Басты ақпарат

Астана экономикалық форумы аяқталды

Үш күнге созылған VI Астана экономикалық форумы мен оның аясында өткізілген Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция «G-global» форматындағы «Көшбасшылар диалогымен» аяқталды. Оның нәтижесінде әлем экономикасын дамыту мен сауықтыруға қатысты G-8 және G-20 мемлекеттеріне, БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына бағытталған Астана декларациясы қабылданды. Сондай-ақ жалпы сомасы 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 80-нен астам меморандумдар мен келісімшарттарға қол қойылды.

Дағдарыс – жаһанның ортақ «жауы»

VI Астана экономикалық форумы мен оның аясында өткен алғашқы Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның басты қарарын осылай топшылауға болады

Президиумында экономика саласында Нобель сыйлығын алған ғалымдар, әлемдік қаржылық ұйым жетекшілері, БҰҰ өкілдері сөз сөйлеген VI Астана экономикалық форумы мен БҰҰ аясындағы Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның ресми ашылу салтанатына қатысқан Елбасы Н.Назарбаев ортаға шығарылған өзекті проблемаларға қатысты өз көзқарасымен бөлісті.

– Жаһандық дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеу үдерісін жандандырумен қатар, кейінгі жылдардың бірқатар ащы сабақтарын ескеру қажет. Былтырдың өзінде әлемнің көп бөлігі жаһанданған XXI ғасыр экономикасындағы ортақ дағдарыс тарихтың «жабылып кеткен парағы» деген ойда болған. Қаржы институттары бізді осыған барынша сендіргісі келді. Бірақ тоқмейілсуге болмайды, – дей келіп, Елбасы Кипрдегі қаржы жүйесінің күйреуі осы күдікті үдете түсетінін айтты.

Елбасының пікірінше, тіпті экономиканың қыр-сырына түгелдей қанық емес адамның өзі Кипр банктері мен бес жыл бұрынғы аме­рикалық ипотекалық агенттіктердің құл­­дырау проблемасының себептері ұқсас еке­нін оңай аңдайды. Бұл, ең алдымен, қаржы жүйесін қолдан «көбіктендіру» және жеңіл жолмен ақша табуды көксеу, ұлттық қаржы институттарының тиісті жауапкершілігінің болмауы және жаһандық қаржылық басқару­дың әлсіздігі.

Сонымен қатар, дағдарысқа қарсы ұлттық деңгейде жүргізілген кейбір шаралардың өзі жаһандық құлдырауға әкелетінін айтқан Елбасы:

– Көптеген мемлекет әлі де протекциялық іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұл әлемдік сауда өсімінің бәсеңдеуіне, бағаның тө­мендеуіне алып келді. Сонымен қатар транс­шекаралық несиелеу мен инвестиция көлемі кеміді, олар қазір дағдарысқа дейінгі кезеңнің 60%-ындайын ғана құрады. Жаһан бойынша жұмыссыздық өрістеуде. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, осы жылы 200 мил­лионға тарта адам жұмыссыз қалады, – деді.

Оның бір түп себебін Елбасы сенім тап­шылығынан іздейді.

– Жаһандық қаржы институттары мен мемлекеттер арасында, қаржы секторы мен нақты экономика арасында, елдер арасында сенім жоқ. Сенім болмаса, дағдарысқа қарсы кез келген іс-шара әшейін «жыртықты жамау» ғана болады. Тағы бір ескерерлік жәйт, қаржы секторы жаһандық болсын, ұлттық деңгейде болсын, нақты өндірістен тысқары дамуға тиіс емес, – деп тоқталды Елбасы.

Қазақстан Президенті қазіргі жаһандық дағдарыс кең ауқымды қамтитынын атап өтті.

