондырғы орнатылады. Ал, 2018 жылға қарай Астанаға әкелінетін 1200-ге жуық жолаушылар көлігі тегіс автобустық лифтімен қамтамасыз етілетін болады. Мүгедек жандардың жүріп-тұруына жағдай жасайтын мұндай шаралар жалғасын таба бермек.

 

Кімнің жері мемлекетке қайтарылады?

– Елбасының тапсырмасы бойынша игерілмей жатқан жер телімдері мемлекетке қайтарылып жатыр. Бұл мәселе Астанада қаншалықты жүзеге асырылу үстінде?

– Жалпы Астана қаласының аумағы 71 мың гектар жерді алып жатыр. Соның 14 мыңдай гектары кезінде жекеменшікке беріліп, бүгінде игерілмей жатыр. Оның 2 мыңдай алқабы  мемлекеттің қорына қайтарылды. Барлығы 6 мың гектарға жуық жер телімдерінің мәселесі қаралып,  қожайындарына ұйғарым берілді. Егер олар келесі жылдың алғашқы жарты жылдығына дейін тиесілі жерін игеріп үлгермесе, онда жерді қайтару жөніндегі мәселе сотта қаралатын болады.

 

Ашық аспан астындағы амфитеатр ашылады

– Астаналық саябақта амфитеатр ашылады дегенді естідік. Бұл жоба қашан жүзеге асырылады?

– Елорданың саябағы – 1960-шы жылдары негізі қаланған ескі нысан. Бұл демалыс бағынан жазда адам аяғы үзілмейді.  Біз үш жылдан бері астаналық саябақты қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұйыртса, келесі жылдың 1 шілдесіне дейін шаруаның бәрі еңсеріледі. Саябақты қайта жаңғырту барысында тұрғындар тынығатын орынды одан әрі айшықтау мақсатында амфитеатр салуды қолға алдық. Амфитеатрдың көрермендерге арналған 2 мың орындық  залы – Есіл өзенінің жағасында, ал сахнасы судың дәл ортасында орналаспақ. Ашық аспан астындағы әдемі алаң тұрғындардың көңілінен шығары сөзсіз.

 

Астананың шекарасы кеңейтіле ме?

– Астана халқының саны күннен күнге өсіп келеді. Осыған байланыс­ты қаланың шекарасы кеңейтілсе деген ұсыныс бар…

– Мен өз басым Астана қаласының шекарасын кеңейту ұсынысын қолдамаймын. Өйткені, ол үшін біраз шығын керек.  Астана өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне енді ғана жетті.  Сондықтан  қаланың шекарасын кеңейтіп, жаңадан қосылған  аумақты абаттандыруға қаржы жұмсағым келмейді.

 

Жеңіл рельстен гөрі жедел автобус дұрыс

– Астана қаласында жеңіл рельсті көлік жобасы қашан қолға алынады?

– Біз осы мәселені жан-жақты ой елегінен өткізіп, байыпты сараптамалар жасап көрдік. Мысалы, жеңіл рельсті көліктің 21 шақырымды құрайтын бірінші желісінің құрылысына қажетті шығын 250 миллиард теңгені құрайды екен. Ал, таңдауымыз түскен екінші жоба – арнайы жолақпен жүретін жедел автобус бағыттары желісінің дәл осындай учаскесіне бар болғаны 85 миллиард теңге жұмсалады. Екі жобаның арасындағы баға айырмашылығы 151 миллиард теңгені құрайды. Сондықтан, біз арнайы жолақпен бөлінген жедел автобус бағыттары желісі жобасын қолға алу туралы келісілген шешім қабылдадық, бұл жобаның бірінші желісін 2016 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

 

Индустриалдық парктің әлеуеті

– Астана қаласындағы Индустриалдық парктің жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Онда қолға алынған жобалар мен инвестициялар жөнінде айтып берсеңіз?

– Бүгінде «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына қарасты Индустриалдық паркте  15 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек,  15 нысанның жобасы әзірлену үстінде.  2017 жылға қарай Индустриалдық паркте жұмыс істейтін кәсiпорындар жылына 150 миллиард теңгенің өнiмін шығаратын болады, ал бюджетке түсетін салық 70 миллиард теңгенi құрамақ.

