Жаңалықтар

АСТАНА КУБОГЫ – «АЛАТАУДА»

ERA_0102

Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда Қазақстан және Ресей өнер жұлдыздарынан жасақталған «Алатау» және «Старко» командаларының футболдан жолдастық кездесуі өтті. Матчты ресейдің белгілі спорт комментаторы Виктор Гусев пен Нұржан Еркінұлы бірлесіп жүргізді. Астана күні мерекесіне арналған ойыннан кейін қос команда мүшелерінің қатысуымен жанкүйерлер үшін концерт ұйымдастырылды.

Жуырда Мәскеу қаласында әртістер арасында әлем чемпионаты өткен еді. Оған Еуропа мен Азиядан, Латын Америкасынан, жалпы алғанда, он алты мемлекеттен командалар жиналды. Финалға дейін жеткен «Старко» шешуші ойында Израиль құрамасынан жеңіліп, екінші орынды місе тұтқан еді. Ал, өз тобында Қырғызстан, Германия және Оңтүстік Корея құрамаларымен тартысқа түсіп, келесі кезеңге жолдама алған «Алатау» чемпионат қорытындысында үздік бестіктің қатарынан көрініп, оның қақпасын күзеткен Абдулкәрім Кәрімов үздік қақпашы атанды.
Астанада өткен ойында да Абдулкәрім шебер қақпашы екенін байқатты. Әр таймы 35 минуттан болған кездесудің негізгі уақыты 0-0, тең есеппен аяқталды. Қақпашымыз қарсылас команда ойыншыларының қауіпті соққыларын сан мәрте қайтармағанда, кемінде үш-төрт гол жіберіп алар едік. Мәселен, әртістер арасындағы әлем чемпионатының ең бағалы ойыншысы атанған Дмитрий Белоцерковский мен сол чемпионаттың үздік шабуылшысы Павел Иванов қақпамыздың алдында біраз ойқастаса да, Абдулкәрімнің алдында дәрменсіздік танытты.
Реті келгенде айта кетейік, «Старконың» сапында бұлармен қоса шебер гитарашы Виктор Зинчук, Влад Топалов, Пьер Нарцисс сынды белгілі әншілер өнер көрсетті. Ал, «Алатау» командасының намысын Жұбаныш Жексенұлы, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов, команда капитаны Мұқасан Шахзадаев, Мәскеудегі әлем чемпионатына қатысушыларды «Бір бала» халық әнімен тамсандырған Ғаділбек Жанай, т.б. қорғады.
Біздің команданың да қарсылас қақпасына гол соғатындай мүмкіндіктері болды. Мысалы, «Ринго» тобының мүшесі Аян Бірбаевтың соққысы «Старконың» негізін қалаушысы әрі капитаны Юрий Давыдов қорғаған қақпаның маңдайшасына тиіп, кері серпілді.
Бір назар аударар жайт, «Старко» сапында кәсіби қақпашы, кеңес заманында Мәскеудің «Динамосының» қақпасын қорғаған, Сеул Олимпиадасының чемпионы, бүгінгі таңда Көкшетаудың «Оқжетпес» командасының қақпашыларын жаттықтыратын Алексей Прудников болды. Алайда, ол ойынның негізгі уақытында жасыл алаңда бой көрсетсе де, қақпаға тұрған жоқ. Ойыннан кейінгі пенальти сериясында ғана жарақат алып қалған Давыдовтың орнын басып, Мұқасанның соққысын қайтарды. Алайда, Арман Қоңырбаевтың, Абай Жаңсарбаевтың және «тоғыздыққа» әдемі гол салған Аян Бірбаевтың, сондай-ақ, қарсылас команда ойыншыларының екі пенальтиін қайтарған Абдулкәрім Кәрімовтің арқасында Қазақстан 3-1 есебімен жеңіске жетіп, Астана кубогына ие болды.

P.S. Былтыр Алматыда екі команда жасыл алаңда кездескенде «Алатау» «Старконы» ойының негізгі уақытының қорытындысында дәл осындай есеппен жеңген еді. Жуырда өткен чемпионатта қос команданың жолы түйіспеді. «Старконың» сол чемпионатта екінші орын алғанын ескерсек, бесінші орыннан көрінген біздің команданың келесі чемпионаттарда жеңімпаз атану мүмкіндігі мол деп есептейміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button