Сұхбат

АСТАНА КҮНІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚПЕН ЖАЛҒАСАДЫ

Мажагулов

Бүгінгі жеделсөз айдарына Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың Орталық коммуникациялар қызметінде елорда тойына қатысты тілшілерге берген жауабын ұсынып отырмыз.

– Астана күніне орай ұйымдас­ты­рылған іс-шараларға қанша ақша бөлінді және билеттерден түскен қаржы қайда жұмсалады?

– Биылғы мерекеге 700 млн теңге бөлінгенін айтқым келеді. Ал сатылымдағы билеттердің ақшасы, ең алдымен, концерттік бағдарламаларға жұмсалған шығынның орнын жабуға кетеді. Оның ішіне техникалық жабдықтау секілді бірнеше жұмыстар кіреді. Сондай-ақ, қаржының белгілі бір бөлігі қайырымдылық шараларына бөлінетін болады.

Былтырғы қала күнінен кейін 15 млн теңге әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүгедек балаларға көмек ретінде жұмсалды. Біз қайырымдылық қорлармен бірлесе отырып, биылғы көмектің нақты кімдерге берілетіні жөнінде шешім шығаратын боламыз. Онымен қазіргі уақытта комиссия мүшелері айналысып жатыр.

– Мерекелік шараларды телеарналар арқылы тікелей эфирде тамашалау мүмкіндігі бола ма?

– Осы мәселені қарастырып көргенбіз. Концерттік бағдарла­ма­лар­дың барлығы дерлік жанды дауыста өтетіндіктен, тікелей телетрансляция жүргізген кезде көрсеті­лім­дердің сапасыз болатыны анық. Сол себепті, телекөрермендерді бейне және дыбыстық жағынан сапасыз­ дүние­лермен қамтамасыз еткіміз келмеді. Бірақ кейін әрқайсыңыз телеарналар арқылы монтаждалған нұсқасын тамашалай аласыздар.

– Қала күнін мерекелеу үшін ұйым­дас­ты­рушылар қанша адамның көмегіне жүгініп отыр?

– Ол туралы нақты ештеңе айта алмаймыз. Бірақ астаналық өнер ұжымдары, тағы да басқа көптеген қызметкерлер және әр түрлі жастар мен ересектер қала күнін атап өтуге бір кісідей атсалыспақ. Сонымен қатар, шетелдік өнерпаздар әрі олардың көмекшілерін қоса есепке алғанда шамамен барлығы 20 мыңдай адам мейрамның мазмұнды, есте қаларлықтай болуына үлес қосады.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button