2010-2013 жылдар аралығында Индустриалдық парктің 11 кәсіпорны тарапынан 182 миллиард теңгелік тауар өндірілді және қызмет көрсетілді. Соның ішіндегі биылғы жылдың үлесі 73 миллиард теңгені құрайды. Бұл – қаланың жалпы өнеркәсіптік өнімінің 36 пайызы.

 

Үлескерлердің үміті ақталды

 – Астана қаласында үлескерлердің мәселесі қаншалықты өткір тұр? Үлестік қатысумен салынып, аяқталмай қалған құрылыс нысандары қалды ма?

– Кезіндегі дағдарыстан кейін құрылыс нысандары тұралап, көптеген тұрғын үйлер аяқталмай қалғаны белгілі. Соның зардабын алдымен халық тартты. 2008 жылы елордада үлестік құрылысқа қаржы құйып, кейін пәтерін ала алмай қалған 45 мыңға жуық адам болды. Бұл дегеніңіз – 100 мыңға жуық тұрғын деген сөз. Өйткені, әр үлескердің артында отбасы, бала-шағасы бар.  Егер Елбасының тапсырмасымен Үкімет дер кезінде шешім қабылдамағанда, бүгінде олардың күні не болар еді?! Сол кезде Астанада құрылысы орта жолдан тоқтап қалған  241 нысан болса,  соның бәрі қазіргі күні толықтай салынып, іске қосылды. Енді тек «Территория комфорта» деген тұрғын үй кешені қалды. Бұл үйдің құрылысы келесі жылдың ортасында бітеді деген үмітіміз бар. Қазір бұл мәселе сотта қаралып жатыр. Соттың төрелігі шыққаннан кейін, мәселе біржақты шешіледі деп ойлаймыз.

 

Пәтер кезегінде – 28 мың адам

– Ауылдық жерде жиырма-отыз жыл жұмыс істеген мұғалімдер Астанаға ауысып, келген бойда  мемлекеттік бағдарламаға құжат тапсырады. Әрине, еңбек өтілімен баспаналы болады.  Есесіне, осында 10-15 жыл еңбек еткендердің  пәтерге қолы жетпей жүр.  Негізінде, олардың тұрғылықты жерде бес жыл тұруы шарт емес пе?

– Жалпы, баспана мәселесі – өте күрделі.  Жыл сайын Астанаға шамамен 50 мыңнан астам адам көшiп келедi. Мысалы, осы жылы  халыққа қызмет көрсету орталықтары еліміздің басқа өңірлерінен елордаға қоныс аударған 101 283 мың адамды тіркеген. Орта есеппен алағанда, бүгінде баспанаға мұқтаж жандардың саны – 175 мың. Әрине, қиын шаруа.

Жыл сайын 1 млн 200 мың шаршы метр үй берілуде.  Алайда, оның бәрін мемлекет тапсырып жатқан жоқ. Нарықтың талабымен, кәсіпкерлердің еңбегінің арқасында пайда болып жатқан пәтерлер. Бүгінгі күнде қала қорынан  пәтер кезегінде тұрғандардың саны  – 28 мың адам. Олардың көпшілігі – ұстаздар, әлеуметтік сала қызметкерлері.  Айта кету керек, бес жыл ішінде алты мыңнан астам отбасы пәтерге ие болды. Түсінуіміз керек, бір жылда мұндай мәселені шешу мүмкін емес. Бірақ, мемлекеттік бағдарлама бар, құрылыс қарқынды түрде жүруде, алдағы уақытта біртіндеп шешімін табатын болады.

 

Алты ауылдың мәселесі шешілді

– Президент Астана аумағындағы ауылдарды  ретке келтіруді тапсырғаны белгілі. Екіге бөлінген Қараөткел ауылының тұрғындары су, жарық, жылу  мәселесі бойынша журналистерге жиі шағымданады.  Қараөткелдің қалаға қосылуы мүмкін бе?

