Қоғам

Астана маңы аумағын су тасқынынан қорғау шаралары тексерілді

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Аршалы ауданына қарасты Жібек-Жолы, Целиноград ауданына қарасты Талапкер және Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылдарына барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен бірге Есіл және Нұра өзендерінің сағаларындағы дамбалардың, су өткізу құрылыстары мен гидроқұрылымдардың жағдайын тексерді. Сондай-ақ, елордадан 500 метр қашықтықта орналасқан Жібек-Жолы ауылына дейін созылатын ұзындығы 6,5 км бөгеттің құрылысын бақылады. Бұл нысанда 80-нен астам техника жұмылдырылып, жұмыстардың 70%-дан астамы аяқталды.

Кейін вице-премьер мен облыс әкімі Қосшы қаласына жақын орналасқан Тайтөбе ауылындағы қорғаныс бөгетін көрді. Ауылда шамамен 7 мың адам тұрады. Бұл бөгет ауылды қар және Нұра бассейні суынан қорғау мақсатында салынған. Мұндағы жұмыстар өткен жылы аяқталған. Қазіргі уақытта қар шығару және қаптарға инертті материал дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қанат Бозымбаев Нұра мен Есіл өзендерінің тоғысындағы Преображенское гидроқұрылымының жағдайымен және Талапкер ауылы арқылы өтетін су бұру арнасының жағалауын нығайту жұмыстарымен танысты.

Ақмола облысында барлығы 144 су тасқыны қаупі төнген елді мекен бар. Облыс әкімдігінің мәліметінше, көктемгі кезеңге дайындық аясында 175 елді мекенде алдын алу шаралары жүргізілді. Биыл қардың екі есе көп шығарылғаны – 1,2 млн текше метр баяндалды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, өткен жылғы су тасқынын ескере отырып, өңірде су тасқынына қарсы шаралар үш есе күшейтілді.

107,4 км су бұру арналары салынды, 38 км өзен арналары тазартылды, 35 км-ден астам қауіпті учаскелерде жағалауды нығайту және өзен аңғарларын тереңдету жұмыстары жүргізілді.131 км бөгет бекітіліп, 21 км-ден астам қорғаныс бөгеті тұрғызылды, 336 су өткізу құрылысы салынды.

Көкшетауда Қылшақты өзенінің аңғарын тереңдету жұмыстары атқарылды. Атбасар қаласындағы Жабай өзенінің арнасы құмды шөгінділер мен өсімдіктерден тазартылды. Осындай жұмыстар астана іргесінде де жүргізілді. Целиноград ауданында Есіл мен Нұра өзендерінің аса маңызды учаскелерінде жағалау бекітіліп, су арнасы кеңейтілді.

Үкіметтің қолдауымен «Демеу Қазақстан қоры» қаражаты есебінен үш гидротехникалық құрылысты жөндеу және салу, Жабай, Шағалалы және Колутон өзендерінің түбін тазарту және жағалауларын нығайту жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Атбасар ауданында қосымша шаралар жалғасуда. Жабай өзенін түзеу және тазарту бойынша алдыңғы кезектегі жұмыстар қолға алынды.

Жалпы, орындалған жұмыстардың ұзындығы 30 км-ден асты.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев көктемгі су тасқыны кезеңіне қажетті техника мен жеке құрамды дайындауды тапсырды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button