Астана филиалында жаңа директор
Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалы қайта құрылып, оның жаңа директоры тағайындалды.
Ұлттық академиялық кітапханада өткен жиын барысында Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Солтүстік өңірдің хатшылығына тағайындалған белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлын таныстырды. Жазушылар одағының Астана қаласындағы бұрынғы өкілі Дәулеткерей Кәпұлына атқарған жұмыстарына алғыс білдіріп, жаңа қызметіне табыс тіледі.
Төраға ұйымның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасап, тың идеялар мен болашақ жоспарларды ортаға салды. Одан кейін оның орынбасары Ғалым Қалибекұлы Жазушылар одағының қазіргі жағдайы мен даму бағыттары жөнінде мәлімет берді.
Қазақстан Жазушылар одағының 1030 мүшесі бар. Оның 180-нен астамы Астанада тұрады. Жиын барысында астаналық қаламгерлер Мәди Айымбетов, Асқар Алтай, Әділбек Ыбырайымұлы «Қазақстанның құрметті жазушысы» медалімен марапатталды.