Басты ақпарат

Астана форумы – жаһандық экономикалық алаң

IMG_8670

Оның жұмысына Тәуелсіздік сарайында 21-22 мамыр күндері VІІІ Астана экономикалық форумы өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Әр елде өсім деңгейі әр алуан

Мемлекет басшысы форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде халықаралық жағдайға талдау жасай келіп, болашақтағы өркендеуге үлкен қатер тудыратын жаһандық ауқымдағы сын-қатерлер қалыптасып жатқанын атап өтті.
– Әлемдік ғылымның үздік өкілдерімен бірлесе төнуі мүмкін апаттардан біздің елдер мен халықтарды сақтап қалудың жолдарын табуға міндеттіміз. Міне, жеті жылдан бері әлемдік экономика толық қалпына келе алмай, бұрынғы даму қарқынын тежеп алды. Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, қарыздың өсуі секілді орнықты проблемалар сақталуда. Көптеген сарапшылар қазіргі кезде экономика біртіндеп қалпына келе жатқанын айтса да, алайда, әр елде өсім деңгейі әр алуан деңгейде. Көптеген елдер стагнациядан шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Президент кейбір экономистер 2008 жылы басталған жаһандық дағдарыс жүйелі сипатқа ие екенін және бұл дағдарыстың негізгі себептері жойылғаннан кейін ғана аяқталатынын алға тартып отырғандығын жеткізді.
– Экономистердің пайымынша, көпшіліктің турбуленттілік деп қабылдап жүрген құбылыс шын мәнінде жаһандық дағдарыстың келесі кезеңінің пайда болуының жасырын, латенттік формасы болып табылады. Ол қаржылық саладан заңсыз санкциялар мен әлеуметтік-саяси қақтығыстар түрінде валюталық және экономикалық қақтығыстарға ұласуда. Сириядағы, Ауғанстандағы, Ливандағы дағдарыстық ахуал да осының салдары. Дәл осы жағдай Батыс пен Шығыстың, АҚШ пен НАТО-ның Ресей мен Қытайға қарсылығының күшеюін тудырады. Ал егер жақын арада біз айтып жүрген жаһандық дағдарыс өзінің латентті кезеңінен гипердағдарыс түрінде ашық кезеңіне ауысса не болады? Бұл сұраққа жауапты экономикалық ғылым мен әлемдік ғылыми көзқарас бере алар еді. Осы орайда біз халықаралық форумдарды, оның ішінде Астана экономикалық форумын өткізудеміз, – деді Елбасы.
Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаев қазірден бастап болашақта дағдарысқа жол бермеудің қадамдарын ойластыруға шақырды. Осы жолда ол жер бетіндегі халық санының өсуіне байланысты алдағы 30 жылда азық-түлік өнімдері өндірісін еселеуге тура келетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы форумда Еуразиялық Экономикалық кеңістігін құруды ұсынды.
– Біріккен Еуразиялық Экономикалық кеңістігін құруды ұсынамын. Бізге әлем халқының мүддесіне жауап беретін ортақ ережелер қабылдау маңызды. Ережелер, ең алдымен, ресурстардың саудасы, тасымалдануы және қозғалысына қатысты болуы керек. Осы тұрғыдан біріккен Еуразиялық кеңістік шеңберінде тұрақты түрде қызмет ететін алаң құру қажет. Бұл алаңда құрлықты дамыту, оның мүшелері арасындағы ықпалдастықты күшейту бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Астана экономикалық форумы осындай алаң бола алады, – деді Қазақстан Президенті.

