Басты ақпаратМәдениет

АСТАНА МӘДЕНИЕТІНІҢ МӘЙЕКТІ АРНАЛАРЫ

Астана елдің бас ордасы болған соң республика аясында аталып өтетін барлық мәдени шаралар осы жерден бастау алады. Астана күнінен Астана күніне дейінгі аралықта тізбектелген оқиғалар тізімі айтарлықтай екен.

 

Мерекелік думанның алдында Анкараның Астанадағы күндері өткенін тұрғылықты жұртшылық ұмыта қоймаған шығар деген үміттеміз. Түрік бауырларымыздың бимен өрілген кешінде екі елдің астаналарының әкімдері қол ұстасып, шаршы топқа шыққанына жұрт куә болған. Майкл Мэдсен, Арманд Ассанте сынды майталмандар бастаған екінші халықаралық «Астана» экшн-фильмдер фестивалі де дәстүрлі сабақтастығын үзген жоқ. Әдеттегі уақытында өтіп, елордалықтарға АҚШ, Еуропа, Азия мен ТМД елдері режиссерларының 20-ға тарта тамаша кинотуындыларын тамашалатқан.

 

Былтыр Астанада 7 күнге созылған Бибігүл Төлегенованың V Халықаралық вокалистер байқауына Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь Республикаларынан 42 әнші келіп, бір апта бойы өзара бақ сынасқан. Топ жарып, бас жүлдені астаналық Сүндет Байғожин қанжығасына байлағаны да ел есінен шыға қойған жоқ.

 

Қазақ өнерінің биігінде аттары алтын әріптермен жазылған жезтаңдай әнші К.Байсейітова мен бидің тірегін қадаған Ш.Жиенқұловалардың 100 жылдықтарын ел болып тойладық. Ұлттық мұрағат басшылығының ұйымдастыруымен К.Байсейітованың өмірі мен өнеріне арналған құжаттық көрме жасалды. Екі алыпқа арналған жеке- жеке гала концерт өтті. Олар да халықтың жүрегіне жол тапқан ерекше кештер санатында.

 

Бұлардың барлығы Астанадағы айтулы мәдени шаралардың бір бөлігі ғана. Ал, тікелей Астана әкімдігінің құзырындағы шараларға келер болсақ….

Астана қаласы Мәдениет басқармасының деректеріне сүйенсек, басқарманың мұрындық болуымен 2011 жыл аясында және 2012 жылдың алғашқы жарты жылдығы шеңберінде 9 мыңнан астам мәдени іс-шара өткізіліп, 3,1 миллионнан астам халыққа осы салада қызмет көрсетілді.

 

Аймақтық театрлар ағылды

2011 жылы басқа қалалардан, шетелден шақыртылған, әрі өзіміздің жергілікті шығармашылық ұжымдардың еңбегімен 40-тан аса іс- шара астаналықтар назарына ұсынылған.

Былтыр өткен өңірлер күндері аясында Астанаға бірқатар театрлардың труппалары ат басын тіреген еді. Елордалық көрермендер Қостанай, Қарағанды, Семей, Алматы және Ақмола облыстық драма театрларының ең үздік қойылымдарын тамашалауға мүмкіндік алды.


Шетелден келді көп дарын…

Ал, шетелден керуен басын бастап өткен жылдың наурызында Далластан келген атақты скрипкашы Дүйсен Ордабек пен Лондоннан ат басын Астанаға тіреген талантты фортепианошы Дина Ордабектің қатысуымен өткен классикалық музыка кешін ерекше атап өтуге болады. Қазақстанның 20 жылдық мерейтойына арнап жасалған концертке жергілікті тұрғындар мен қала меймандары бір адамдай қызығушылық танытқан еді.

23 мамырда симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Граф Муржаның концерті өтті. 1 маусымда америкалық дирижер Роберт Гуттердың басқаруымен симфониялық оркестрдің және бір концерті көрермендерге жол тартты. Солист – Италияның бетке ұстар пианисі Марко Скьяво. Шілденің бірінші күні Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші көрермен қауымын қуанышқа бөледі. 18 қазанда симфониялық оркестрдің қолдауымен Т.Мұхаметжанов пен И.Кобзонның шығармашылық кеші өтті.
Симфония сазына бөлендік

Былтырғы күзде өткен «Шабыт» фестивалінің шеңберінде симфониялық оркестр зор сұранысқа ие болды. Германиядан келген дирижерлар Кристиан Лоренс пен израильдік Лиор Шамбадалдың басқаруымен кезекті концертін қойды. Концерттің солистері халықаралық конкурстардың лауреаты Эльдар Сапараев, Яна Симон, Марко Скьяво болды.

