Ел тынысы

Астана дзюдодан әлемдік «Qazaqstan Barysy Grand Slam» турнирін өткізеді

Астанада 10-12 мамыр күндері «Qazaqstan Barysy Grand Slam» дзюдодан әлемдік рейтингтік турнир өтеді деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл бастама дзюдошыларға 2024 жылғы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін қажетті ұпайлар әкелетін Grand Slam сериясының соңғы кезеңі болмақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Қазақстан Дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлемдік турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

«Биыл еліміз екінші рет «Qazaqstan Barysy Grand Slam» турнирін өткізеді. Халықаралық дзюдо федерациясы өткен жылы жарыстың ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Ал биыл жауапкершілік жүктемесі екі есеге артты деп айтуға болады. Өйткені жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында «Үлкен дулыға» турнирінің соңғы кезеңі бізде өтеді. Спортшылар рейтингтік ұпай жинап, Олимпиадаға кімнің лицензия алатыны белгілі болады. Өте жауапты сәт. Қазір біз бұл жарыстарды жоғары деңгейде өткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Сондай-ақ спортшыларымызға сенеміз. Отандастарымызды ұлттық құраманы қолдауға шақырамыз», – деп атап өтті Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев.

Айта кетсек, осы жарыстың қорытындысы бойынша IJF ережелеріне сәйкес, әлемдік және олимпиадалық рейтингтердегі ұпайлар турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында бөлінеді. Атап айтқанда, 1 орын үшін 1000 ұпай, 2 орын үшін 700 ұпай және 3 орын үшін 500 ұпай беріледі.

Естеріңізге салсақ, 2023 жылы ҚР Дзюдо федерациясы Халықаралық дзюдо Федерациясымен (IJF) Қазақстанда Grand Slam әлемдік сериясының жарыстарын өткізуге төрт жылдық келісімшартқа қол қойған болатын. Екіжақты шартқа сәйкес, біздің еліміз бұл турнирді 2026 жылға дейін қабылдайды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button