Астана – есірткісіз қала
Елордада «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттерімен кездесу өтті. Жастар арасында есірткіге қарсы күрес пен оның зиянды салдарын түсіндіруге бағытталған жиынға 280 студент қатысты.
Іс-шара Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы, қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы, Прокуратура және «Қарағанды облысының жастар мен балалар ұйымдарының одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Кездесуде қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Кибатқызы, елорданың Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім прокурорлары Қасымжомарт Бейсенбай, Асқар Рахман және Сарыарқа ауданының учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Кәбір нашақорлықтың алдын алу бағытында сөз сөйледі.
«Жастардың көбісі нашақорлық үшін қандай жауапкершілікке тартылатынын білмейді. Есірткі және психотроптық заттарды жасау, сақтау, сатып алу, тасымалдаумен айналысқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Заң бұл бағытта қатаң. Қоғам дертіне айналған нашақорлықпен күрес жан-жақты болғанымен, есірткі таратушылар әлеуметтік желіде емін-еркін жұмысын жүргізіп келеді. Ол қармаққа жастардың түсіп қалатыны өкінішті. Сондықтан жастар үшін психологиялық және құқықтық сауаттылықты арттыру аса маңызды» деді прокурор А.Рахман.
Жыл басынан бері Астана қаласында заңсыз есірткі айналымына қатысты 407 қылмыстық іс қозғалды. Оның 285-і есірткі затын сатумен байланысты болды. Ал жақында есірткі тасымалымен айналысқан колледждің білім алушысы ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы полиция подполковнигі Әлия Кибатқызы мәлімдеді.
«Есірткі сату жарнамасына қаржы табу мақсатымен жүгінетін жасөспірімдер жиі алданады. Әсіресе, синтетикалық есірткіге еріп кететіндердің үлесі басым. Ал синтетикалық есірткі өз кезегінде героиннан да қатты әсер етеді. Бір сәттік ләззат алғаннан кейін оның тұзағына қалай оңай түсіп кетіп жатқандарын жастар аңғармай жатады. Есірткіге еліткен адам ең әуелі қажетті есірткі дозасын алу үшін ұрлық, кісі өлтіру сияқты кез келген ауыр қылмысқа баратыны да жағдайды одан әрі ушықтырады. Жеңіл ақша табамын деген түсініктен арылу керек, бастысы салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға көп көңіл бөлген жөн» деді Ә.Кибатқызы.
Индира БЕРЖАНОВА