Анкара күндерінің айшықтары

Атап өтуге тиесілі және бір ерекше мәдени маңызы бар шара – Астанадағы Анкара күндері. Маусымның 24 мен 26 аралығында Түркия мәдениетінің көрнекті өкілдерінің қатысуымен елордамыздың басты концерт залдарында гала-концерттер берілді. Астана қаласы мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұловтың мәлімдеуінше, 2011 жылы мәдени шараларды ұйымдастыруға қала бюджетінен 3 478 499,0 мың теңге бөлінген. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің дәйектері бойынша аталмыш сома түгелдей игерілген.

 Салтанаттарына аспаптары сай

Музыкалық өнер мен халық шығармашылығын өркендету қай қазақ үшін де мүдделі шаруа. Осы тұрғыда Мәдениет басқармасы елеулі еңбек етті. 2011 жылы кәсіби шығармашылық ұжымдардың ұлттық салт-дәстүр бойынша тігілген концерттік костюмдері жаңаланды. Өткен жылы осындай алты ұжымның, атап айтар болсақ, Қазақ халық аспаптар оркестрі, Үрмелі оркестр, Камералық хор, «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблі, «Солистер Академиясы» камералық оркестрі, «Шалқыма» ұлттық би ансамблінің костюмдері жаңа сапамен тігілді. Астананың абыройын түрлі халықаралық сахналарда қорғап жүрген классикалық бағыттағы өнерпаздары, дәстүрлі әншілер мен эстрада орындаушыларына да арнайы сахналық киім үлгілері ұсынылды. Оған қоса 32 музыкалық аспап сатып алынды. Олардың қатарында 12 скрипка, 1 флейта, 3 кларнет, 2 керней, 1 арфа, 1 литавра, 2 кіші дауылпаз, 2 бас гитара, 1 электро гитара, 4 оркестрлік контрабас, 2 баян бар.

 Әнді әуелетіп, күйді күмбірлетіп…

2011 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік филармониясы концерттердің сапасын көтеру мақсатында оларды фонограммасыз өткізуге көшіп жатыр. 24 қаңтарда музыкалық фонограмманы қолданбай-ақ қазақ композиторларының әндерін эстрада жанрының солистері нақышына келтіріп орындап шықты. Көрермендер мұндай жаңалыққа өте жоғары баға берді. Мемлекеттік филармонияға қатысты өнер ұжымдары концерттерінің мазмұны мен репертуарына бірқатар өзгешеліктер енгізілді.

Еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын сақтауға мейлінше үлес қосып отырған филармонияның оркестрі, ұлт аспаптар ансамбльдері өз репертуарларын халық композиторларының тағылымы мол сүбелі туындыларымен толықтыра түсті. 2011 жылдың ішінде осындай қорға 76 жаңа шығарма қосылды. Олардың ішінде Қазақ халық аспаптар оркестрінің репертуарына Н.Тілендиев, А.Жұбанов, Құрманғазы, Махамбет шығармаларынан 28 ән мен күй іріктеліп алынды. Дәл осындай бағытпен басқа да ұжымдар халықтың көңілінен шығатын жаңартуларды жүзеге асырды.

Мұраты биік мұражайлар

Қаламыздағы мұражайлар да көптеген шаралар өткізіп, тұрғындар мен қала меймандары үшін көптеген қызметтер ұсынды. 2011 жылы мұражайлар мен сурет өнерінің жанашырларына 7722 экспонат көрсетілді. 2010 жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп. Мұражайлардың қызметінде инновациялық өзгертулерге көбірек көңіл бөліне бастады. Мұражай қорларын кезең-кезеңімен сандық пішімге ауыстыру қолға алынған.

Ауыстырылған қор бірліктерінің көрсеткіштері 2009 жылы 2,9%; 2010 жылы 5,3%; 2011 жылы 30% көрсеткішке дейін өскен. Бұл да жұмыс өнімділігін байқатса керек.

Қазіргі заман өнер мұражайында балалардың эстетикалық танымын өсіруге бағытталған «Түрлі түсті әліппе» мектебі жұмыс жасайды. Оқушылар онда өнердің әр саласымен жіті таныса алады. Онда баланың ой-өрісін дамытуға бағытталған оқу сабақтары жүргізіледі. 2009 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы сыныптар да ашылған.

 «Атамекен» -on-line режимде

2011 жылы көп істі тындырған мекеменің бірі «Атамекен» Қазақстан картасы этномемориалды кешені. Бұл мекеме online режимде түрлі тақырыптарға арналған баспасөз баяндамаларын жасаумен шұғылдану үстінде. Былтыр «Тәуелсіз Ел Тұңғыш Президентімен» деген конференциямен ашылды. Одан кейін халықаралық деңгейде «Тәуелсіз Қазақстан және қазіргі заман мұражайлары» атты конференция өтті. Оған Белоруссияның Сәулет пен тұрмыс Ұлттық мұражайы, Латвияның Ұлттық этнографиялық мұражайы, Қорған қаласының облыстық көркем сурет мұражайы, Венгрияның Ұлттық мұражайы, Баку қалалық Гала мемлекеттік тарихи-этнографиялық мұражай  мұражайлары қатысты. Еліміздің мерейтойына арнап «Қайсар елім, қазақ жерім – Атамекен!» деген тақырыпта зияткерлік марафон ұйымдастырылды. Жалпы мұндай on-line конференциялар жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, өскелең ұрпақ бойында патриотизмді сіңіруге бағытталған. Және бұл шаралар лайықты деңгейде жастар жүрегіне әсер етті де.