«Нұрлы жол» – жетістіктерге жеткізетін бағыт

Біздің жаһандық экономикадағы дағдарысқа нақты жауабымыз – «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» бағдарламасы мен индустриалды-инновациялық дамудың жалпы қамтымды мемлекеттік бағдарламасы екенін айтқан Елбасы аталмыш бағдарлама Қазақстанды инфрақұрылым сапасы бойынша әлемнің көшбасшы 50 елінің қатарына қосуға бағытталғанын атап өтті.
– «Нұрлы жол» индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде біздің елімізде жаңа экономика және жаңа инфрақұрылым қалыптасады. Еліміздің алдында зор мақсаттар тұр. Олардың жүзеге асырылатынына мен сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде салынатын автожолдар үш жылдың ішінде салынады.
– Инфрақұрылым салу біздер үшін аса маңызды әрі мол инвестицияны талап етеді. Дегенмен, болашақ ұрпаққа қалатын мұра ретінде ол ғасырларға татырлық мәнге ие. Тек алдағы үш жылдың ішінде ғана жаңа жолдарды, электр желілерін, коммуникациялар салуға 14 млрд АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалатын болады. 2019 жылы Қазақстанда бірыңғай энергия жүйесі құрылады. Біз астанамыздан өңірлерге тарайтын автомобиль жолдары желісін, теміржолдар, көпірлер, электр желілерін, мектептер, ауруханалар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы нысандарын және өте көп тұрғын үйлер саламыз. Олар ең алдымен жастарға арналады әрі қолжетімді болады. Мемлекет пайыздық ставкасын субсидиялайды, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы аталмыш жұмыстар ел халқына не беретінін атап өтті.
– «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бірқатар айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Елдің барлық өңірлері тең дәрежеде дамып, экономикалық және әлеуметтік-демографиялық ахуалдағы теңсіздік төмендейді. 2019 жылға дейін халықтың көрші елдерге шығу мүмкіндігі еселенеді, ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақыт үштен бір есеге қысқарады. Электр энергиясына қажеттілікті толықтай қамтамасыз ететін бірыңғай энергия жүйесі қалыптастырылады. Бұған қоса, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жарты миллионнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл біз үшін аз емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Жаңа Жібек жолы» жобасы не береді?

Әлемдегі жағдайға қайта оралған Қазақстан Президенті Азия мен Еуропаны жалғайтын Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізді құруды ұсынды.
– Еуразиялық Экономикалық Одақпен бірге еркін сауда аймағын құруға 40 мемлекет дайын екендіктерін растады. Осындай келісімді Еуропалық Одақ пен Еуразиялық Экономикалық Одақ арасында жасау тиімді болар еді. Меніңше, біз оған жетеміз. Себебі, ол көп мемлекеттерге тиімді. Бірақ біз онымен шектелмеуіміз шарт. Мен жылдамдығы жоғары мультимодальді көліктік маршрутты – Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізді құруды ұсынамын. Ол біздің мемлекет арқылы өтіп, Азия мен Еуропа арасындағы жүктердің еш кедергісіз тасымалдануына жол ашады. Бұл әлем халқының жақындасуына септігін тигізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Себебі, қауіпсіздік мәселесі осы жол өтетін елдер үшін маңызды болады. Көліктік күретамыр барша елде өнеркәсіптердің дамуына да әсер ететін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, әлемдегі күллі теңіз порттары халықаралық сауда көлемінің сұранысын қанағаттандыра алмайды.
– Қытай Халық Республикасы мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы сауда көлемі 600 млрд доллардан асып кетті. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 800 млрд долларға жетеді деп болжанып отыр. Сондықтан қарқынды дамып жатқан Азия үшін құрлықтық маршруттардың маңызы жоғары. Осы салада біз өзіміз үшін жаңа мүмкіндіктер көріп отырмыз. Оның теңіз жолдарынан әлдеқайда жақын болатыны да дәлелденіп отыр. Шамамен жолды үш есеге дейін қысқартпақ, – деген Елбасы «Жаңа Жібек жолы» жобасына тоқталды.
– Алғаш рет Астанада ҚХР төрағасы ұсынған «Жаңа Жібек Жолы» жобасы біз үшін ерекше маңызға ие. Біз алғашқылардың бірі болып ол жобаны қолдадық және өз үлесімізді қосып келеміз. Біздің алғашқы жобамыз – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» болды. Оның жалпы қашықтығы 8 мың шақырым болса, 3 мыңы Қазақстан аумағымен өтеді және ол жақында аяқталады. Қазақстан территориясындағы жүк көлемі – 30 млн тонна. Жол тек Қазақстан мен Қытайды ғана емес, Ресейді және Еуропаны жалғайды. Оған Орталық Азия елдері де қол жеткізе алады, – деді Президент.

«Астана» қаржы орталығы ЭКСПО базасында құрылады

Мемлекет басшысы «Астана» қаржылық орталығының атқаратын функциясынан хабар берді.
– ЭКСПО-2017 базасында құрылатын «Астана» қаржы орталығы Орталық Азияның қаржылық хабы болады. ЭКСПО аяқталысымен барлық ғимараттар сол әлемдік қаржылық орталыққа беріледі. Біз Дубай орталығымен келіссөздер жүргіздік және олардың заңнамаларын, экономикасын толықтай өзіміздегі орталыққа әкелеміз деп келістік. Ол ағылшын құқығы принциптеріне негізделіп, тәуелсіз қаржылық орталыққа айналады деп сенеміз. «Астана» қаржы орталығы Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының өзегін құрайды, – деп түйді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Елордамыз ең ақылды қалаға айналады

