Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана көпірлерімен де көрікті

Елордамызда сәулеті жарасқан зәулім ғимараттар аз емес. Көлігі көп шаһарда көк тіреген көпірлер де жетерлік. Бас қала көшелеріндегі жолдарды байланыстырып қана қоймай, Есілдің қос жағалауын жалғап тұрған көпірлер астанамыздың ажарын айшықтап, көркіне көрік қосуда.

Жаңа көпір салынады

Алдағы жылы елордада тағы бір жаңа көпірдің құрылысы басталады. Бұл көпір Кенесары даңғылы мен Қорғалжын тас­жолын жаңа жолмен жалғайды. Осылайша, Есілдің оң жағалауынан сол жағалауға тікелей өтетін жол пайда болады. Бұл нысан елордадағы жол қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, қаланың бірнеше «артериясындағы» кептелістерді азайту арқылы тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызады. Екі жыл салынатын бұл көпір ескі орталықтағы газ аппаратурасы ауданын Мақсұт Нәрікбаев университетімен тікелей байланыстырады. Егер картаға қарасақ, бұл жерде ескі алаң болғанын көреміз. Одан әрі жол арал арқылы доғаланып кетеді. Бұл жерде МНУ арқылы өтетін көпір болуы керек. Одан әрі жол «Хан Шатырдың» артымен Қорғалжын тасжолына қарай кетеді. Бұл көпірдің салынуы туралы жоспар өткен жылы жасалған. Қала билігі 2025 жылдың тамыз айының соңына дейін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленетінін хабарлады.

Ең ұзын және қысқа көпір қайсы?

Ерке Есілді кесіп жатқан елордадағы алғашқы көпір – «Самал» шағын ауданында салынған Қараөткел көпірі. Қазір алты жолаққа айналған көпірдің ұзындығы – 180, ені – 50, биіктігі – 60 метр. Енді Астанадағы көпірлердің өзіндік ерекшелігіне тоқталайық. Мысалы, Астанадағы ең ұзын көпір – Есіл өзені арқылы өтетін Сығанақ көшесіндегі Арыс көпірі. Бұл нысанның ұзындығы 982,5 метрді құрайды. Ал ең қысқа көпір – Сарыарқа даңғылындағы Тұлпар көпірі, оның ұзындығы – 214 метр. Сонымен қатар Арқар көпірі де ерекше. Көпір 8 автожолақтан және екі жақтан жаяу жүргіншілер жолынан тұрады. Оның жалпы ұзындығы – 892,1 метр.

Үш жылда неше көпір салынды?

Соңғы жылдары қаланың көркіне көрік қосатын көпірлер салынып жатыр. Мысалы, ке­йінгі үш жылда қалада екі жаңа автожол көпірі салынды. Соның бірі – Ұлы дала даңғылындағы көпір. Бұл тамаша нысан 2022 жылдың тамыз айында іске қосылды. Көпір Мәңгілік ел даңғылы, Ахмет Байтұрсынов, Рақымжан Қошқарбаев, Жұмекен Нәжімеденов көшелеріндегі, Nova City көппәтерлі тұрғын үй алабындағы, Мыңжылдық аллеясындағы жол қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалының, Тельман, Өндіріс тұрғын алабының, «Метро» гипермаркеті ауданының, Мағжан Жұмабаев даңғылы және Темірбек Жүргенов көшесінің қолжетімділігін арттыра түсті. 2023 жылдың қазан айының соңында Тәуелсіздік даңғылындағы көпір ашылды. Бұл көпір арқылы бір тәулікте екі бағытта орташа есеппен 61 мың көлік өтеді. Көпір Түркістан, Ақмешіт және Мәңгілік ел көшелеріндегі қозғалысты жеңілдетті. Анығырақ айтсақ, бұл көпір Ұлы дала даңғылының «тынысын» кеңейтті. Көлік қозғалысы реттеліп, тұрғындар межелі жерге неғұрлым ұтымды жолмен жете бастады. Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Р.Қошқарбаев даңғылы, Ж.Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, Ахмет Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері және Б.Момышұлы даңғылының Есілдің сол жағалаумен қосымша байланысы қамтамасыз етілді.

«Өркешті көпір» ашылды

Алаш тасжолындағы тұрғындар «өркешті көпір» деп атап кеткен көпірдің сол жағында деформациялық тігісте асфальт­бетон жабынының ішінара деформациясы пайда болғаны мәлім. Осыған байланысты көпір апатты деп танылып, көктем мен жазда сол жағынан көлік қозғалысы жабылды. Алайда құрылысшылар бұл нысанның ақауын ретке келтіріп, көпірдегі қозғалыс күзде толығымен ашылды.

Астананың көше-жол желі­сінің жалпы ұзындығы 868,3 шақырымды құрайды. Ол 1129 көшеден тұрады, оның ішінде асфальтбетон жабыны бар 803,7 шақырым (90,7 пайыз) және қатты жабыны жоқ 64,6 шақырым (9,3 пайыз) жол бар.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button