– Астана қаласының  аумағы – 71 мың гектар. Бірақ, іргелес тұрған екі облыспен келісе отырып, Үкіметтің шешімі бойынша қала төңірегіндегі сексен ауылды есепке алдық.  Астанадан  отыз  шақырым қашықтықтағы радиуста 56 мың халық тұрады. Олар  Ақмола және Қарағанды облыстарына қарайды. Қазіргі таңда  олардың мәселелерін шешіп бере алмаймыз.  Десек те, ысырып тастап отырғанымыз жоқ.  Өйткені, ондағы  халық Астанаға келіп жұмыс істейді, балаларын мектепке береді, осында емханаларға қаралады.  Бұл жөнінде  арнаулы бағдарлама қабылданды. Бүгінде Астанаға қосылған жиырма ауыл бар.  Осыдан үш жыл бұрын қалалық мәслихат  сол ауылдардың мәселелерін шешу туралы шешім қабылдады. Оның ішінде жол, электр желісін жүргізу және су мәселесі де бар.  Мінеки, осы қабылданған үш жоба бойынша бүгінде  алты ауылдың мәселесі толықтай шешілді. Басқа ауылдарда да бөлінген қаражатқа сәйкес жұмыстар жүріп жатыр.  Біздің міндетіміз – қалаға қосылған сол жиырма ауылдың мәселесін шешу. Қалған ауылдар облыстың жағдайына байланысты.

 

Аулалар абаттандырылады

– Осы жазда Есіл ауданында аулалар қалыпқа келтіріліп, футбол, баскетбол алаңдары салынды. Жаттығу қондырғылары да орнатылды.  Кешкісін сыртқа шыға қоймайтын халық қазір спортпен айналысуда.  Күндіз балалар ойнаса, кешкісін егде кісілердің сүйікті орнына айналды.  Мәселен, «Дипломат» кешені жанындағы алаңға, тіпті, чемпионат өткізуге болады.  Осы жақсы дәстүр биыл басқа аудандарда жалғасын таба ма?

– Аулалардың жағдайы қаланың тыныс-тіршілігіне әсер ететіні сөзсіз.  Жас балалардың да, ересектердің де сол аулада дем­алып жүргенін көрудің өзі бір ғанибет. Әрине, ауланы жөндеуге  көңіл бөлініп, арнаулы  бағдарлама қабылданды. Қалада орта есеппен алатын болсақ 1300-1400  аула бар. Оның 400-ден астамы былтыр жөнделді.  Бір маусымда бұл мәселені реттеп тастау оңай емес. Қаражат керек. Ендігі жылы  400 болмаса да 200-250-ге жуық аула жөндеуден өтеді.

Жүз мың адам жер сұрап жүр

– Жуырда Президент Астананың Бас жоспары ретке келтірілгенше елорда аумағынан жер беруге мораторий жариялады.  Сұрайын дегенім, бұл мәселе қашан ретке келтіріледі, азаматтар қай уақытқа дейін күтуі керек?

– Жеке үй салуға  жер телімін беру мәселесіне байланысты  Елбасының тапсырмасы бар. Өйткені, қалаға жақын аумаққа үйлер салынып, ауылдар пайда болуда. Олардың не жолы жоқ, не жарығы жоқ, не суы жоқ. Ең бастысы, жұмыс орыны жоқ. Ондай  тұрмыс кімге болса да қолайлы емес. Тыйым салынғаны да сондықтан.  Бірақ, мен басқа мәселені айтайын. Астанада он  сотық жер алғысы келетіндердің саны жүз мыңнан асады. Бере аламыз ба, бере алмаймыз ба? Жоқ.  Қаланың мүмкіндігі жоқ.  Өйткені, 2025-2030 жылға дейін Бас жоспар бойынша бере алатын немесе көзделген  жердің көлемі 15 мың адамға ғана жетеді. Оны халыққа бөліп беруге болады. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай  инфрақұрылымы жоқ. Ертең үй салып алғаннан кейін олар кімге шағымданады? Әңгіме шағымдануда да емес, мәселе сол кісілерді қиянатқа қалдырмауда. Су, жарық, жылу болмаған жерде қалай өмір сүруге болады? 15 мың адамға берілетін жер теліміне инфрақұрылым жүргізу үшін  1 млрд доллар қажет. Оны бір сәтте, бір уақытта бөле салуға қалада да,  Үкімет қорында да мүмкіндік жоқ. Бірте-бірте шешімін табады.