Астана экономикалық форумында «Урбанистикалық форум: жаңа ұрпақтың қалалары» тақырыбында жиын өтті. Оған Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков және Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қатысты.
Жиында Smart City үлгісімен салынып жатқан қалалардың экономикалық тұрақтылығы мен олардың әрі қарай даму жоспары талқыланды.
Бүгінде әлем халқының жартысына жуығы қалаларда өмір сүреді. Демек, ғаламшар тұрғындарының өмір сүру жағдайы қаланы салу сапасымен тікелей байланысты деген сөз. Күллі әлем қалалардың дамуына айрықша көңіл бөлетіні де сондықтан.
Жиынды ашқан елорда әкімі урбанистикалық форум қалаларды дамытудағы түйткілді мәселелерді шешетін маңызды алаң болатынына сенім білдірді. Форум қатысушыларына сәттілік тілеген Әділбек Жақсыбеков Астананың дамуы мен бүгінгі жетістіктері туралы әңгімеледі. Әкімнің айтуынша, Астана елордаға айналғалы оның ауданы мен халқының саны үш есеге, жылдық инвестиция көлемі жеті есеге артқан. Жылдам дамып, қысқа мерзімнің ішінде толайым табыстарға жеткен жас шаһар бүгінде өз қолы өзіне жетіп, донор қалаға айналып отыр.
– Астананың даму қарқыны ешқашан да бәсеңсімек емес. Алда атқарылар шаруалар ауқымды. Әсіресе, инфрақұрылымды дамытуға байланысты белсенді жұмыстар қолға алынды, – деді қала басшысы.
Қала әкімі инженерлік желілерді жақсарту барысында экологиялық үнемді өнімді пайдалануға, тың тәсілдерді енгізуге ерекше көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. Мысалы, «Smart су құбыры» жобасы құбырлардағы апатты жағдайды жылдам анықтауға көмектесіп, істен шыққан құбырларды дер кезінде жөндеуге мүмкіндік береді. Тың әдіс судың босқа шығындалуын 21 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетеді. Бұл да «смарт» технологияның бір нәтижесі.
Әділбек Жақсыбеков Астананы әлемнің ақылды қалаларының біріне айналдыру туралы Президенттің тапсырмасы дер кезінде қолға алынған шешім болғанын да атап өтті. Аталмыш жобалардың ішінде «Smart» көлік, «Smart» тұрақ, «Smart» мектеп, «Smart» емхана, «Smart» көше жарығы мен «Smart» бірыңғай есептеу орталығы жобаларын атап өтуге болады. Бұлардың бәрі тұрғындардың игілігіне арналған дейді әкім. Айталық, «Тіршілікті кешенді қамтамасыз ету» жобасы шеңберінде қоғамдық орындарда, жолдар мен көшелерде 15 мың бейнебақылау камерасы орнатылса, бұл жұртшылықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде таптырмайтын тәсіл болып тұр.
– Біз қаламызды тұрғындарға жайлы етіп салуға мүдделіміз. Осы орайда өзгелердің тәжірибесі артықтық етпейді. Сондықтан қалаларды дамытудың ең үздік тәжірибелерін жинақтап, зерттеумен айналысатын институционалдық құрылым ашу өзінен-өзі сұранып тұр, – деді әкім.
Оның айтуынша, бұл орталыққа урбанистика мәселесімен айналысатын кәсіби сарапшыларды жинақтау керек. Олардың әбден сүзгіден өткен тәжірибесін қалаларды дамытуға пайдалану әлдеқайда нәтижелі болмақ.
Астана әкімінің осы пікірі форумның қорытынды ұсыныстар тізіміне енгізілмек.