– 2011 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас ассам­блеясының 66-сессиясында мен жаһан­дық реттеу фактісі бойынша жұмысты аяқтау керек екенін айттым. Ол құжат халықаралық эко­номикалық саясаттағы түйінді аспектілерді қайта қарастырады. Бес қарапайым ұстанымға негізделген. Біріншіден, төңкерістік өзгеріс­терден бас тарту керек. Тарихтан оның нендей қатерлерге, шығындарға әкелетінін білеміз. Екіншісі – әділеттілік және теңдік. Үшіншісі – жаһандық толеранттылық және сенім. Төр­тіншісі – транспаренттілік. Бесіншісі – сындарлы көпполярлылық. Осылардың негізінде әлемде ортақ диалог құруға болар еді. Сол үшін мен Рим және Мадрид клубтарын үлгіге ала отырып, G-global форматының қамқоршылар кеңесін құруды ертерек қолға алуды ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Форумда БҰҰ Бас Ассамблеясы 67-сессия­сының төрағасы В.Еремич, бұрынғы Югославия Македония Республикасының премьер-министрі Н.Груевский сөз сөйледі, БҰҰ Бас хат­шысы П.Ги Мунның үндеуін БҰҰ Бас хатшы­сының экономика және әлеуметтік мәсе­лелер жөніндегі орынбасары У.Хунбо оқып берді.

Елбасының бастамасын форум мінберінен сөз алған ғалымдар мен қаржылық құрылым жетекшілері де қуаттады.
Ислам даму банкі тобының президенті А.әл Мадани:

– Жаһандық экономикалық дағдарыстың салдары әлем қаржы жүйесін реттеуге ой салуы тиіс. Дестабилизациялық өсімге қол жет­­кізуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда, ис­лам қар­жыландыруы әлеуметтік-экономи­ка­лық өсімді бірдей қамтамасыз етеді. Өйткені, ислам қаржы жүйесі шынайы экономика сала­­сымен тығыз байланысты әрі әлеуметтік жа­уап­кер­шілікті басшылыққа алады, – десе, Колумбия университетінің профессоры, эко­номика бойын­ша 1999 жылғы Нобель сый­лығының лауреаты Р.Манделл:

– Мен Санкт-Петербургте өтетін «үлкен жиырманың» кездесуінде әлемдік қаржы-кредит жүйесін жақсарту мәселесін көтеруді ұсынар едім. Жаңа жүйені қалыптастыруға мүмкіндік беретін комитет құру керек, өйткені, біз әлі күнге баяғыда күні өткен Бреттон-Вуд қа­ғидатымен қарекет етіп келеміз. Ал G-20 дең­­гейінде қабылданып, үлкенді-кішілі дамушы мем­лекеттерді тыс қалдырмайтын жүйе жаңа әлемдік валютаны шығаруға алғышарт болар еді, – деп тың ұсыныс айтты. Ғалымның пікірінше, Еуроодақты құрып, еуроны айналымға шығару долларсыз жүйенің негізін анықтап берді.
Әлем экономикасының 40%-ын қамтамасыз ететін жаңа балама тосқауыл пайда болды.

Еуропаның кебіне кең көзқарас

Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік кон­фе­ренцияның алғашқы панельдік пікірталасы «Еуроаймақтағы жұмыссыздықты реттеудің онжылдығы: саяси және экономикалық өл­шем­дер» атты өзекті тақырыптан басталды. Бұл орайда Халықаралық валюта қорының бұрынғы жетекшісі Доминик Стросс-Канның Еу­роаймақтың қазіргі құрылымы мен саясатына қа­рата айтқан сыны көпшілік көкейіне қонды.

– Еуропа елдері жұмыссыздықпен күресе отырып, сол жаңа жұмыс орнын беретін инфрақұрылымдық жобаларды қысқарту, тоқ­тату арқылы өз қолын өзі кесіп отыр, – деді Стросс-Кан. Оның айтуынша, Еуропа дағдарыспен күресу мүмкіндігін алдын ала ескермеді. Фискальдық бақылау тұр­ғысы­нан Еуроодаққа балама болатын Еуропа банк­терінің одағын құруды енді-енді ойланып жатыр. ХВҚ экс-төрағасының ойын Ни­дер­ландының бұрынғы премьер-министрі Альфред Гузенбауер де қолдады:

– Еуропаға банк одағын уақыт оздырмай құру керек. Еуропаның жаһандық экономикадағы салмағы бұрынғыдай емес. Ал баяғы дәуренді қайта келтіру үшін түбегейлі, радикалды реформалар жасамай болмайды. Оның ішіне еңбек нарығы да кіреді, – дейді Гузенбауер.

Дағдарыс қарсы күрес талқылаулары мұны­мен түгесілген жоқ. Кеше, форумның соңғы күнінде «Жаңа әлемдік қаржылық архитектура», «G20: әлемдік экономиканың жаңа үрдістеріне бейімделу» секілді салмақты та­қырыптар талқыланды.

Еділ Бөкеев

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button