 

Астананың өзіндік жолы бар

– Астана ТМД  мемлекеттері мен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың  қай қаласына қарап бой түзеуі тиіс?

– Менің ойымша, әрбір қаланың өз бағыты мен көздеген мақсаты бар.  Әрине, өсіп-өнген, дамыған қалалардың тәжірибесін жинап, халқына жасаған жағдайды Астанаға алып келгіміз келеді. ХХI ғасырдың басында  қалыпатасып, дамып келе жатқан Астана қаласының да өзіндік жолы бар. Алдымызда мақсат айқын, жоспар көп.

 

Сұранысқа ұсыныс сәйкес келсе игі

– Астанада «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қалай жүзеге асуда?

– Аймақтық индустрияландыру картасы бойынша 87 млрд теңгенің 19 жобасы іске қосылды. 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұған қоса, 30 жоба іске асырылуда. 2016 жылдың соңына дейін оларды өндірістік қолданысқа беру жоспарланған. Сол кезде сегіз мыңға жуық жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Астана – студенттердің қаласы. Осы ретте еңбек нарығындағы жағдайды айта кетсем деймін.  Биыл жоғары оқу орындарын үш жарым мың түлек бітірген. Ресми дерекке сүйенсек, олардың 2100-і жұмысқа орналасқан.  Қалғандары жұмыссыз. Неге? Оқуды енді бітірген мамандарға неге жұмыс табылмайды? Мәселе, жоғары оқу орындарында болып отыр. Олар өңірлік, экономикалық және еңбек нарығындағы жағдайды елеп-ескермей, сәнге айналған мамандықтарға шектеусіз студент қабылдай береді. Оқу бітірушілердің қолдарында экономист, заңгер дипломдары бар, бәрі өз саласы бойынша жұмыс істегісі келеді. Алайда, сұраныс жоқ. Бұл – әлеуметтік маңызы бар мәселе. Білім және ғылым министрлігі осыған назар аудару керек. Қазіргі уақытта тиісті шара қабылдамасақ, еңбек  нарығында үлкен мәселе туындауы мүмкін.

Қауіпсіздік қымбат

– «Ханшатыр» сауда үйінің алдында салынып жатқан  жерасты жолының құрылысы неге қымбат?

– Біріншіден, бәрі нормативтік талаптарға сәйкес қарастырылған. Ондағы магистральді, кәріздік, тағы басқа да барлық желілерді көшіру қомақты қаражат талап етеді. Жер­асты жолының  қала тұрғындары үшін маңызы жоғары. Өйткені, мереке күндері аталмыш сауда үйіне 25 мыңға жуық халық барады. Ондағы құрылыс жұмыстары – жол оқиғаларын болдырмау, қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаруа.

Жасыл аймақ 75 мың гектарға жетеді

– Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 2015 жылға дейін Астана маңындағы жасыл аймақты 75 мың гектарға дейін арттырамыз деп отыр. Осы жұмыстар қалай жүргізілуде?

– Кезінде Астана көшеді дегенде, елдің тоқсан пайыздан астамы сенбеген еді. Бүгінде елорда әдемі қала болды. Сол секілді, Елбасы жасыл аймақ туралы  бастама көтергенде бұған да көбі сенген жоқ. Естеріңізде болар, үлкен жиындарда мамандардың өзі «мүмкін емес» деп сенімсіздік танытты. Бірақ, бүгінгі күні 65 мың гектар жасыл аймағымыз бар. Осыған жеткенде, 75 мыңға дейін жеткізуде ешқандай мәселе болмайды. Бәрі ретімен жүзеге асуда. Елбасы Бас жоспарымыздың мекемесінде болған кезде мұны нақтылап айтты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button