ЖаңалықтарҚала тіршілігі

АСТАНА КҮНІ 61 БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

сәби дүниеге кел

Жылдағы дәстүр бойынша Астана күні қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері елорда перзентханаларында болып, жас аналарды қуаныштарымен құттықтады. Бұл күні бас қалада 61 сәби дүниеге келсе, олардың 28-і қыз және 33-і ер бала екен.

Қала мерекесін астаналық Жағыпаровтар отбасы да асыға күтіпті. Жиырма алты жастағы Ғалия екінші перзентінің дәл осы күні дүниеге келуін жақсылыққа жорып, балапанының болашағынан зор үміт күтетінін жасырмады. «Осындай қос қуаныш құшағында өзімді сондай бақытты сезініп тұрмын. Екі адамның бірінің маңдайына бұйыра бермейтін ерекше күні – Астананың туған күнінде дүниеге келген сәбиіме Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін қоюды ұйғарып отырмыз. Астананы төл перзентіндей аяғынан тік тұрғызып, оның дамуына, жас қаланың кемелденуіне бар күш-жігерін, қажыр-қайратын жұмсаған Мемлекет басшысындай елінің, жерінің қамын ойлайтын беделді азамат болса екен балапаным» деді жас ана.

Әлия Молдағұлова көшесінің бойында орналасқан Астана қалалық перзентханасында сол күні 18 ана бөпелі болды. Перзентхананың бас дәрігері Зайтуна Хамидуллинаның айтуынша, күн сайын перзентханада 28-30 бала туады екен. Ал, Астана мерекесі күні туған 7 ұл мен 11 қыздың және олардың аналарының денсаулықтары жақсы, көңіл-күйлері көтеріңкі болып шықты. Олай болатын себебі, дәл сол күні мекеме басшысы мен қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын сақтау бөлімінің жетекші маманы Фарида Нұрқасымқызы жаңа туған сәбилердің аналарын қос қуаныштарымен құттықтап, оларға сыйлықтар таратты.

Қалалық №1 перинаталдық орталықта мереке күні дүниеге келген 28 баланың 15-і ұл, 13-і қыз бала екен. Ал, №2 перинаталдық орталықта туған сәбилердің саны – 15.

Жалпы, биыл Астана күні дүниеге келген сәбилердің алтауы – басқа қалалардан елордаға қыдырып келгендер болса, қалған елу бес бала бас қаланың тұрғындары болып шықты. Үш сәбиге Елбасының құрметіне Нұрсұлтан есімі берілді. Бір қызығы, биылғы мерекеде туғандардың арасында егіздер де, үшемдер де болмай шықты. Дегенмен, Астана тойында дүние есігін ашқан бөбектер мен олардың аналарының бірде-бірі сыйлықтан құр алақан қалмады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button