 

Кітапхана – білім кілті

Кітапханалар да қала тұрғындарының өмірінде елеулі орын алады. Қазір елордада Республикалық кітапханалық ақпараттық жүйе жұмысқа кірісті. Кітапханаларды компьютермен жабдықтау, библиографиялық саланың техникалық ахуалын жоғары деңгейге көтеруге барлық жағдай жасалып жатыр. 2011 жылдың қорытындысы бойынша бір жылда 69 мың оқырманға қызмет көрсетілген. Бұл шамамен түрлі мақсатпен кітапханаларға 503 мың адам келіп тұрады дегенді білдіреді. Мұнда да on-line режимде түрлі қызықты тақырыптарда мұражайлық және кітапханалық іс-шаралар өткен.

 Елорданың ескерткіштері

Астана барша қазақтың бас ордасы болғандықтан мұнда тарихи оқиғаларды еске алу үшін тиісті дәрежеде іс-шаралар өткізіліп тұрады.

2011 жылы бас қаланың жобалау- сметалық құжаттарына бұрынғы Мұсылман мектебінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстарын бастау енгізілген еді. 2011 жылдың бюджетінен бұл жұмысты жүзеге асыруға 9562,0 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. 2012 жылдың бірінші жарты жылдығында аталмыш құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтті. Жалпы екі жылдың ішінде бұл мектептің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталуға тиіс деп жоспарланып отыр. Астананың тарихи-мәдени мұрасын сақтау үшін 2012 жылға да бірнеше іс-шаралар жоспарланған.

Оның бірі Отырар көшесінде орын тепкен XIX ғасырдың сәулет және қала құрылысының көрнекі ескерткіші қалыпқа келтіру көзделіп отыр. Екіншісі, «Қараөткел» мұсылман қорымы» ескерткішіне қоршау жүргізу. Осы зиратта «Ак Орда» ақсақалдар қоғамдық бірлестігінің мәліметтері бойынша 300-400 жыл ілгерідегі адамдар жерленген. Мұнда тіпті, кей аңыз- әңгімелердің аңысы бойынша Тәуке, Сәмеке хан, Ақмоланың аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдайменде, Бөгенбай, Қабанбай батырлар сарбаздары, Кенесары ханның сарбаздары, Амангелді Имановтың жігіттері, Самарқан, Бұқара, Қазан қалаларының ислам басшылары, саудагер Б.Қосшығұлов та осы зиратқа жерленген-мыс. Тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға арналған қалалық комиссияның жиналысында ғылыми-зерттеу тобын құру туралы шешім қабылданған еді. Бұл топтың мақсаты қорымдағы некропольдерді оқып, зерделеп, бір жүйеге түсіру. Қорымды жөндеуге арналған кешенді жоба  қарастырылды. Жобаны Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, белгілі сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібеков жасаған. Ол үш жылға арналады.

Жалпы Астана бойынша 47 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 45-і жергілікті дәрежедегі, 2-і республикалық маңызы бар дүние. 12-археологиялық мұра болса, 35-і сәулет пен қала салу нысандары.

2011 жылы «Астана қаласының тарихи-мәдени мұрасы. Ескерткіштер жинағы» атты кітап жарық көрді. Оны шығаруға жергілікті бюджеттен 8160,0 мың теңге бөлінген.

Ескерткіштерді қалыпқа келтіру жұмыстары 2009-2011 жылдарда қарқынды жүрді. Осы жылдарда С.Сейфуллин мұражайы күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарына әкімдік 54 613,0 мың теңге жұмсады. ХХ ғасырдың құнды жәдігерлерінің бірі – Көпес Кубриннің үй жайының ұзақ мерзімдік жөндеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Оған 91 182,8 мың теңге қаржы бөлінген.

Қала аумағындағы мәдени мекемелер күн өткен сайын қолжетімді болып келеді. 2011 жылы концерттік сарай, театр, мұражай, кітапханалардың барлығының басын қосқанда 8000 шара өтіпті. 2,6 миллион адамға қызмет көрсетілген.

Бұл көрсеткіштің барлығы елорданың мәдени өмірін қалыптастырып, ұйымдастырып, халықты қызғылықты мерекелермен тамсантып отырған Мәдениет басқармасының қатысуымен жүзеге асып отырғаны белгілі.

 

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button