Мәдениет

«Астана кештерінде» – алтын хиттер

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Дегдар» гуманитарлық қоры ұйымдастырған «Астана кештері» ХІ халықаралық фестивалі «Рок музыканың алтын хиттері» концертімен қорытындыланды.

[smartslider3 slider=3174]

 Queen, Beatles, Kiss, Pink Floyd, Metallica, Scorpions, Led Zeppelin, Europе топтарының атақты әндері әуендерін италиялық дирижер Роберто Молинеллидің жетекшілігімен «Астана балет» театрының симфониялық оркестрі орындады. Заманауи музыканың аңыз тұлғаларына арналған үлкен концерттік жобалардың авторы, композитор, дирижер Роберто Молинелли «Астана кештері» фестиваліне бұдан бұрын да бірнеше рет қатысқан. Жоба аясында оның «Queen» (2018 ж.) және «АВВА» (2021 ж.) топтарына арналған концерті жоғары деңгейде өтті.

Маэстроның айтуынша, «Астана кештері» әлемнің үздік орындаушыларын тоғыстырған ерекше фестивальге айналды. Онда әртүрлі музыкалық жанр үйлесім тапты. Рок хиттері, симфониялық музыка мен балет сахнасының қосындысы астасты.

Сахнада Йоган Бодинг (Швеция), Симоне Романато (Италия), гитарист Риккардо Бертоццини (Италия) сынды белгілі еуропалық әртістер өнер көрсетті. Әлемдік өнер жұлдыздары нағыз музыкалық шоу жасады. Аншлагпен өткен концерт «The Show Must Go On» әнімен аяқталды.

Жалпы «Астана кештері» фестивалі биыл өнер сүйер қауымға төрт жаңа концерт ұсынды. Соның арасында белгілі композитор Пьер Тиллуаның шығармашылық кеші, Берлин концерттік оркестрінің сүйемелдеуімен өткен атақты виолончелист Нарек Ахназарян мен танымал пианист Вадим Холоденконың концерті болды. Жоба аясында көрермендер классика, халық, эстрада музыкасын Қазақстанға және барша әлемге танытып жүрген үздік орындау­шылардың өнерін тегін тамашалай алды.

Еламан ТӨЛЕПБЕРГЕН

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button