Sport

«Астана» клубы «Селтикпен» тең ойнады

«Астана Арена» стадионында елордалық «Астана» клубы Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында шотландиялық «Селтик» клубын қабылдады. 29 мың жанкүйер жиналған алғашқы ойын 1:1 есебімен аяқталды.

11753361d3bf

Матч басын екі клуб шабуыл жасап, ойынды белсенді бастады. Ойынның 18-ші минутында Патрик Твумасидің бұрыштамадан әуелете асырған добына бірінші болып «Астана» клубының қорғаушысы Юрий Логвиненко жетіп, қарсылас команданың қақпасына гол салып, есеп ашты. Голдан кейін рухтанған елордалық команда бірнеше рет шабуылға шығып, жақсы ойын көрсеткенімен бірінші таймда есеп өзгерген жоқ.

Ал, екінші таймды жеңіліп жатқан шотландиялық команда қарқынмен бастады. Кездесудің 77-ші минутында «Селтик» шабуылдаушысы Ли Гриффитс допты қақпаға дәл бағыттады. Есеп 1:1. Осыдан кейін қонақтар уақыт созуды бастады. Өйткені оларға тең нәтиженің өзі жеткілікті болды.

– Бүгін біздің команда жақсы ойын көрсетті. Көздеген мақсатымызға жете алмаған кездер болды. Шынымды айтсам, бұл матчты оңай жеңуге болатын еді. Алайда, Еурокубок ойындарындағы қателер қымбатқа түседі. Жанкүйерлерімізді қуантып, жақсы футбол көрсеткенімізге қуаныштымын. «Селтик» фаворит, бірақ Глазгода өтетін кездесуде екі команданың да мүмкіндіктері тең», – дейді «Астана» клубынң бас бапкері Станимир Стойлов.

– «Астана» – өте мықты команда екен. Бұған біз көз жеткіздік. Қазір сіздерде ел чемпионаты қызып тұр. Бірақ, соған қарамастан біздің жігіттер жарады. «Астананың» шабуылдары вертикальді өрбиді екен. Мен бұл команда туралы ойынға дейін де біраз зерттегенмін. Мықтылығын сол кезде-ақ білген едім. Ал, бүгін көз жеткіздім», – дейді «Селтик» клубынң бас бапкері Брендан Роджерс.

«Астана» мен «Селтик» командасының арасындағы қарымта кездесу 3 тамызда Шотландияның Глазго қаласында өтеді. Ойын Астана уақыты бойынша сағат 00:45 (бейсенбіге қараған түні) басталады.

Фото: www.fca.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button