ұтымды ұсыныстар ұйтқысы
Экономикалық форумға аузы дуалы, әлемге танымал небір тұлғалар келіп, дүниежүзінде қалыптасып отырған ахуалды шешу жолдарын қарастырады. Көптеген елдер форумда айтылған ұсыныс-пікірлерді ескерусіз қалдырмай, өз тәжірибесінде пайдаланып келеді. Соның нәтижесінде бүгінде Астана форумы әлемдік экономикалық жағдай мен қаржы жүйесін жетілдірудің тың жолдарын ұсынатын ықпалды алаңдардың біріне айналды. Мысалы, 2012 жылы Астана экономикалық форумы алаңында айтылған ұсыныстар БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық сессиясында талқыға салынған.
Ал 2013 жылы Астана экономикалық форумының аясында еліміздің бастамасымен I Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция өтіп, онда қабылданған дағдарысқа қарсы жоспар жобасының негізгі бағыттары БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мақұлдады.
Айтпақшы, Alexa.com рейтинг агенттігінің дерегі бойынша форум барысында өткізілетін G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңы ТМД-да аса танымал ғылыми-зерттеу порталы ретінде танылған.
Биылғы экономикалық форумда экономикасы қарқынды дамыған елдердің қатарына қосылудың жолдары, жаңа экономикалық өрлеуге қол жеткізу, қаржылық тұрақтылықтың негізгі тетіктері, еуразиялық экономикалық одақтың бизнеске арналған мүмкіндіктері, жасыл экономиканың келешегі, еңбек нарығындағы инновациялық әдістер, еуразиялық энергетикалық, су және транзиттік әлеуеттің тұрақты даму мәселелері, басқа да көптеген өзекті тақырыптар қозғалды.
Сегізінші рет өткізіліп отырған алқалы жиынға әлемнің 90 елінен 3 мыңға жуық беделді сарапшылар қатысып, дүниежүзілік және қазақстандық қаржы жүйесіндегі проблемаларды тиімді шешу жолдары, инновациялық кластерді қалыптастыру шарттары мен инфрақұрылымдарды дамыту, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан форумға бүгінге дейін 20 мыңға жуық Нобель сыйлығының иегері мен 200-ден аса президент пен әлемдік тұлғалар қатысқан.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

жеделсөз

Жозе ГРАЦИАНО ДА СИЛЬВА,
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры:
– Астана экономикалық форумы әлемдегі ықпалды жиындардың біріне айналды. Жаһандық алаңда әлемде қалыптасқан ахуалдар жөнінде тұшымды ойлар айтылып, олар түйткілді шешудің жолдары ретінде қарастырылып жүр. Форумда қозғалған мәселенің бірі азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты болды. Өзім осы саланы зерттеп жүрген маман ретінде Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі бағыты айқын әрі дұрыс дер едім. Адамның денсаулығы тұтынған тағамына тікелей байланысты. Сондықтан экологиялық таза өнімнің құндылығы қашан да жоғары. Ал Қазақстан өздерінде жасалған отандық өнімдерді қолдауға айрықша мән береді екен. Бас қалаларыңыз Астананы қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етуге маңайындағы ауылдар және жергілікті өндірушілер тартылыпты. Бұл – дұрыс қадам. Өзін-өзі қамтамасыз ете алған елдің экономикасы да өркендейді. Біздің БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы да өзінің азды-көпті тәжірибесі мен сараптамалық жұмыстарын Қазақстанға ұсынуды жөн көріп отыр. Осы бағытта белсенді жұмыс істеу үстіндеміз. Алдағы уақытта да Қазақ елімен ынтымағымыз жараса түседі деген ойдамын.
Стив ФОРБС, Forbes іскерлік апталығының бас редакторы:
– Астана экономикалық форумына атсалысып, әлемнің белді саясаткерлерімен пікір алмасқаныма қуаныштымын. Бұл жиында қаржы жүйесіне қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Әлемнің және Қазақстанның алдағы дамуына қатысты да ойлар айтылды. Өз басым Қазақстанда жасалып жатқан қазіргі саясатты құптаймын. Аяқ алыстарыңыз жаман емес. Қаржы-несие саясатын бір игеріп алсаңыздар, алда қарқынды динамикамен даму мүмкіндігі жоғары. Оған ешқандай да кедергі жоқ.
Ричард ДОББС, McKinsey Global институтының директоры:
– Форумда мұнай бағасының шарықтау шегі мен құлдырау мәселесі де қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселе көптеген факторлармен астасып жатқаны белгілі. Жалпы халықтың ішінде орта тап өкілдерінің саны артқан кезде мұнайдан гөрі өзге өнімдерге деген көзқарас артады. Менің айтпағым, біз тамақ өнеркәсібіне ерекше мән беруіміз керек. Мысалы, Қазақстан – астықты өңір. Сондықтан үнемі бағасы құбылып отыратын мұнайдан гөрі осы салаға айрықша көңіл аударғаны жөн. Азық-түлік өнімдерін жеткізуші ел ретінде танылып, осыған инвестицияны көбірек тарту қажет. Жай астықты сатқанша, құс өсіріп, етін сатқан пайдалы емес пе?! Азық-түлікті өңдеу бойынша хаб құруды ұсынар едім. Бұл бәрімізге де тиімді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button